Accessibility links

16 жастағы Шерзат Полаттың қазасы: Талғарда бірқатар шенеуніктер қызметтен босатылды


Аслан Қасымбаев
Аслан Қасымбаев

Алматы облысы Талғар ауданы әкімдігі ресми сайтында Талғар ауданы әкімдігінің аппарат жетекшісі қызметін атқарған Аслан Қасымбаев қызметінен босатылғанын хабарлады. Бұған дейін ақпарат құралдары оны Хасан Қасымбаевтың (БАҚ оны "Хутор" қылмыстық тобының жетекшісі деп атаған) бауыры деп атаған. ІІМ мұндай қылмыстық топ барын жоққа шығарып, мұндай ұйым "тіркеуде жоғын" айтқан.

Одан бөлек, Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков пен оның орынбасары Айбек Бидаевқа сөгіс берілген.

Талғар ауданының әкімі Бақыт Күрішбеков пен Талғар ауданы әкімінің орынбасары Сағындық Матан "өз міндетін тиісті дәрежеде атқармағаны үшін" қызметтерінен босатылды.

Он күн бұрын Талғардағы дүкендердің бірінің маңында жанжал болып, 16 жастағы жасөспірім мерт болған еді. Күштік құрылым өкілдері баспасөз жиынын өткізіп, бақылау камераларындағы жазбалар көрсетілген.

Баспасөз мәслихатында қазірге дейін Шерзат Полаттың өліміне қатысты 10 адамның күдікті танылғаны айтылды. Тағы екі адам қорғануға құқығы бар куәгер мәртебесіне ие.

Бірнеше іс қозғалған, арасында "Бұзақылық" бабы да бар. Шенеуніктер мәлімдемелерінде бір бөтелке сыраның кесірінен адам өлімі болды деген болжамды жоққа шығарған.

Ішкі істер министрлігінің өкілдері ұсталғандардың полицияға берген жауабы жөнінде де ештеңе айтпады, қаза болған жасөспірімнің қандай дәрежеде жарақаттанғанын да нақтыламады. Ішкі істер министрлігі тергеу басқармасы бастығының орынбасары Самат Айсов сот-медициналық сараптаманың қорытындысы әлі дайын емес екенін жеткізді.

Шерзаттың өліміне қатысты іс бойынша күдіктілердің де аты-жөні жарияланбады. Олардың арасында бұрын сотталғандар мен түрлі заңбұзушылықтар, соның ішінде бұзақылық үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар бар екені айтылады.

Алматы облысының прокуроры Берік Адамовтың айтуынша, марқұмның жақындары өткен аптада үйлері өртелмей тұрып отбасын қорғауға өтініш берген. Өрт бойынша күдіктілер анықталмаған.

  • Жергілікті ақпарат құралдарының жазуынша, қайғылы оқиға 4 қазанға қараған түні Қаржаубай Нұрымовтың отбасы жалға алып отырған дүкен маңында болған. Дүкенге келген тұтынушылардың бірі алған бір құты сыраның ақшасына бола жанжал шыққан. 16 жастағы Шерзат пен оның ағасы жақынына араша түсіп, әлгі адамның дүкеннен кетуін талап еткен. Бірақ ол таныстарына хабарласып, кейін дүкенге бірнеше көлік келген. Ақпаратқа қарағанда, әлдекімдер жасөспірім мен ағасын алдымен ұрып-соққан, кейін Шерзатқа пышақ сұққан. Туыстары зардап шеккен екеуін ауруханаға апарған, бірақ пышақ жанды жеріне тиіп, өлімші болып жараланған жасөспірім ұл ауруханада көз жұмған.
XS
SM
MD
LG