Accessibility links

«Фридом Хаус» Қазақстандағы интернеттің тұсаулануын сынайды


Қазақстан Интернет Қауымдастығының белгісі. Алматы, 18 қараша 2009 жыл.
Қазақстан Интернет Қауымдастығының белгісі. Алматы, 18 қараша 2009 жыл.

Freedom House («Фридом Хаус») халықаралық ұйымы сәуірдің 18-і күні «Интернет еркіндігі 2011. Дүниежүзі елдеріндегі интернет және санды медианы бағалау» атты қорытынды есебін жариялады.


Интернет ресурстарына кибер шабуыл жасау, саяси сипаттағы цензура және мемлекеттің бақылау орнатуы секілді қауіптер кең таралған әрі күшейіп отыр дейді ұйым есебі. Ұйым әр елдегі интернет еркіндігіне интернетті пайдалануға қойылған кедергілер, интернет контентке шектеу қою және интернетті тұтынушылар құқының бұзылуына қарай баға берген.

ОРТАША АЙЛЫҚ – 90 ДОЛЛАР, ИНТЕРНЕТ АҚЫСЫ – 30 ДОЛЛАР

Қазақстанда өткен он жылда интернетті пайдаланушылар саны жылдам өскен. 2000 жылы халықтың 0,7 пайызы интернетті пайдаланса, бұл көрсеткіш 2010 жылдың аяғына қарай 28 пайызға артып, 4,3 миллион адамды құраған. Осы 4,3 миллион пайдаланушының 92 пайызы интернетті айына бірнеше мәрте қолданады екен. Интернет пайдаланушылардың 94
Интернет пайдаланушылардың 94 пайызы - орыс тілді тұрғын, тек 4,5 пайызы ғана - қазақ тілді
пайызы - орыс тілді тұрғын, тек 4,5 пайызы ғана - қазақ тілді. Сонымен қатар, интернетті қалалы жердің халқы еркін қолдана алады. Бірақ көптеген жұмыс берушілер еңбек өнімділігін арттыру мақсатында қызметкерлеріне интернетті пайдалануға шектеу қоятынын да жазады ұйым есебі. Сол себепті соңғы уақытта интернетті үйде пайдаланушылардың саны арта түскен. Дегенмен, халықтың орташа айлық табысы 90 АҚШ долларын құрайтындықтан, Қазақстандағы ең басты интернет провайдері мемлекеттік «Қазақтелеком» компаниясы ұсынатын 30 АҚШ доллары шамасындағы интернет қызметіне екінің бірінің шамасы жете бермейді дейді Freedom House.

Ал халық 2010 жылы ең көп кірген бес сайттың ішінде Ресейлік Вконтакте.ру әлеуметтік желісі енген. Сондай-ақ YouTube вебсайттары мен Twitter микроблог қызметін де пайдалану артып келе жатыр дейді.

«АСАУҒА – ТҰСАУ»

Алайда, кейбір интернет русурстарына билік тарапынан шектеу қою да тыйылмай отыр. 2008 жылдың қазан айында халықаралық LiveJournal блог-хостингі бұғауланып қалды. Интернет қызметін ұсынатын провайдерлер – «Қазақтелеком» және «Нұрсат» компаниялары бұған өздерінің қатысы жоқтығын мәлімдеген. Ал 2010 жылдың соңына қарай, ЕҚЫҰ саммиті басталардың алдында LiveJournal Рахат Әлиевтің жеке блогына тосқауыл қойды. Бұған биліктің қысым жасауы әсер еткен болуы мүмкін дейді ұйым. «Жалпы, Қазақстан билігі ара-тұра болса да интернетке бақылау орнатып келеді және ол алдағы жылдары да күшеймесе, азаймайды» деп болжам жасалған ұйым есебінде.

Қазақстандағы интернет ресурстарына үш түрлі «амалмен» шектеу қойылады немесе цензураға алынады. Біріншісі – «Қазақтелеком» тарапынан болатын техникалық себептер, екіншісі – .kz атауын жою және соңғы кездерде
Қазақстандағы интернет ресурстарына үш түрлі «амалмен» шектеу қойылады немесе цензураға алынады
қудалаудан қауіптенген хостингтік компаниялардың өздерінің шектеу қоюлары. Бұның ішінде «Қазақтелеком» тарапынан жасалатын шектеулер кең таралған. Мысалға, Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің ісінен кейін президенттің отбасына қатысты барлық дүние «Қазақтелеком» арқылы сүзгіден өтіп тұрады. Ал 2007 жылдың қазанында оппозициялық пиғылда делінген Kub.kz, Zonakz.net, Geo.kz және Inkar.info веб-сайттары жоғары шенді тұлғалардың телефон-әңгімелерін жариялағаннан кейін жабылған болатын.

БЕЛСЕНДІЛІК БОЛМАСА, БОСТАНДЫҚ БОЛМАЙДЫ

Елде интернет ресурстары мен оны пайдалану еркіндігіне мониторинг жасайтын қоғамдық ұйымдардың белсенділігі төмен. «Әділ сөз», «Интерньюс» және «Медианет» сияқты қоғамдық ұйымдар Қазақстандағы сөз бостандығы мен интернетке қатысты соңғы тенденцияларды бақылап отырады. Бірақ мұндай қоғамдық ұйымдар мен блогшылар қауымдастығының өзара бірлесіп жұмыс істемеуі және бір-бірінің қажеттілігін түсінбеушілігі көрші Қырғызстандай емес, Қазақстанда саяси белсенділіктің кенжелеп қалуына душар етеді дейді Freedom House.

«БАТЫСҚА КІМНІҢ АЙҒАЙЫ БІРІНШІ ЖЕТЕДІ?»

Abai.kz сайтының бас редакторы Дәурен Қуат «Фридом хаус» баяндамасының біржақты шыққанын айтады. Оның пікірінше, Батыс сарапшылары қазақ баспасөзінің шынайы хал-ахуалынан бейхабар.

- Түрлі елшілік, «Фридом хауc» сияқты ұйым өкілдермен кездесу барысында байқайтыным, олар көп ретте Қазақстандағы сөз бостандығы мен баспасөз мәдениетінің, оның атқаратын қызметін осы Қазақстанда Ресейден тарайтын орыс баспасөз ахуалымен ғана бағалайды. Олар (ұйым өкілдері – Азаттық)
Әрине, өздерін «оппозицияшыл топпыз, оппозицияның басылымымыз, соның үніміз» деп жүргендердің дауысы жетеді
қазақ баспасөзінің өкілімен тікелей кездесіп, сөйлесіп, олардың жай жапсарын біліп жатқан жоқ. Көп ретте олардың бағалауларын біржақты бағалау деп есептеймін. Батысқа кімнің айғайы бірінші жетеді? Әрине, өздерін «оппозицияшыл топпыз, оппозицияның басылымымыз, соның үніміз» деп жүргендердің дауысы жетеді. Және осы берілген екі-үш ақпараттың төңірегінде көп ретте сондай қорытындылар жасалып жатады.

Сұхбаттасымыздың пікірінше, қазіргі кезде заң аясында қызмет ететін интернет-басылымдардың жұмыс істеуіне Қазақстанда мүмкіндік бар.

- Мысалы, Abai.kz сайтын айтатын болсам, «мына тақырыпты жазуға болмайды, мына тақырыпты үйтуге болмайды, алып тастаңдар» деген сияқты әңгіме болмайды. Бірақ біз заң аясында, Конституцияда белгіленген баптар бойынша, соны сақтай отырып жұмыс жасауға тырысамыз. Сондықтан бізге ешқандай заң орындарынан немесе билік тарапынан, әміршіл-әкімшіл жүйе тарапынан ешқандай сын-ескертпе болған жоқ. Баспасөз егер заңды дұрыс біліп, дұрыс қолдана білсе, онда барлық тақырыпты көтеруге болады, - дейді Дәурен Қуат.

Ал «Әділ сөз» баспасөз қорғау ұйымының президенті Тамара Калеева бұл пікірмен келіспейді.

- Біріншіден, бізде барлық интернет-ресурстар ақпарат құралына теңестірілді. Бұл дегеніңіз - азаматтық, әкімшілік, қылмыстық жауапкершілік. Оған қоса бұл салада шешілмеген мәселе көп. Айталық, егер интернет еркін алаң болатын болса, пікірге кім жауапты болуы тиіс? Интернет қауымдастықтардың арасындағы қарым-қатынас әлі күнге дейін түсініксіз күйде келеді. Центр тяжести порталымен болған жайтты жақсы білесіздер. Қаншама сот процестері өтті. Жабылған сайттардың әлі күнге кейін жабық күйде тұрғанын да ұмытпайық. Азаттық радиосының сайты да ірі кедергілерге ұшырады. Биліктің бұл жайттарда саяси астары бар екенін мойындамауы да жағдайды қиындата түсуде. Өткен жылы Байланыс және ақпарат министрілігінің үстінен 120 шағым түскен екен. Шағым иелері министрліктің арнайы сот шешімі шықпаса да, жабық күйде тұрған сайттарды ашу үшін ешнәрсе жасамай отырғанына шағымданды. Ақыр аяғында министрлікке ешқандай міндет жүктелген жоқ, - дегенді айтады Тамара Калеева.

Freedom House баяндамасында жазылған мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда интернет қолданушылардың саны 28 пайызға жеткен
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG