Қазақстан үкіметі 2024 жылғы бюджет тапшылығын жабу үшін Ұлттық қордан шамамен 1,5 трлн теңгеден 2 трлн теңгеге дейін ақша алуды жоспарлап отыр. Бұл туралы ұлттық экономика министрінің орынбасары Азамат Әмрин 12 қыркүйекте мәжіліс кулуарында мәлімдеді.
"Биылға бізде 2 трлн теңге бюджет бекітілген. Бұл – кепілді трансферт, ал 1,6 трлн теңге – мақсатты трансферт. Қазір енді қосымша трансферт есептеліп жатыр" деді ол. Вице-министрдің сөзін "Власть" сайты жариялады.
Әмрин Ұлттық қордан нақты қанша ақша алынатыны әлі есептелетінін айтады. Бірақ министрліктің есебінше, бұл сома 1,5-2 трлн теңге болмақ.
Бұған дейін ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров та үкімет биылғы бюджет тапшылығын жабу үшін Ұлттық қордан ақша алынатынын айтқан.
Маусымда қаржы министрлігі Ұлттық қорда 65,7 млрд доллар (шамамен 31 трлн теңге) бар деп мәлімдеген еді.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүған дейін Ұлттық қордан ақша алуды шектеуді бірнеше рет айтып, 2029 жылға дейін қордағы ақшаны 100 млрд долларға жеткізуді тапсырған.
ПІКІРЛЕР