Accessibility links

KASE өз акциясын сату алу үшін Мәскеу биржасымен келіссөз өткізбек


Мәскеу биржасы ғимаратындағы жазу
Мәскеу биржасы ғимаратындағы жазу

Қазақстан қор биржасы (KASE) АҚШ санкцияларына ұшыраған Мәскеу биржасымен (МОЕХ) өз акцияларын сатып алу мүмкіндігі туралы келіссөз жүргізуге ынтық болып отыр.

KASE акцияларының 13,1 пайызына Мәскеу биржасы ие. Ал 46,9 пайызы – Қазақстан Ұлттық банкінің иелігінде.

"Халықаралық заң кеңесшісінің қатысуымен жүргізілген талдау қорытындысы бойынша, қазақстандық қаржы инфрақұрылымының үздіксіз қызметін қамтамасыз ету мақсатында биржа акцияларын МОЕХ-тен өзі сатып алу немесе KASE келісімі бойынша үшінші тұлғаларға сату мүмкіндігі туралы келіссөз жүргізуді жоспарлап отыр", – деп хабарлады KASE. Бұл ақпаратты қазақстандық бірқатар іскерлік басылымдар жариялады.

Биржа өз құрамында санкцияларға ұшыраған акционерлердің болуы KASE-нің және оның еншілес құрылымы "KASE клирингтік орталығының" шетелдік қаржы ұйымдарымен және әріптестерімен іскерлік байланыс орнату мен қарым-қатынасын шектейтінін атап өтті.

12 маусымда АҚШ Қаржы министрлігінің шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) Мәскеу биржасын санкциялар тізіміне енгізген соң шектеулерге кезікті.

13 маусымда Қазақстан Ұлттық банкі төрағасы Тимур Сүлейменов журналистерге елдің қаржы билігі Қазақстан қор биржасының акционері МОЕХ-қа қарсы санкциялар енгізілуіне байланысты "халықаралық кеңесшілердің кеңесіне сәйкес түрлі амалдарды" талқылап жатқанын айтқан.

Өткен аптада KASE шілде айында акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысын шақыратынын жариялады. Оның күн тәртібінде жалғыз мәселе – биржа акцияларын сатып алу кезінде олардың құнын айқындау әдістемесін өзгерту жайы талқыланбақ. Сатып алу бағасы әлі белгісіз.

Қазақстандық қаржы сарапшысы Ғалымжан Айтқазин Tengenomika telegram-арнасында Қазақстан тарапы KASE акциялары үшін артық ақша төлейтін сыңайлы деп жазды. "Бір титтей жайт бар: KASE биржасының акциялары жыл басынан бері бір акция құны 40 мың теңгеден қазіргі 86 мың теңгеге дейін, 2 еседен астам қымбаттады. Осылайша, Мәскеу биржасы үлесінің қазіргі нарықтағы құны шамамен 12,1 млрд теңге деп бағаланады. KASE биржасы мен негізгі акционері Қазақстанның Ұлттық банкіне түйткілді бір сауал: ресейлік акционерлер ерте ме, кеш пе санкцияларға ұшырайтыны былтырдан бастап белгілі болған<...>, ал үлесті сатып алуды іс біткеннен кейін ғана ойластыра бастады. Оның үстіне, санкциялық акционердің шығуы үшін тіпті нарық шартымен де айтарлықтай артық төлеуге тура келеді. Ал тіпті 2023 жылдың желтоқсанында Мәскеу биржасының үлесін нарық жағдайында сатып алғанның өзінде құны екі есе төмен болар еді" дейді сарапшы.

Мәскеу биржасы 2019 жылы KASE акцияларының 3,3 пайызын сатып алып, 2020 жылы өз үлесін 13,1 пайызға дейін жеткізген-ді. Бұл Ресей Украинаға кең ауқымды әскери басқыншылық жасағанға дейін болған. Кейін Батыс Ресейге санкциялар сала бастады.

Экономистер арасында Мәскеу биржасының KASE акцияларын сатып алудағы стратегиялық мақсат – Ресей қазақстандық биржаны өз ықпал ету аясында ұстауды көздейді деген пікір қалыптасқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG