Accessibility links

Қазақстан халқына заңмен бекітілген "Елбасы" бұйырмады


Қазақстан президенті Н.Назарбаев Инвесторлар Форумында сөйлеп тұр. Алматы, 3 маусым 2010 ж.
Қазақстан президенті Н.Назарбаев Инвесторлар Форумында сөйлеп тұр. Алматы, 3 маусым 2010 ж.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Парламенттің қос палатасы ұсынған "Ұлт көшбасшысы" туралы заңды бекітпеу туралы шешім қабылдады. Осылайша соңғы бір айға жуық уақыт қызу қоғамдық талқылау туғызған мәселе бірқатар сарапшылар болжағандай кезекті PR акция күйінде қалып қойды.


"ЕЛБАСЫН" ІЗДЕГЕН ТОП

Мамырдың 5-і күні Қазақстан Парламенті Мәжілісінің бір топ депутаты Нұрсұлтан Назарбаевқа "Ұлт көшбасшысы" (кейін ресми БАҚ "Елбасы" деген атауға көшті) мәртебесін беруді және президент пен оның отбасын әкімшілік және қылмыстық қудалаудан қорғауды, Назарбаевтың өмірбаянын бұрмалау мен суреттерін бүлдіруді қылмыс деп тануды сұрап, жаңа заң жобасын ұсынған еді. Мамырдың 12-сі мен 13-і күндері Мәжіліс пен Сенат бұл ұсынысты бір ауыздан қолдап, Конституцияға тиісінше өзгерістер енуге аз-ақ қалған.

ЕЛ ІШІНДЕГІ ӘҢГІМЕ

Заң шығарушы орынның бұл әрекетін қоғамның бір бөлігі мақұлдап шықса, енді бірі өткір сынның астына алды. Заң жобасының авторлары Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет құрушы тұлға ретіндегі рөлін Джордж Вашингтон, Махатма Ганди және Кемал Ататүрік сияқты әлемдік деңгейдегі қайраткерлердің қызметімен салыстырды. Бірақ, бұл бастама интеллектуалдық ортаның бір парасы мен оппозициялық күштердің, түрлі жастар ұйымының қарсылығына тап болып, қызу талқылау бір толастамады. Ұлт көшбасшылығына қатысты "Ұйысқан ұлт жоқ болса ұлт көшбасшысы қайдан шығады" деген пікір айтты Сұлтан Қадыров есімді сарапшы. Саясаттанушы Расул Жұмалы Ливияның жетекшісі деп танылған Муаммар Қаддафидің өзін әкімшілік және қылмыстық қудалаудан сақтайтын конституциялық бап жоқ екенін атап көрсетті. "Новая газета-Казахстан" басылымының бас редакторы Амантай Дәндіғұлов егер бұл заң қабылданар болса, оның ғұмыры президенттің ғұмырынан ұзақ болмайтынын ескертті. Кендіқұл есімді қазақ блогшысы "Алтын бұзау немесе Қасиетті сиыр" атты жазбасында аталмыш заң жобасына қатысты өзінше байқампаз сипаттама берді. Азаттық радиосының осы тақырыпқа қатысты ұйымдастырған дөңгелек үстелдерінің бірінде Қазақстан Коммунистік партиясының бұрынғы төрағасы Серікболсын Әбділдин бірінші болып Назарбаевтың бұл жолы заңға қол қоймауы мүмкін екенін болжаған еді.

"ЕЛБАСЫНЫҢ" ЖАУАБЫ

Маусымның 3-і күні Нұрсұлтан Назарбаев "Хабар" агенттігінің қазақ тіліндегі кешкі жаңалықтарында өзінің "Ұлт көшбасшысы туралы" заңға қол қоймайтынын мәлімдеді. Бірақ, президенттің заңды бекітпеу себебі жоғарыда айтылған ел ішінде жүріп жатқан пікірталасқа қатысы жоқ болып шықты. Президент өзіне "Елбасы" мәртебесін беруді сұраған халық пен оның қалаулыларына рақмет айтып, ризашылығын білдірді. Бұл жобаның бір ауыздан қабылдануы маған деген елдің сенімін паш етеді деді Назарбаев мәлімдемесінде. "Елбасы" деген атауды заңмен бекітудің қажеті жоқ. Мені дұрыс түсініңіздер деп қайырады сөзін президент телеарнадан оқылған мәлімдемесінде.
XS
SM
MD
LG