Accessibility links

Дипломаттардың кейбірі атаққа ие болса, тағы біреулері шатаққа ұрынады


Әбутәліп Ахметов, Қазақстанның Тәжікстандағы елшісі (елшіліктің сайтындағы сурет).
Әбутәліп Ахметов, Қазақстанның Тәжікстандағы елшісі (елшіліктің сайтындағы сурет).

Қазақстандық бір дипломат мас күйінде көлік жүргізгені үшін айыпталуы мүмкін, ал екіншісі Жапониядағы бәйгеде ең үздік шешен деп танылды. Мұндай жағдайлар, оқта-текте, шетелдердегі қазақстандық елшілердің жайлы өмірін астан-кестен етеді.

СЫРТҚЫ ІСТЕР МЕКЕМЕСІНДЕГІЛЕР ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЕЛШІНІҢ МІНЕЗІ ЖАҚСЫ ЕКЕНДІГІН АЙТАДЫ

Қазақстанның Тәжікстандағы елшісі Әбутәліп Ахметов әлемдік жаңалықтардың кейіпкеріне айналды. Бұл оқиға сәуірдің 6-сында, Душанбеде болды. Дипломаттардың маңдайына жазылғаны сол – олардың әрбір қадамы ақпарат құралдарының назарынан тыс қалмайды. Оның үстіне, болған оқиға адамдардың өміріне қауіп төндіргені және бар.

Тәжікстан Ішкі істер министрлігінің мемлекеттік автоинспекция басқармасы хабарлағандай, елші Әбутәліп Ахметов отырған автомобиль Душанбенің орталығында күтпеген жерден қарама-қарсы жолға атып шығып, басқа көліктермен соқтығысқан.

Оқиға бірден дау-жанжалға айналып кете жаздады. Өйткені, атын атағысы келмеген Тәжікстан ІІМ-нің қызметкері тәжік агенттігіне «Әбутәліп Ахметов рульде мас күйінде болған және оқиға салдарынан бірнеше адам ауруханаға жатқызылды» деп мәлімдеген.

Тәжікстаннан келген тағы бір хабарда тосын оқиғаға қатысты қосымша мәліметтер бар. Екі бала әртүрлі деңгейдегі жарақат алып ауруханаға түскені, ал дипломаттың миы шайқалғаны айтылған.

Азаттық радиосына берген сұхбатында Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз-хатшысы Ілияс Омаров апаттың болғанын және рульде елшінің өзі отырғанын растады. Қазақстан елшісі қаққан машиналардың бірінде балалар болған. Бірақ, Ілияс Омаровтың сөзіне қарағанда, олар ауруханаға барудан бас тартқан және олардың жағдайлары қалыпты көрінеді.

Елші мас күйінде болған ба деген сұраққа Сыртқы істер министрлігінің өкілі, хаттаманы көрмегенін, сондықтан білмейтінін айтты. Ілияс Омаров, сонымен бірге, Әбутәліп Ахметовтың көпжылдық еңбек тәжірибесі бар дипломат екенін атап өтті. Ол Сыртқы істер министрлігі жүйесінде совет кезеңінен жұмыс істейді. Ол мінезі өте жақсы және қызметті тамаша атқаратын адам ретінде сипатталады.

Әбутәліп Ахметовке баға бергенде Сыртқы істер министрлігінің өкілі «бөріктінің намысы бір» дегенге сайып, өз әріптесінің беделін қорғаштап бақты.

ЕРЕКШЕ МӘРТЕБЕГЕ ИЕ ҚОНАҚТАРДЫҢ ТОСЫН МІНЕЗДЕРІ

Шетелдерде Қазақстан дипломаттарына қатысты болған түрлі оқиғалар баспасөзде аз жазылған жоқ. Кей кездері мұндай оқиғалар қайғылы аяқталған.

2006 жылы тамыз айында Малайзиядағы Қазақстан елшілігінің екінші хатшысы Қанат Әубәкір ел астанасы Куала-Лумпур көшесінде машинамен келе жатып жол белгісіне соғылды. Апат салдарынан басынан және мойнынан ауыр жарақат алған дипломат оқиға орнында көз жұмды. Бірақ, апаттың неден болғаны анықталған жоқ.

Мұндай жағдайларға тек қазақстандық дипломаттар ғана емес, сондай-ақ, Қазақстандағы шетелдік дипломаттар да кезігіп жатады.

2007 жылдың қазан айында америкалық дипломат Джонсон Стивен Лариге қатысты болған оқиғаны астаналықтар әзірге ұмыта қоймаған болар. Дипломат Астананың дәл ортасында өзінің автокөлігімен жол ережесін бұзып, соның салдарынан екі қазақстандық зардап шекті.

Оқиғаға куә болғандардың көпшілігі дипломаттың мас болғанын айтады. Дипломаттарға қатысты кәдімгі шатақ жағдай болған. Америкалық дипломаттың мас екендігін көре тұра, оған тіпті медициналық тексеру жасай алмаған.

Джонсон Лари шетелдік дипломат ретінде ерекше мәртебесін пайдаланып, оқиға орнынан кедергісіз кетіп қалған. Ол жолы полицейлер тек дипломаттың қирап қалған автокөлігін елшілікке жеткізгеннен басқа ешнәрсе істей алған жоқ. Оны ұстау туралы әңгіме де болған жоқ.

Шамасы, тәжік полицейлері де елші Әбутәліп Ахметовке қатысты осылай жасауға мәжбүр болса керек. Ол да әлгіндей дипломаттық мәртебеге ие. Тіпті, қазақстандық елшіні қылмыстық жауапқа тартуға негіз болатын жағдайда да, дипломаттық иммунитет оны соттан қорғайды.

Бірақ, ешқандай дипломаттық мәртебе оларды ақпарат құралдарының назарынан қорғай алмайды. Керісінше, шетел азаматтарына олар ерекше назар аударады. Оның үстіне, ерекше мәртебеге ие қонақтардың тосын мінездеріне қатысты оқиғалар болып жатса, оған барлығының назары ауады.

Бұл ереже тек дипломаттарға ғана қатысты емес. Елден тысқары жерлерде халықаралық тосын оқиғаға дипломаттар да, депутаттар да, саясаткерлер де, бизнесмендер де ұшырап жатыр және ұшырай береді.

ДИПЛОМАТТАРДЫҢ ЖЕҢІС ҚОРЖЫНЫ ЖАПОН СЫРТҚЫ ІСТЕР МЕКЕМЕСІНІҢ КУБОГЫМЕН ТОЛЫҚТЫ

Әйткенмен, шетелдердегі Қазақстанның дипломаттары жайында жағымсыз әңгімелерден басқа – бұған қарама-қарсы мысалдар да бар.Тіпті қарама-қарсылығымен естен тандыратын мысалдар жеткілікті.

Жақында Жапониядағы Қазақстан елшілігінің екінші хатшысы Батырхан Құрмансейіт шешендік өнерден өткен 12-ші жапон бәйгесінде жеңімпаз атанды. Сөйтіп, бас бәйге – Жапония сыртқы істер министрлігінің Кубогын жеңіп алды.

Бәйге шарттарына жапон тілін білу, жапондықтардың мәдениеті мен психологиясын түсіну енген. Батырхан Құрмансейіт әлемнің 19 елінен келген бәсекелестерінен оқ бойы озық тұрды. Жапония жайлы нағыз білгіштер жарысында, 19 елдің таңдулы өкілдері, соның ішінде Ресей, Қытай, АҚШ, Сингапур, Оңтүстік Корея және т.б. елдердің дипломаттары бар, қазақ дипломатының жанында шаң қауып қалды.

Қазақстандықтың жеңісі жайында жергілікті ақпарат құралдарының кейбірі жазды. Олар Жапония Сыртқы істер министрлігінің ауыспалы Кубогы енді 2010 жылға дейін Қазақстан елшілігінде тұрады деп хабарлады.
XS
SM
MD
LG