Accessibility links

Ресей әскері Украинаны атқылады. Николаев қаласында қонақүй қирады


Соққы жасалған Николаевтағы қонақүй. 28 сәуір 2024 жыл.
Соққы жасалған Николаевтағы қонақүй. 28 сәуір 2024 жыл.

Ресей әскері өткен тәулікте Украинаның елді мекендері мен әскери нысандарын атқылады. Шабуыл кезінде 32 ракета пайдаланылған, әуеден 64 соққы жасалған, дүркіндете ататын жүйе 60 рет атқыланған. Украина әскерінің таңертеңгі хабарламасында осындай мәлімет айтылады.

Ақпаратқа қарағанда, бейбіт халық арасында жараланғандар бар. Жеке және көп қабатты тұрғын үйлер қираған, азаматтық инфрақұрылым нысандары да бүлінген.

Украина әуе күштерінің мәліметінше, Ресей әскері аннексияланған Қырымның Чауда мүйісінен төрт дрон ұшырған. Аннексияланған Херсон облысынан да бес дрон көтерілген. Белгород облысынан С-300 ракетасы жіберілген.

Жексенбіге қараған түні Николаев қаласына соққы жасалып, қонақүйден өрт шыққан. Бұл жөнінде облыстық әскери әкімшілігінің жетекшісі Виталий Ким хабарлады. Оның сөзінше, қонақүйге жақын орналасқан тағы бір отель, көліктер мен азаматтық инфрақұрылым нысандары да бүлінген. Ешкім зардап шекпеген.

Кимнің хабарлауынша, бірде-бір әскери нысан жоқ қаланың тарихи бөлігіне соққы жасалған.

"Бұл біздің бизнесімізге, экономикамызға жасалған шабуыл" деді шенеунік телеграм-арнада.

Ресейдің мемлекеттік РИА "Новости" агенттігі Ресей әскері Николаев қаласында шетел жалдамалы әскері орналасқан қонақүй мен кеме жасайтын зауытқа шабуыл жасағанын жазды.

Соғыс жағдайында тараптардың ақпаратын тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру қиын.

XS
SM
MD
LG