Accessibility links

Иран президентін сайлау: реформатор Масуд Пезешкиан мен консерватор Саид Жалили алда тұр


Иран президенттігіне кандидаттар Масуд Пезешкиан (сол жақта) пен Саид Жалилидің суреттерінен коллаж
Иран президенттігіне кандидаттар Масуд Пезешкиан (сол жақта) пен Саид Жалилидің суреттерінен коллаж

Иранда кезектен тыс президент сайлауында реформатор Масуд Пезешкиан мен консерватор Саид Жалили көш бастап тұр, деп хабарлады Иранның Tasnim агенттігі.

Қазіргі мәліметтерге сәйкес, Пезешкиан – 8,3 миллион, Жалили – 7,2 миллионға жуық дауыс жиған. Олардың бәсекелестері – парламент спикері Мұхаммед Багер Галибафты жақтап шамамен 2,7 миллион адам, ал шиит дін қызметкері Мостафа Пурмохаммадиге қолдау білдіріп 160 мың адам дауыс берген.

Иранда әйелдер мен радикал оппозиционерлерге сайлауға түсуге тыйым салынады.

Президент сайлауға дауыс беру құқығына 61 миллионнан астам Иран азаматы ие. Алайда, өткен осыған ұқсас сайлауда дауыс бергендер рекордтық деңгейде төмен болды: сайлаушылардың 49 пайызы ғана қатысты. Бұған қоса сайлау бюллетенін бүлдіргендер көп болды.

Оппозиция биылғы сайлауды цирк деп атап, бойкот жариялауға шақырды. Кейінгі апталарда ирандықтар әлеуметтік желілерде #ElectionCircus хэштегін кеңінен қолданып жатыр.

Егер ешбір кандидат сайлаушылардың жартысынан көбінің даусын алмаса, сайлауда екінші тур болады. Ол бір аптадан кейін өтеді, оған бірінші турда ең көп дауыс жиған екі кандидат қатысады.

Сайлауалды сауалнама қорытындылары Пезешкиан аздаған басымдықпен жеңіске жетеді және екінші тур болады деп көрсетті. Иран тарихында президент сайлаудың екінші туры тек бір-ақ рет – 2005 жылы болған.

2024 жылдың мамырында Иран президенті Эбрахим Раиси ұшақ апатынан мерт болғаннан кейін кезектен тыс сайлау белгіленді. Иранда президент – өте шектеулі өкілеттіктері бар үкімет басшысы, бірақ ол Батыс елдерімен қарым-қатынастың ауанына ықпал ете алатын тұлға.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG