Accessibility links

"Үлкен жетілік" елдері Ресей активтерін пайдалану бойынша коммюнике жобасын әзірледі


"Үлкен жетілік" елдерінің тулары
"Үлкен жетілік" елдерінің тулары

Ресей Украинаға келтірген шығын көлемін өтемейінше "Үлкен жетілік" елдеріндегі Ресей активтері бұғатталған күйі қала береді. Италияда 24-25 мамыр күндері өткен "Үлкен жетілік" елдерінің қаржы министрлерінің кездесуінен кейін таныстырылған коммюнике жобасында осылай деп жазылған. Құжаттармен Bloomberg және Reuters агенттіктері танысып шықты.

Агенттіктер жариялаған үзіндіге қарағанда, кездесу кезінде тыйым салынған ресейлік активтерден түскен шамамен 300 миллиард доллар қаражатты пайдалану жолдары таныстырылған. Осы ұсыныстар Италияның Апулия облысында 13-15 маусымда өтетін "Үлкен жетілік" елдері басшыларының саммиті кезінде талқыланады.

"Үлкен жетілік" елдерінің қаржы министрлерінің кездесуі 24 мамырда басталған. Сенбі күні министрлер активтерді Киевке беру жоспарының алғашқы нұсқасын мақұлдайды. Reuters мәліметінше, заңнамалық және техникалық мәселелер өте көп болғандықтан жай-жапсары толық жазылған келісім болмауы мүмкін. 25 мамыр күнгі кездесуге Украинаның қаржы министрі қатысуы керек.

Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін бұғатталған ресейлік активтерді пайдалану жоспарын 21 сәуірде Еуроодақ мақұлдаған. Аталған схема аясында Украинаға 3 млрд еуро қаражат берілуі керек.

ЕО-да ресейлік активтерді пайдалану схемасы бойынша келіссөздер бірнеше айға созылған: заңнамалық мәселелерден бөлек, одаққа мүше елдер қаржы жүйесінің тұрақтылығына алаңдап, Ресейдің "қарымта" жауабынан қауіптенген. Кірісті тәркілеу шілде айында басталады.

Кремль ЕО-ның шешімін экспроприация деп атаған. Ресей президенті Владимир Путин 23 мамырда шығынды толтыру үшін америкалық мүліктерді пайдалану туралы жарлыққа қол қойған.

XS
SM
MD
LG