Accessibility links

"АЭС-тің экологиялық зардаптары туралы айтпайсыздар". Атом станциясы құрылысына қатысты Атырауда жария талқылау өтті


Қазақстанда АЭС салу мәселесі бойынша Атырауда өткен жария талқылау. Жұрт спикерлерге сұрақ қойып жатыр. 17 шілде 2024 жыл.
Қазақстанда АЭС салу мәселесі бойынша Атырауда өткен жария талқылау. Жұрт спикерлерге сұрақ қойып жатыр. 17 шілде 2024 жыл.

17 шілдеде Атырау мұнай және газ институты базасындағы Нұрлан Балғымбаев атындағы даму және коммуникациялар орталығында Қазақстанда АЭС салу мәселесі бойынша жария талқылау өтті.

Таңертеңгі сағат 10-да басталған жиын түскі сағат 12.30-да аяқталды. Жиынға шамамен жүзден астам адам қатысты. Арасында жергілікті тұрғындар мен қоғам белсенділері, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, экологтар мен энергетиктер, ардагерлер кеңесінің мүшелері мен жергілікті университет пен колледждер оқытушылары да болды.

Жиын барысында атом саласының сарапшылары әлемдегі АЭС-тер туралы және Қазақстандағы АЭС құрылысына дайындық жайында баяндамаларын оқып, "АЭС салынған жағдайда заманауи, қауіпсіз реакторлық технологиялар қолданылатынына" тоқталды. Жария талқылауға сарапшы ретінде «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС мен ядролық физика институтының басшылары мен жетекші мамандары шақырылған. Залдағы акустиканың нашарлығынан баяндамашылардың сөзі жаңғырып, анық естілмеді. Жиналғандардың кейбірі "дауыс естілмейді" деп айқайлап, оларды қаттырақ сөйлеуге шақырды.

Баяндамашылар сөзін аяқтағаннан кейін сұрақ қою сәті келген кезде ортадағы микрофонның істемей тұрғаны белгілі болды. Осылайша сауал қоюшылар жиын модераторларының жанына барып сөйлеуге мәжбүр болды.

Алғашқы болып сұрақ қойған Қалыбек Таңатар есімді зейнеткер АЭС құрылысына қарсы екенін айтып, Ресей Қазақстанда АЭС салу туралы айтқалы бірнеше айдан бері осындай жиындарда халықты "АЭС жұмысы қауіпсіз" екеніне көндіруді көздеп жүргенін сынады.

АЭС салуға қарсылығын білдірген экобелсенді Шынар Ізтелеуова ядролық технологиялардың ең қауіпті екенін айтып, энергетика министрлігін халықты алдамауға шақырды.

«Сіздер АЭС-тің тек артықшылықтарын көрсетіп, экологиялық зардаптары туралы айтпадыңыздар» деп кейіді Ізтелеуова. Сондай-ақ, ол ядролық қалдықтарды сақтау мәселесі жөнінде де сұрады. "Сыбайлас жемқорлық жайлаған елде АЭС қалай салынатынын білеміз" деген кезде Ізтелеуованың ммикрофоны істемей қалды.

Жиында сөйлеген атом саласының мамандары "АЭС қауіпсіздігі" жөнінде көбірек айтты. «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин өндірілген ядролық отын қалдық боп саналмайтынын айтып, қазір екі кезеңдік отындық циклдың, яғни пайдаланылған ядролық отынды өндіру, өңдеу және кәдеге жарату жөніндегі іс-шаралар кешені қолға алынғанын алға тартты.

Атыраулық белсенді Макс Боқай "АЭС бойынша қай елдің технологиясы мықты саналады" деген сұрақ қойды. Сұраққа жауап берген Алматы қаласындағы ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев "әлемде су энергетикалық реакторы ең қауіпсіз технология саналады" деді. Белсенді "уран байытатын өндіріс жасай алмай алмасақ, АЭС-ты қалай саламыз? Шикі уран сатуда бірінші орындамыз. Мүмкін шикі уранды байытатын технологияларды алып келіп, содан кейін барып АЭС-ке көшерміз?" деді. Дегенмен оған нақты жауап ала алмады. Энергетика министрлігі өкілі Гүлмира Мурсалова "Қазақстан шикі ураннан бөлек, ядролық отын дайындайтынын да" айтты.

«Глобус» экологиялық-құқықтық бастамалар орталығы қоғамдық бірлестігінің директоры Галина Чернова Фукусима мен Чернобыль апаттары адамдарды АЭС-ке сақтықпен қарауға мәжбүрлегенін атап өтті. Оның айтуынша, АЭС салынатын Балқаш маңындағы Үлкен ауылы "жоғары сейсмикалық аймақ". Бұған қоса, экологтар суы пайдаланылады делінген Балқаш көлінің тартылып бара жатқанына алаңдап отырғанын ескертті. Модератор Мұрат Өтешов сұрақ қоюшыларға регламент туралы жиі ескертіп отырды.

Жиын соңына қарай АЭС салуды қолдағандар да микрофонға кезекке тұрды. Бұған дейін жиынды аяқтауға асыққан модератор оларға кедергі болмады. Кезекте тұрған бір-екеуін тіпті өздері микрофонға қарай шақырды.

Бұған дейін осыған ұқсас жария талқылаулар Ақтау, Қарағанды, Үлкен ауылы, Түркістан, Жезқазған, Шымкент, Ақтөбе қалаларында өткен.

  • Қазақстан билігі Балқаш көлі маңына атом электр станциясын салуды жоспарлап отыр. Тоқаев қоғам сынынан соң АЭС салу мәселесі бойынша түпкілікті шешім референдум арқылы қабылданатынын айтқан.
  • Ресми Астана "АЭС Қазақстанды энергетика дағдарысынан құтқарады" десе, экологтар "суы онсыз да тартылып жатқан Балқашқа атом станциясын салу қауіпті" дейді.
  • "АЭС салуға қолайлы орын" деп танылған Алматы облысы Үлкен ауылында былтыр тамызда АЭС бойынша жария талқы өтіп, қарама-қайшы көзқарастағы адамдардың айқай-шуымен аяқталған. Шарадан кейін энергетика министрлігі "Үлкен ауылының тұрғындары АЭС-ті қолдайды" деп мәлімдеді. Ал оған қатысқан өзге өңірлерден барған экологтар, белсенділер "АЭС салу мәселесін тек Үлкен емес, тұтас республика халқы шешуі керек" деп айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG