Accessibility links

Орал маңында Жайық деңгейі 34 сантиметрге көтеріліп, қауіпті межеге жуықтады


Батыс Қазақстан облысындағы су тасқыны.
Батыс Қазақстан облысындағы су тасқыны.

Өткен тәулікте Орал қаласы маңында Жайық өзенінің деңгейі 34 сантиметрге көтеріліп, 8,28 метрге жетті. 8,5 метр қауіпті меже саналады.

Осы айдың басында су тасқынының алғашқы толқынынан зардап шеккен Жайықтың сағасы – Шаған өзені жағасындағы саяжайларды қайта су басып жатыр. Самал, Телеорталық, ПМК аудандарындағы саяжайлар су астында қалды.

—Кеше бір түннің ішінде Шаған деңгейі 10 сантиметрге көтерілді, үйлерімізді судан құтқаратын шығар деп әкімдіктен көмек күткенбіз. Бүгін "жүзіп жүрміз", – деді тұрғындардың бірі Алла Иванова.

Оның сөзінше, 20 сәуір таңға қарай су бағбандық серіктестіктегі үйлерге кіріп, әлі де тоқтамаған. Саяжай тұрғындарының айтуынша, Жайық көтерілгендіктен Шаған да асып-тасып жатыр.

19 сәуірде кешке Оралда Телеорталық ауданындағы саяжайларды да су басқан. Самал тұрғындары да үйлеріне су кіргенін айтты. Онда кейбір үйлер үш аптадан бері су астында жатыр.

—Үйімізді 2 сәуірде су алған, ол кезде ағыстың жоғары жағында мұз жарған еді. Сондағы көпір бітеліп қалып, үйлерге су кірді. Содан бері су кеткен жоқ. Енді міне жаңа толқын келіп жатыр, — дейді "Бирюс" бағбан серіктестігінің тұрғыны Елена.

Жайық жағасындағы бірінші, екінші және үшінші саяжай массивтерін де су басып жатыр. Бір бөлігі өткен аптада су астында қалған.

Орал тұрғындары биліктен көмек сұрайды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:21 0:00

Орал әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев қалаға жағаны бекітетін қаптар мен топырақ жетіспей жатқанын айтты. Оның сөзінше, қаланың мүмкіндіктері шектеулі – сондықтан ол саяжай тұрғындарына техника мен "біраз қаптар" ғана бере алады. Шенеуніктің айтуынша, топырақ сатып алып, бөгет салу жұмыстарын тұрғындардың өздері істеуі керек.

Қала маңында Жайықтың 8,5 метрге көтерілуі қауіпті меже саналады. Өзен деңгейі одан асса қала аумағын су ала бастайды. Биліктің болжамынша, су тасқынының екінші кезеңінде Жайық 11 метрге дейін көтерілуі мүмкін.

Батыс Қазақстан облысының төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 20 сәуір күнгі жағдай бойынша 50 саяжай қауымдастығын (2921 үй) су басқан. Аймақтан жалпы 13,7 мың адам эвакуацияланған. Эвапункттерде шамамен 2,5 мың адам тұрып жатыр.

Биылғы су тасқыны кейінгі ондаған жылдардағы ең ірі тасқын ретінде аталып отыр. Наурыздың соңынан бері елдің батысы мен солтүстігінде 118 мыңнан астам адам эвакуацияланған.

Қазақстан үкіметі бұған дейін Жайықтың жоғарғы бөлігі және Сақмардан Батыс Қазақстан облысына су сәуірдің 15-інен кейін кейін келетінін айтқан. Кейін бұл болжамға сәл түзету енгізіліп, топан су 20-ынан кейін келетіндігі айтылды.

XS
SM
MD
LG