Ал зейнет жасындағы үлескерлердің кейбірінің барар жер, басар тауы қалмағандықтан, осы аптаның соңында көрпе-жастықтарын алып келіп, компания басшыларынан кеңсенің ішінен бөлме тауып беруді талап ететіндігін айтты.
Құрылыс компаниясының үлескерлері бүгін ерекше көңілді жүрді. Олар корпорацияның директорлар кеңесінің төрағасы Олег Намды кездесуге шақырып немесе қандай да бір талап қойған жоқ. «Қуаттың» бас кеңсесінің алдына жиналған үлескерлердің барлығы дерлік өз үйлерінен тұрмысқа қажетті заттарды алып келіпті. Жиналғандар кір жаятын жіп тартып, оған киім-кешектер іліп қойды. Үлескерлер өз пәтерлеріне уақытылы қол жеткізе алмаған соң, алғашқы «қоныс тойларын» құрылыс компаниясының бас кеңсесінің алдында тойлауға бел буған екен. Әрине, бұл тойдың басты мақсаты не ақшаларын қайтарып бермей, не баспанамен қамтамасыз етпей отырған «Қуат» корпорациясы басшыларының шарасыздығына қарсы бағытталған наразылық акциясы болғанымен, үлескерлер бір-бірімен жақын танысып, жайылған дастархан дәмінен ауыз тиді.
Бүгінгі наразылық акциясының өтуіне бірден-бір бастамашы болған Роман Майков үлескерлердің атынан компания басшылығына арналған үндеуді оқыды. Сондай-ақ, олар «Қуат» корпорациясының алдында өткізілген «қоныс тойға» Олег Намды да шақырған екен. Алайда, көптен күткен құрметті мейман үлескерлерді құттықтауға келген жоқ. Бірақ, бұл жағдай үлескерлердің көңіл-күйіне әсер етпеді. Олар Олег Нам үшін арнайы сатып алған шампанды ашпай, оны 50 адамның қолы қойылған үндеумен бірге корпорация кеңсесінің қызметкерлеріне тапсырды.
Ал осы жағдайды сырттан бақылап тұрған құқық қорғау органдарының қызметкерлері үлескерлердің әзілге толы наразылық акциясына ешқандай кедергі келтірген жоқ. Шамалы уақыт өткен соң, компания басшылары шығып, жиналған үлескерлердің барлығын кеңсесіне шақырды. Алайда, екі тараптың арасында болатын келіссөзге тағы да ақпарат құралдарының өкілдері қатыстырылған жоқ. Дегенмен, Азаттық тілшісі күзет қызметкерлеріне үлескерлердің бірі ретінде жеке куәлігін тапсырып, басқосуды өз көзімен көру мүмкіндігіне ие болды.
Наразылық танытушыларды қабылдаған «Қуат» корпорациясының басқарма төрағасы Виталий Хигай бұл жолы да тек уәде берумен шектелді. Ол жиналған жұртқа «Сайран» мега ауданындағы тұрғын үйлердің құрылысы нақты қай күні басталатындығын да айта алмады. Үлескерлердің ашу-ызасын басқысы келді ме, жақын күндері барлығымыз үшін жақсы жаңалық болады деумен шектелді. Дегенмен, бұл әңгімеге көңілі толмаған үлескерлер Виталий Хигайдан құрылыстың нақты қай күні басталатындығына жауап беруді талап етті. Алайда, оннан астам адам кезек-кезек қойған бұл сауалға корпорация басшыларының тарапынан жауап берілген жоқ.
Виталий Хигай «Қуаттың» беделіне қатты алаңдайтындығын да білдірді. Ол жиналған жұртқа «Қазіргі кезде кейбір ақпарат құралдары біздің компанияның төңірегінде неше түрлі алып-қашпа әңгімелер таратып жүр. Менің ақылымды тыңдайтын болсаңдар, олардың бірде-бір сөзіне құлақ аспаңдар, себебі айтылып жатқанның көбісі шындыққа сәйкес келмейді», - деді. Үлескерлердің Виталий Хигайдың сөзін қалай қабылдағаны белгісіз. Бірақ, олар бұл жолы да ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмай тарасты.