Accessibility links

Канада Навальный қазасына байланысты Ресей азаматтарына санкция салды


Алексей Навальныйдың қабір басындағы фотосы мен марқұммен қоштасуға келген жұрт қойған гүл. Мәскеудегі Борисов зираты, 1 наурыз, 2024 жыл.
Алексей Навальныйдың қабір басындағы фотосы мен марқұммен қоштасуға келген жұрт қойған гүл. Мәскеудегі Борисов зираты, 1 наурыз, 2024 жыл.

Канада Ресейдің Ямал-Ненец автономды округіндегі түрмеде биыл ақпан айында көз жұмған оппозиционер Алексей Навальныйдың қазасына қатысы бар деген күдікке ілінген 13 адамға санкция салды.

Канада сыртқы істер министрлігі санкциялар 2020 жылы Навальныйды "Новичок" уымен улауға, 2021 жылы саясаткерді Мәскеу әуежайында заңсыз ұстауға, түрмеде отырғанда оның құқықтары сақталмағанына байланысты салынды дейді. Бұдан бөлек, санкция салуға Ресей билігінің оппозиционердің сүйегін жақындарына кеш бергені және оның қазасына не себеп болғанын тергеуден бас тартқаны әсер етті деді.

Санкция тізімінде Ямал-Ненец автономды округіндегі тергеу комитетінің басқарма басшысы Андрей Егоров, оның орынбасары Дмитрий Цымбаленко, "саясаткердің сүйегін анасына беруге кедергі келтірген" олардың әріптесі Эдгар Серопян, "саясаткерді улауға қатысы бар" деген күдікке ілінген федералды қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) агенті Алексей Александров бар.

Канада СІМ басшысы Мелани Жоли бұл туралы саясаткердің жесірі Юлия Навальнаяға өзі хабарлаған. Санкцияға іліккендер енді Канадаға кіре алмайды. Бұдан бөлек, Канаданың кез келген азаматына санкция тізіміндегі адамдармен мүлікке қатысты мәміле жасасуға, оларға қандай болмасын тауар беруге және қаржы бойынша қызмет көрсетуге тыйым салынады.

Ресейлік оппозиционер Алексей Навальный биыл 16 ақпанда Ресейдің Харп ауылындағы тәртібі қатаң түрмеде көз жұмған. Оппозиционердің жақтастары "Навальныйды өлтірді" деп билікті айыптайды. Ресей билігі саясаткер "өз ажалынан қайтыс болған" дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG