Accessibility links

Украина шақырған саммит бейбітшілікке бастай алды ма?


Украинадағы бейбітшілік мәселесіне арналған самиттің пленарлық отырысы. Бюргеншток, Швейцария, 15-16 маусым 2024 жыл.
Украинадағы бейбітшілік мәселесіне арналған самиттің пленарлық отырысы. Бюргеншток, Швейцария, 15-16 маусым 2024 жыл.

Украина шақырған саммиттің қатысушылары соғысты аяқтауды көздейтін процестің басталғанын құптады, бірақ мұндай жиынға Мәскеу де қатысқаны жөн дегенге тоқтады.

15-16 маусымда Украинадағы бейбітшілік мәселесі бойынша саммитте әлемнің 90 елінен келген өкілетті тұлғалар Еуропадағы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең үлкен кикілжіңді шешу жолдарын талқылады. Саммит қатысушылары диалог процесін бастап, алдағы уақытта екінші саммит өткізу идеясын қолдады.

Мәскеу бұл шараға шақырылған жоқ. Кремль бейбітшілік саммитін “босқа уақыт жоғалту” деп, бейбітшілікке бастайтын кез келген процестің болашағына күмән келтірді. Саммиттің қорытынды коммюникесінде Ресей тікелей аталмаса да, "бейбітшілік орнату үшін бұл процеске тараптардың бәрі қатысып, өзара диалог жүргізуі керек" деген сөз бар.

Ортақ мәлімдемеде "Осы себептен болашақта тараптардың бәрінің қатысуымен нақты қадамдар жасағымыз келеді…" делінген. Құжатта сондай-ақ кикілжіңді шешу барлық мемлекеттің территориялық тұтастығы мен тәуелсіздігін құрметтеуге негізделуі керегі айтылады.

Бейбітшілік орнату процесін ультиматуммен бастауға болмайды дейді украин сарапшысы Владимир Фесенко.
Бейбітшілік орнату процесін ультиматуммен бастауға болмайды дейді украин сарапшысы Владимир Фесенко.

"Бұл — БҰҰ жарғысы мен халықаралық құқыққа құрмет негізінде бейбіт процесті бастауға жол ашатын бірінші саммит. Қатысушылардың көбі алдағы уақытта [Ресей және Украинаның қатысуымен] тағы бір шара өткізу керек деп тарқасты. Бірақ тараптар алдын-ала шарттар мен ультиматум қоймауы керек", — дейді украин сарапшысы, “Пента” саяси зерттеулер орталығының директоры Владимир Фесенко.

15 маусымда саммиттің бірінші сессиясынан кейін журналистер сұрағына жауап берген Украина президенті Владимир Зеленский "Мәскеу бейбітшілікті қаласа, соғыс болмас еді. Сол себепті мұнда Ресей жоқ" деді.

РЕСЕЙДІҢ КӨЗҚАРАСЫ

Швейцариядағы бейбітшілік саммиті қарсаңында Мәскеуде өткен жиында Ресей президенті Владимир Путин Украинамен бейбітшілікті қалай елестететінін түсіндірді. Оның сөзінше, Киев Ресей дәмеленіп отырған украин жерлерінен босатып, НАТО-ға кіру ниетінен бас тартқанда, Мәскеу оқ атуды тоқтатып, келіссөз бастайды.

Путин бейбіт келісім үшін Украинаның Донецк, Луганск, Херсон, Запорожье, Қырым облыстарын Ресей жері деп мойындауды және Мәскеуге қарсы салынған санкцияларды алып тастауды талап етіп отыр.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков 16 маусымда Кремль Зеленскийді легитимді басшы санамайтынын, онымен келіссөз жүргізбейтінін айтты.

Ресей президенті Владимир Путин 14 маусым күні Мәскеуде өткен шарада Украинадағы соғысты аяқтау шарттарын айтты.
Ресей президенті Владимир Путин 14 маусым күні Мәскеуде өткен шарада Украинадағы соғысты аяқтау шарттарын айтты.

Украина мен Швейцариядағы саммит қатысушыларының көбі Путин мәлімдемесін сынады. Олар мұны бейбіт шараның шырқын бұзатын ультиматум деп қабылдады.

"Путин бұл сөзі арқылы бейбітшілік орнататын келіссөз бастауға дайын екенін көрсетіп отырған жоқ. Ол Украинаның жеңілісін немесе соғыстың жалғасуын қалап отыр. Путин күшпен тартып ала алмаған дүниесіне келіссөздер арқылы қол жеткізіп, мұны "ортақ келісім" деп көрсеткісі келеді, — дейді ресейлік саясаттанушы Иван Преображенский.

"Путиннің айтқаны — келіссөзге ұсыныс емес, алдын-ала шарт, ультиматум. Нағыз бейбіт процесс алдын-ала шарттарсыз басталады" дейді сарапшы Фесенко.

Deutsche Welle журналисі Константин Эггерттің пікірінше, Путин бейбітшілікті қаламайды, ол дегеніне жеткенше жалықпай күресе береді.

ҚЫТАЙ МҮДДЕСІ

Ресейдің басты геосаяси одақтасы Қытай Швейцариядағы саммитке қатысқан жоқ. Пекин Бразилиямен бірге Ресей мен Украинаның қатысуымен өтетін балама процесс ұсынды. Қытай өз мәлімдемелерінде бейбіт келісім ұлттық тәуелсіздікке құрметке негізделуі керек деді. Бірақ Украинаның территориялық тұтастығы туралы ештеңе айтпады.

Ресейлік саясаттанушы Александр Морозов Пекин Ресей мен Украина арасында араағайын болғысы келсе, Швейцариядағы саммиттің "жетістігін" ескеруі керек дейді.

Қытай президенті Си Цзиньпин мен Ресей президенті Владимир Путин Пекинде. 2024 жылғы мамыр.
Қытай президенті Си Цзиньпин мен Ресей президенті Владимир Путин Пекинде. 2024 жылғы мамыр.

"Қазір Украинадағы соғыс мәселесі көп елдің күн тәртібінде тұр" дейді сарапшы. Морозовтың пікірінше, саммит қатысушылары Украинаның территориялық тұтастығын қолдап мәлімдеме жасағанын елемеуге болмайды.

Преображенский Пекиннің Мәскеуге ықпалы барын, бірақ Қытай Ресейді стратегиялық бағытын өзгертуге көндіре алмайтынын айтады. Сарапшының сөзінше, Пекин Украинадағы бейбітшілікті қаламауы да мүмкін.

Ресейлік саясаттанушы Иван Преображенский.
Ресейлік саясаттанушы Иван Преображенский.

"Пекин Украинадағы кикілжіңнің шешілуіне құлықты емес. Оның мүддесі басқа. Оған қазіргі жағдай тиімді. Ресей бұл соғыста толық жеңілмеуі керек, бірақ Пекин оның жеңгенін де қаламайды" дейді ол.

САУД АРАБИЯСЫНЫҢ НЕ ҚАТЫСЫ БАР?

Швейцарияға барар жолда Зеленский күтпеген жерден Сауд Арабиясына тоқтап, оларды саммитке қатысуға көндірді. Киев Қытай мен Ресей қатысатын келесі бейбітшілік конференциясын Сауд Арабиясында өткізгісі келеді деген ақпарат бар.

15 маусымда Сауд Арабиясының сыртқы істер министрі Фейсал бин Фархан әл-Сауд ханзада саммит кикілжіңді саяси жолмен шешуге жол ашады деп үміттенетінін айтты. Ол бейбітшілік үшін қиын ортақ келісімдерге келуге тура келетінін ескертті.

"Сенім артуға тұрарлық кез келген процесс Ресейдің қатысуынсыз өтпеуі керек" деді ол.

Украина президенті Владимир Зеленский мен Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бин Салман Жидда қаласындағы кездесуде. 12 маусым 2024 жыл.
Украина президенті Владимир Зеленский мен Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бин Салман Жидда қаласындағы кездесуде. 12 маусым 2024 жыл.

Сарапшы Фесенконың айтуынша, Швейцариядағы саммит әскери тұтқындарды босату немесе Ресейге заңсыз әкетілген украин балаларын қайтару сияқты мәселелерде келісімге келуге болатынын көрсетті.

"Бірақ кей сұрақтар бойынша компромиске келу мүмкін емес. Соның ішінде оккупацияланған аумақтардың мәртебесі де бар" дейді ол.

Сауд Арабиясы "ғаламдық саммитті" жалғастыруы мүмкін, бұл бастаманы Еуроодақ та қолдап отыр дейді Фесенко.

Швейцариядағы саммитке дейінгі процесс Ресей, Украина мен басқа мемлекеттердің қатысуымен өтетін бейресми кездесулер деңгейінде қалып кетуі мүмкін еді.

"Онда бұл бейбіт келіссөздер емес, болашақ келіссөздер форматы жайлы сөйлесуге талпыныс болар еді" дейді сарапшы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG