Accessibility links

Алаш атамыздан қалған аманат


“Қонақасыда еншісі бөлінбеген қазақпыз” деген тұжырымды бала кезімізден жиі естіп өстік. Әркез осынау сөздердің сырына бойлауға тырысатын едік. Әке-шешеміз осы бір өсиет сөздерді санамызға мейлінше сіңіруге әрекет ететін. Сөздерімен ғана емес, бүкіл іс-әрекеттерімен де...

Бірінші бөлім

“Құдайы қонақпыз”,-деп босағадан аттаған жатты да құшақ жая, жандары қалмай, құрақ ұшып қарсы алушы еді ол кісілер.
Ал енді өздері арнайы шақырған жекжат-жұрат, дос-жаранға біржолата жайылып жастық, иіліп төсек болысатын.

Ержете келе ауыл-аймағымыздың дана қарияларынан “қонақасыда еншіміздің бөлінбегені” жөніндегі қанатты сөздердің шығу төркінін білмекке ұмтылғанбыз.

Қазан төңкерісіне дейін-ақ ат жалын тартып мініп, қос қоғамның да ерекшеліктерін саралап өскен Айдынбай, Дігәрбек сынды көкіректері қаттаулы шежіредей қариялар қазақтың қонақасыда неліктен еншісі бөлінбегенін жырдай етіп айтатын.

Кейін республикалық “Лениншіл жас” газеті мен “Парасат” журналында қызметте жүрген жылдарымызда ел ішіне іс-сапармен жолымыз жиі түсетін.

Сондай сапарларымызда Қазақстанның әр түкпірінен бірен-саран болса да осынау әңгімені көкейіне түйіп өскен небір шешен қарияларды кездестірген едік.

Солардың бірі- Шымкент облысының Түлкібас ауданына қарасты Абай ауылында өмір сүріп, 107 жасында дүниеден өткен Қоштай ата болатын. Ол кісінің Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, Қазақ теледидары ұйымдастырып, өткізген “Дана ақсақалдар” республикалық жарысында бас жүлдені иеленгені есімізде.

Бір қызығы әртүрлі шалғайда өмір сүрсе де осынау көнекөз қариялардың қонақасы жайлы шерткен сырлары бір арнаға тоғысып жатушы еді.

Осыдан екі-үш онжылдықтар бұрын дүниеден озған сол бір сарабдал ой иелерінің шерткен әңгімелерін тағы да бір еске алып, сол кісілердің атынан ақ қағаз бетіне түсіргенді жөн көріп отырмыз.

ҚАДЫМ ЗАМАННАН ЖЕТКЕН ҚАҒИДА

“Исі қазақтың түп атасы-Алаш. Күндердің күнінде бұл дүниеден тататын талқанының таусылуға жақындағанын сезген ол кісі үш баласы-Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүзді қасына шақырып алып, оларға еншілерін үлестірмек болады. Әділдікпен бөлінген еншілеріне балалары риза болысады.

Сәл ғана сәттік үзілістен кейін Алаш бабамыз аса маңызды ойын жеткізбек екенін білдіргісі келіп, тамағын бір кенеп алып, соны бір әңгіме бастап кеткен екен.

-Қош делік, ұлдарым. Сөздеріңе қарағанда алған еншілеріңе риза сияқтысыңдар. Дегенмен менің сақтап отырған тағы бір еншім бар. Ол еншінің үлесінде мынандай дүниелер бар,- дей келіп, Алаш бабамыз әрбір ұлының жеке еншісіне тең келетіндей дүние-мүлік, жер-су аттарын әлгі төртінші еншіге теліп, санамалап шыққан екен. Содан кейін сәл ойлана түсіп сөзін жалғайды:
-Бұл енші кімге тиесілі екен деп, дал боп отырғандарыңды сеземін...

-Расында не деп ойларымызды білмей отырмыз,- дейді ұлдары бір-біріне қарасып.

-Ендеше, тыңдаңдар. Бұл-менің еншім. “Бір аяғы о дүниеге апарар үзеңгіде тұрған кісіге енші неге керек?”-дерсіңдер. Сабыр етсеңдер, айтайын...

Иә, ол рас. О дүниелік болған жанға бұл дүниенің мүлкі дүние емес. Алайда соңыңда қалған ұрпағыңның мына жалған дүниеде бір-бірімен сыйласып, аз күн өмірінде бірін-бірі қимас қонағындай құрметтеп жүруі мен үшін де, ұрпақтарым үшін де Құдай алдындағы үлкен бақыт болар еді!

Ендеше өзіме тиесілі еншімді мен дәл қазір тең бөліп, үшеуіңе таратамын. Бұл-исі қазақ баласының қонақасыда сыбағасы бөлінбеген мәңгілік еншісі болсын. Яғни үш баламнан тараған ұрпағым бірінің үйіне бірі барғанда қысылмай отырып, қонақ болатындай өзара мейірімге бөленсін.

Әрі бұл қонақасы еншісі, шет жұрттық қонақ келіп жатса, оған да жетеді. Алыс-беріс, барыс-келіс араларыңнан үзілмесін!-деп өсиет айтқан екен.

Сондықтан болар, қазақта жомарт мінез айрықша жоғары бағаланып, небір жыр-дастандарға арқау болған. Тіпті кедей-жомарт үй иесінің келген қонағына жалғыз атын сойып беріп, келесі күні өзі шылбыр ұстап қалатыны тағы бар.

Шетелдік бейбіт саяхатшылардан бастап, қазақ жерін зерттемекке келген ірі империя тыңшылары да өз құжаттарында қазақтың ғажайып жомарттығы мен баладай ақкөңіл табиғатын ерекше тамсанып сипаттаған ғой.

Балалық шақтан мынандай бір көрініс жадымда жатталып қалыпты.


ӨТКЕН ҒАСЫРДЫҢ 60-шы ЖЫЛДАРЫНЫҢ БАС КЕЗІ...

Ауылдастарымыздан бір отбасы, үй-ішімен түгел көрші ауылға жекжатшылап, немесе басқа бір шаруаларымен кетіп бара жатқан болса, көршілеріне қарай былай деп дабыстап жататын:
-Біз мына пәлен деген жаққа барып келсек деп едік. Кешкі сиыр сауымға дейін келіп қалармыз. Қонып қалсақ, сиырымызды сауып, сүтін пісіре салшы. Есікке ши қыстырып кеттім, (онысы “есіктің ілгегін кішкентай ағашпен бекіттім” дегендегісі-Н.Ү) бізді ізеп келгендер болса, жайланып отыра берсін,-деп шаруасының жайын табыстап жатушы еді.

Расында, әлгіндей “тапсырма алған” көршісі немесе абысын-ажыны қыдырыстап жүрген әлгі отбасының сиырын сауып, сүтін пісіріп, оны өз үйіне ала қашпай, сол үйдің ішіне кіргізіп, есік ілгегін қайтадан ағаштың жаңқасымен бекітіп, сыртта шашау жатқан бұйымы болса, жинастырып, өз үйіне кететін.

Ал егер ілгегі бекітулі әлгі үйге қонақ келе қалса, оны жік-жаппар боп өз үйіне шақырып, жеке қонағындай күтіп, үй иелері келгенше жолаушылардың қас-қабағына қараумен болушы еді.

Тағы бір есімде қалғаны, әр үй сайын аласа дөңкелек стөл болушы еді. Оның үстінде үнемі әйтеуір бір дәм тұратын. Өздері ас-суларын ішіп болғаннан кейін, дастарқанды тағы бір ретке келтіріп, онда тұрған дәмге шаң қонып, былғанбасын деп, дастарқанның бір шетімен қайырып жауып қоюшы еді.

Тіпті күніне 100 рет көретін, көршісі кірсе де: “Кел, дастарқаннан дәм тат”, деп дастарқандарының шетін ашып жататын.

Арада тағы біраз жылдар өткенде көнекөз әжелеріміз:
-“Құлып” деген бір пәле шықты. Кеше анау пәленшенің үйінде шаруам боп барған ем, есігін қолақпандай темір құлып “күзетіп тұр” екен,- деуші еді наразылықтарын жасыра алмай.

Ондайда келіндер жағы жымыңдасып бір-біріне қарасатын. Ондағы айтпақтары: “әжелеріміз жаңалықты қабылдай алмай отыр” дегендері-ау деймін.

Құлыптың "пайда болуы" әжелеріміздің қонақжай көңілдеріне селкеу түсіргендей еді...
XS
SM
MD
LG