Accessibility links

«Шаңырақ» мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ


Қазанның 5-і күні Шаңырақ оқиғасына байланысты өткен сот үкімінің шығарылғанына бір жыл толды. Осы уақыт ішінде «Шаңырақтан заңсыз жер иеленіп отыр» делінген жұрттың күрделі мәселелерінің ешқайсысы өзінің оң шешімін таппағанын Шаңырақ тұрғындары мен қоғамдық ұйымдар жетекшілері күні бүгінге дейін айтып келеді.

Тараздан келген қарт ана Күлияның айтуына қарағанда, Шаңырақтағы күйеу баласы сатып алған жерін заңдастыра алмай, оқиғадан кейін қан қысымы көтерілетін ауруға тап болып, жуықта қайтыс болыпты.

— Жері әлі заңдастырылған жоқ. Қызым шиеттей үш баласымен жесір қалды. Қазір жердің құжаттарымен жүгіріп жүр. Күйеу баламның ажалы осы жердің дауынан келді. Енді қалай күн көретіндерін білмеймін.

Шаңырақтың тұрғыны Қорлан Даубаева, өз тағдырларының әлі де болса, қыл үстінде тұрғанын, десе де, үкімет пен жергілікті ресми орындар жерді заңдастырып беретін шығар деген үміті бар екенін жасырмайды.

— Кезіндегі көтеріліске кінәлі деп сотталған азаматтарымыз үшін әлі күнге қабырғамыз қайысып, қайғырып отырамыз. Еш жазықсыз, өз үйлерін, ата-анасы мен отбасын қорғағандары үшін сотталып кетті. Артында қалған туыстарының да жағдайы мәз емес. О баста бізді қалалық әкімшілік пен қалалық жер комитетінен шыққан алаяқтар алдап кетті. Олардың аттарын да білдік: Абай, Ерлан, Ғани, Уәш деген адамдар екен. Осы жерді сатқандары үшін сотталыпты деп естідік. Бәрі қазақтың жігіттері. Өз халқын қан қақсататындай не жетті оларға?! Тіпті, үйдің іргесіндегі жолмен күнде жүретін осы ауданның сол кездегі әкімі Қонысбай да, «Мына жерлер сатылмайды. Оларға сенбеңдер» деп те ескертпеді ғой. Ақыр соңында біз, жер басып алған жау сияқты болып шықтық. Президент сайлауына дейін жер туралы әңгіме қозғалған жоқ-тын. Иманғали Тасмағамбетовтің өзі келіп, «Үйлерің бұзылмайды. Жерлеріңді заңдастырып береміз» деп айтты дегенін жұрттың бәрі айтып жүрді. Оқиға басталған кезде қалалық әкімшілікке хабарласып, «мынаны тоқтатыңдар, қан төгіледі» деп едік, «әкімшіліктің адамдары сонда жүр» деді. Әлгі қайтыс болған полицей жігіттің де кінәсі жоқ. Ол бұйрықты орындаған адам. Оның аруағына бағыштап құран оқытып тұрамыз.

Баяғыда, Әуезов ауданының бұрынғы әкімі осында келіп, барлық үй бұзылады дегенде, құжаты заңды үйлердің иелері: «мынау өзіңіз шығарған шешім ғой» деп жер туралы шешімді көрсеткенде «Мен ештеңені білмеймін. ешкіммен сөйлеспеймін» деп кеткен. Өзі шығарған шешімді өзі білмейтін ол қандай әкім болған сонда? Оны қалай әкім ғылып тағайындап жүр?. Оқиға кезінде өзіміз сайлаған Президентке де хабарласа алмадық. Және ол кісі «тоқтатыңдар» деп бір ауыз сөз айтуға жарамады.

Сонау, ресейдің басылымдарының журналистері де келді. «Не үшін көтеріліс жасап жатырсыңдар» деп сұрағанда бәрін бастан-аяқ айтсақ, «жер үшін өз халқын жазалап жатқан үкіметтерің қандай үкімет?» деп таңқалды.

Биліктің әлі де үйлерді бұзамыз деген ниеті бар-ау деймін. Себебі, әлі күнге дейін жерді заңдастыру сол күйінде қалып отыр. Әйтеуір, қоқыс таситын темір жәшіктерді әр жерге әкеп қойып, оның арнайы қағазын берді. Үш айға деп жарық берген. Алты айға ұзартамыз деп уәде берген. Үкіметке алақан жайып отырған ешкім жоқ. Тек жерді заңдастырып берсе деген үмітіміз бар.

«Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі Дос Көшім, Шаңырақ құрамына енетін жаңа аудан құрылатын кезде ауданның атын Шаңырақ деп қоюға ұсыныс жасағандарын айтады.

— Логикаға да, ақылға да қонымды Шаңырақ атауын ұсынғанымызбен, Алатау деп атап жіберді. Соған қарағанда, билік Шаңырақ атауынан қорқатын болып тұр. Сотталған жігіттер әртүрлі жерде жазаларын өтеп жатыр. Оларға біздің сол өңірлердегі жақтастарымыз көмектесіп тұрады.

Осыдан бір жыл бұрынғы сот кезінде қоғамдық қорғаушы болған Жасарал Қуанышәлі «Шаңырақ ісімен айналысып жүрген қоғамдық ұйымдардың сотталғандардың ісін жоғарғы соттың бақылауына беретін мүмкіндігі бар екенін, бірақ, қазіргі саяси жүйенің ауысуын күтіп отырғандықтарын жеткізді.

— Бір жылдың ішінде оң өзгерістер болды деп айта алмаймын. Керісінше, жүрек ауыртатын жағдайлар көп кездеседі. Бізде бір мүмкіндік қана қалды. Бірақ, біз оны қазір қолдансақ, қалалық соттың шешімін өзгертуге құлық танытпаған жоғарғы соттың бұны да елемейтінін біліп отырмыз. Ашығын айтқанда, халыққа қарсы, «Шаңырақ оқиғасына» тікелей кінәлі және басқа да толып жатқан қылмыстарға кінәлі жеке басқа табыну режимі өзгере ме деп үміттеніп отырмыз.

Тағы бір айта кететін нәрсе, ешқандай кінәлары дәлелденбестен сотталған азаматтардың тағдыры Қазақстандағы соттың биліктің айтқанынан шықпайтынын дәлелдейді.

«Шаңырақ» оқиғасы кезінде полицейді өлтірді деп айыпталып, 16 жылға сотталған Құрманғазы Өтегеновтің жары Гүлнәр қазіргі жай-күйлері туралы айтып берді.

— Біреулер жерді заңдастырады десе, біреулер заңдастырмайды дейді. Жоғарғы жақтағы үйлерге соттан «үйді босатыңдар» деген қағаз келді дейді. Егер, бәрімізді шығарып жіберсе, қайда барарымызды білмейміз. Күйеуіммен хабарласып тұрам. Екі апта бұрын Павлодарға барып келдім. Оларға қысым жасалса да бізге айтпайды ғой.

XS
SM
MD
LG