- Біз бүгін мұнда өткен айдың 23-інде Алатау ауданының әкімі Бағдат Мәнізоровтың өкімімен құрылған жұмысшы тобының қатарына өз өкілдерімізді кіргізу туралы талаппен келіп тұрмыз. Осы бір айға жуық уақыттың ішінде сол жұмысшы тобына біз - Красный Трудовик елді мекеніндегі тұрғындар - өз өтініш-тілегімізді өткізе алмай-ақ қойдық. Тіпті, олар біз тұрып жатқан жерге келіп, жағдайымызды көріп-білген де жоқ. Ал әкімдіктегілер болса біздің елді мекендегі даулы үйлер мәселесін тек сот қана шешеді депті. Біздің арызымызды ешкімнің тыңдамауы, жинаған құжаттарымызды қарамауы ашу-ызамызды туғызды. Сондықтан, біздің сөзімізді сөйлеп, құқығымызды қорғайтын адамдарды өзіміз сайлап, әлгі құрылған жұмысшы тобының құрамына кіргізуді жөн деп таптық, - дейді Әбдіғаппар Шайзатханов.
- Мысалы, көптеген жұрттың қолында осы жерді жеке азаматқа беру туралы кезінде шығарылған лауазымды тұлғаның қолы, ресми органның мөрі қойылған шешімдер бар. Бірақ, қазіргі билік ол құжаттарды жалған, заңсыз дейді. Заңсыз болса ондағы мөр мен қол қойған адамды неге тексермейді? Сол сияқты біздің арыз-өтінішімізді биліктегілер Қазақстанда өткізілген мүлікті заңдастыру кезінде де ескерусіз қалдырды. Тіреуіші мықтылар осы Алматының небір көрікті, тіпті жеке мақсатқа пайдалануға заңмен тыйым салынған аймағынан жүздеген гектар жерді өздеріне заңдастырып алды, ал біз, күйзелген ауылдан Алматыға қаңғып келген сорлы қазақ, бар болғаны 6-7 сотық жерді иелене алмай өз еліміз, өз жерімізде өгей боп жүрміз. Біз үкіметтен үй, ақша сұрап отырған жоқпыз, өзіміздің күшімізбен тұрғызған баспана мен ұлтарақтай жерді заңдастырып беруді сұраймыз. Ал билік соның өзін неге қимайды бізге? Шындығына келгенде, Қазақстанның жағдайы біздің барлығымызды үймен де, жермен де қамтамасыз етуге жетеді ғой, - деп шағынды Жамал есімді әйел.
Аудан әкімі кеңсесінде жоқ болғандықтан оның 1-ші орынбасары Қайрат Әбдібековпен кездескен тұрғындар өздері таңдаған 3 адамды әкімдік жанынан құрылған жұмысшы тобына енгізу туралы өтініш айтты.
Сәлден кейін кеңсесіне келіп, тұрғындармен жолыққан аудан әкімі Бағдат Мәнізоров та осы сөздерді қайталады. Бірақ, ондай жауапқа қанағаттанбаған наразы тұрғындар ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына ашық хат жазу туралы ұйғарымға келді.
Жалпы көлемі 7500 гектардан асатын Алатау ауданының құрамына енетін 18 елді мекенде 170 мыңға жуық халық тұрып жатыр. Аудан территориясында заңдастырылмай салынған деп танылған құрылыс нысандарының саны 5 мыңға жуық. Даулы жер телімдерінде отырғандардың дені әлеуметтік жағдайы төмен аймақтардан күнкөріс қамымен Алматыға қоныс аударған отбасылар.