«Гэллап» зерттеу қызметінің әлеуметтік сауалнамасына қатысқан қазақстандықтардың 15 пайызы шетелге біржола қоныс аударуды қалайтындықтарын айтқан. Бұған қоса, респонденттердің 30 пайызы шетелге барып табыс тауып қайтқанды жөн көретіндігін білдірді. Шетелде оқу немесе түрлі бағдарламалармен сыртқа шыққысы келетіндер – 32 пайыз.
Орталық Азиядағы бес мемлекет ішінде Қазақстанды бұл көрсеткіштер бойынша Қырғызстан ғана басып озыпты. Биыл сәуір айындағы наразылық шерулерінен соң президент Құрманбек Бакиевті биліктен кетіріп, маусым айында ұлтаралық қақтығыстарды басынан өткерген Қырғызстан тұрғындарының 18 пайызы шетелге біржола кеткісі келетіндіктерін білдірген. Одан қалды сауалнамаға қатысқан қырғыздардың 34 пайызы шетелде нәпақа табуды жөн көреді.
Мемлекет | Шетелде жұмыс істегісі келетіндер | Шетелде білім алғысы келетіндер | Шетелге біржола көшкісі келетіндер |
Армения | 44% | 39% | 39% |
Молдова | 53% | 30% | 36% |
Беларусь | 35% | 32% | 20% |
Қырғызстан | 34% | 32% | 18% |
Қазақстан | 30% | 32% | 15% |
Украина | 21% | 20% | 15% |
Грузия | 34% | 31% | 14% |
Әзірбайжан | 24% | 19% | 12% |
Ресей | 22% | 24% | 11% |
Тәжікстан | 28% | 25% | 9% |
Өзбекстан | 24% | 30% | 6% |
Түркіменстан | 19% | 24% | 5% |
Қазақстан мен Қырғызстанға қарағанда, аймақтағы қалған үш мемлекеттің тұрғындары шетелге кетуді қаламайтын көрінеді. Зерттеуге қатысқан тұрғындар арасында шетелге біржола көшкісі келетіндер көрсеткіші Тәжікстанда - тоғыз, Өзбекстанда - алты, Түркіменстанда бес пайыз ғана болды.
«Гэллап» зерттеуіне сәйкес бұл жағынан Молдова мен Арменияға жетер ешкім жоқ. Еңбек күштері шетелге ағылып жатқан Молдовада сауалнамаға қатысушылардың 39 пайызы өзге мемлекетте түпкілікті тұрақтағысы келетіндігін білдіріпті. Арменияның бұндай көрсеткіші бар болғаны үш пайызға аз екен.
Зерттеу қызметі Балтық елдерін қоспағанда, пост-советтік 12 мемлекетте сауалнамаға қатысушылардың шамамен 30 пайызы өз елінен көшуді қалайды деп көрсетті. Яғни, бұл елдердегі әрбір төртінші ересек адам шетелге кетуді армандайды.
Әлеуметтік зерттеуге 13 мыңнан астам адам қатысты, әрбір мемлекеттен мыңнан астам тұрғын пікір білдірді.
Тақырыпқа орай Алматы тұрғындары арасында жүргізілген сауалнаманы мына жерден тыңдаңыз.