Accessibility links

Мәжіліс Назарбаевқа ұлт көшбасшысы мәртебесін және басқа да жеңілдіктерді беруге келісті


Астанада 12 мамыр күні депутаттар конституциялық заңның бірінші президентке қатысты тұсына өзгеріс енгізу жобасын бірауыздан мақұлдады. Заң жобалары Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ұлт көшбасшысы мәртебесін және өзге де жеңілдіктерді қарастырады. Азаттықтың кезекті дөңгелек үстелі осы тақырыпты дамыта түскен еді.


Конституциялық өзгерістерге үш жыл толмай жатып, мамырдың 5-і күні Қазақстан парламенті мәжілісінің отырысында үш депутат, оның ішінде Әмзебек Жолшыбеков, Светлана Ферхо және Розақұл Халмұрадов президент Нұрсұлтан Назарбаевқа заң жүзінде «ұлттық көшбасшы» деген деген мәртебе беріп, Конституцияға тиісілі кезекті түзетулер енгізуді ұсынды.

Азаттық Радиосының кезекті дөңгелек үстелінің тақырыбы «Нұрсұлтан Назарбаевқа ұлт көшбасшысы мәртебесін беру кімге қажет?» деп аталды. Оған «Новая газета-Қазақстан» газетінің бас редакторы Амантай Дәндіғұлов, Қазақстан Компартиясының бұрынғы бірінші хатшысы, Жоғарғы Кеңестің бұрынғы спикері Серікболсын Әбділдин, тәуелсіз саясаттанушы әрі «Эксклюзив» журналының бас редакторы Расул Жұмалы, Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Әбжанов қатысты.

Дөңгелек үстелді Азат Еуропа/Азаттық радиосының қызметкері Сұлтан Хан Аққұлұлы жүргізіп отырды.

Жүргізушінің сауалдарына дөңгелек үстелге қатысушылар төмендегі мазмұнды жауаптар айтты. Дөңгелек үстелдің толық аудионұсқасын осы жерден тыңдай аласыздар.

Жүргізуші:

Қазақстан Конституциясына президент Нұрсұлтан Назарбаевқа ғұмырының соңына дейін билік басында қалуына мүмкіндік беретін түзетулер енгізілді. Назарбаев билік басынан кеткен күнде де оған айрықша билік құзыры мен құқық беретін «Қазақстан Республикасының Бірінші президенті туралы» арнайы заң қабылданды.

Ал енді осыларға қоса Н.Назарбаевқа «ұлттың көшбасшысы» мәртебесін беру туралы бастама көтерудің қажеті қанша? Осы ескі де жаңа бастаманың астарында «биыл 70-ке толатын президент Назарбаевқа ертеңін ойлайтын уақыт келді? – деген астар жатқан жоқ па?

Серікболсын Әбділдин:

Бұл іс-қимылды депутаттар өз еркімен жасап отырған жоқ. Олар тапсырманы орындап отыр деп есептеймін. Назарбаевтың президент болып жүргенінің өзі жеткілікті болатын. Конституция бойынша бір адам екі рет қана президент болып сайлануға хақысы бар болатын. [Назарбаев] сегіз жылдан кейін кетуі керек еді. Қазір жиырма жыл отыр. Жиырма жылдың ішінде халыққа жасаған жақсылығын көріп отырғанымыз жоқ. Сондықтан ұлттың жетекшісі болатындай сіңірген еңбегі жоқ. Халық атынан да, мемлекет атынан да ондай атақ берудің қажеті шамалы. Бұл – Назарбаевтың жеке өз басы үшін жасалған шешім.

Амантай Дәндіғұлов:

Осы тақырып бойынша ой өрбітпей тұрып бір жайтты ескерте кетсем. Менің барлық пайымдауларым осы негіздеменің ауқымында қабылданса. Бұл негіздемені шығыстың сөз мәнеріне сай жұмсақтау естілетін мынадай қысқаша тезиспен сипаттайын. Бұл заңның ғұмыры, егер ол осы маусым айының соңында қабылданатын болса, Құдай қанша уақыт нәсіп қылса, сонша уақытқа ғана созылмақ. Бұл фәниде мәңгі жасайтын ештеңе жоқ. Мына тұрған Қырғызстан Бакиевтің билігі тұсында Конституциясын бес рет қайта жазып шықты. Әрбір мәрте түзеген сайын биліктің ұстынын барынша бекітуге тырысты. Сондықтан да біздің жағдайымызда бұл заң президенттен кейін келетін адам мұрагер ретінде таңдаудан өтсе ғана өміршең болады.

Ал мұндай заң қабылдаудың астарында не жатыр деген мәселеге келсек, ешқандай да астар көріп тұрған жоқпын. Мемлекеттік қызметкердің табиғатын бір адамдай білемін. Сондықтан да мұндай ишара жасауға ешкімнің де батылы жетпес еді. Бұл заңның жобасын ұсынушылар президенттің еңбегін әділ бағалағысы келетін барлық адамдарға тән тілек білдіріп отыр. Бұл тақырыпқа философиялық тұрғыдан қарау керек шығар. Сырттан барлап қана. Я мысқылдаудың, я күйінудің қажеті жоқ. Демократияға төне қалған жалғыз қауіп осы деп те тұжырым жасауға келмейді... Президент расында да ұлттың жетекшісі. Қазақстанды мұнай арқылы, ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретінде танып келсе, енді «ұлт көшбасшысы» деген брэнд арқылы таниды. Бұл брэнд болсын, «Нобель сыйлығының лауреаты» деген атақ болсын Назарбаевтың жеке басын ғана жарнамаламайды, тұтас елдің жарнамасына айналады.

Расул Жұмалы:

Менің қосарым, біріншіден, Конституцияда мемлекеттік құзырлы орындар мен елбасыға қатысты мәселелер егжей-тегжейлі бекітілген. Екіншіден, өзіңіз де айтып кеткендей, 2007 жылы «Бірінші президент туралы» заң қабылданған болатын. Меніңше осы заңдардың барлығы халықтың көшбасшысы мәселесін толықтай ашып отыр. Мәселені басқа жағынан көтерсек. Конституцияны жиі өзгерткен сайын сенімсіздік, қобалжу, тұрақсыздық пайда болады. АҚШ-тың конституциясына 1787 жылдан бері бір де бір өзгерту енгізілген жоқ. Ал біздің конституциямыз 15 жылға толған жоқ. Үш рет өзгеріс енгіздік. Енді, міне, төртінші мәрте өзгертейік деп отырмыз. Бұл – өзім онша түсінбейтін және құптамайтын мәселе. Естеріңізде болса 1990 жылдары президенттің өзі айтқан еді: «Конституция неизменна. Все изменения от лукавого» деп. Тағы бір түсінбейтінім, конституцияда Қазақстан азаматтары шыққан тегіне, нәсіліне, ұлтына қарамастан тең деп көрсетілген. Бірақ, өкінішке орай, біздің конституциямызға осы бапқа қайшы өзгерістер енгізіліп жатыр. Мысалы, әлдебіреу туралы мақала жазуға болмайды, я сынауға болмайды дегендей.

Хангелді Әбжанов:

Бұл бастаманы қолдамаймын. Өйткені тұңғыш президент туралы арнайы конституциялық заң бар. Тұңғыш президенттің мәртебесі, құзыры конституцияда жеткілікті айтылған. Егер «ұлт көшбасшысы» деген заң қабылданатын болса, бұл өзі түсініксіз заң болайын деп тұр. Біріншіден, Қазақстанда «қазақ ұлты» бар, «неміс ұлты» бар, «кәріс ұлты» бар. Сонда қай ұлттың көшбасшысы болып шығады? Өзімізді де шатастырады. Екіншіден, президентке заңға сыймайтын кеңшіліктер мен жеңілдіктер беру арқылы біз конституциямыздың 2 бөліміндегі 14 бапты бұзамыз. Ол бапта «Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең» деген. Егер «ұлт көшбасшысы» деген заң қабылданатын болса, онда конституцияны да қайта қарауға тура келеді. Менің ойымша тұңғыш президент туралы заңнамалық қағидалар жеткілікті. Мұндай бастаманы көтеріп жүргендер – жағымпаздар. Бұны президент те қолдамайды деп ойлаймын.

Жүргізуші:

Депутат Әмзебек Жолшыбек президент Назарбаевты «ұлттың көшбасшысы» мәртебесін берумен қатар, Конституцияға президент құзырын атқарған кезінде істеген істері үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босататын кепілдік және президенттің өзімен бірге тұратын отбасы мүшелерінің дүние-мүлкіне тимейтін кепілдік беру туралы тарау енгізуді ұсынды.

Егер Нұрсұлтан Назарбаев ұлттың шынайы да нағыз көшбасшысы болса, оған аталғандай кепілдіктер берудің қажеті бар ма? Оның отбасы мүшелеріне де дәл сондай кепілдік беру қажет пе?

Хангелді Әбжанов:

Мұндай қағидаларды заңдастырып, өмірге енгізудің еш қажеті жоқ. Адам болғасын, пенде болғасын президент те қателеспей тұрмайды. Қателесіп халқының қарғысына ұшыраған президенттер бар, елінен қуылған президенттер бар. Мұндай мысал біздің елімізден аулақ болсын. «Ұлт көшбасшысы» деген заң қабылдап, президентке қарсы қылмыстық, әкімшілік іс қозғалмайды, ондай шара оның отбасына да қолданылмайды десек, онда зайырлы мемлекет екенімізді, демократиялық мемлект екенімізді жоққа шығарамыз.

Тұңғыш президенттің халық алдындағы, ел алдындағы қызметін, еңбегін ешкім жоққа шығарып жатқан жоқ. Дегенмен жаңағыдай шектеулер қойып тастасақ, президентімізді өзіміз асыруымыз мүмкін. Егер конституцияға да, заңға да бағынбайтын боп кетсе, ондай адамнан оқыс қимыл, я шешім шығарып жатса біз не істей аламыз? Бұл мемлекетімізді тығырыққа тіреп тастауы да мүмкін. Президент болсын, қарапайым адам болсын заң алдында тең екен, заң алдында үлкен жауапкершілік сақтау керек, және заңның өзінен биік тұрғанын әрқашан танып-біліп мойындауы керек. Адамды заңнан жоғары, заңнан тыс қою – демократияны бұзу, зайырлы, жиырма бірінші ғасырлық мемлекеттің табиғатын танымау.

Расул Жұмалы:

Өзімізді зайырлы демократиялық мемлекет деп жариялай отырып, озық демократияларға ұқсауға тырысамыз ғой. Осы мемлекеттердің барлығында конституция өзгермейді. Оның үстіне мені қобалжытып тұрған мәселе - Қазақстан ЕҚЫҰ-на төраға болып отыр. Биылғы жылдың соңында Астанада ЕҚЫҰ-ның саммитін өткізбек. Осындай ірі шаралардың алдында жаңағыдай конституциялық өзгерістер енгізу қаншалықты қажет. Сосын мен Ливия елінде қызмет істей жүріп лидер мәселесін біраз зерттеп көрдім. Негізі, әлемдегі бірен-саран елдерде осындай үрдіс бар. Бірінші ауызға ілінетіні – Ливия. 1969 жылы Сентябрь революциясы кезінде билікке келген Муаммар Қаддафи әлі күнге шейін, 41 жыл болды, ел тізгінін ұстап отыр. Ешқандай ресми мансабы жоқ. Тек лидер деп аталады. Ливия парламенті бес жылда бір рет «уафа» деп аталады сенімін білдіріп отырады. Халқының тіршілігі мәз емес. Алтынның үстінде отырса да, саяси бәсекелестік жоқ болғасын ұтылып отыр. Лидерлік тәжірибесіне келсек, тіпті Ливияның өзінде лидердің туыстары заң алдында жауап бермейді деген бап жоқ.

Амантай Дәндіғұлов:

Әрине, бұл бастама бір жағынан [президенттің] абыройына нұқсан келтіреді, екінші жағынан түрлі күдік туғызады. Әсіресе, көршілес қырғыз елінде болған қанды оқиғадан соң. Бірақ, менің осы бастамаға қатысты пікірім басқаша. Бұл президенттің өз халқынан қорғануы емес. Төңірегіндегі ең жақын саяси серіктерінен қорғануы, соларға белгі беруі. Президент біздің елде заң мен әділдік жүйесі емес, бюрократияның, элитаның диктатурасы орнағанын жақсы біледі. Ал бұл заң [президенттің саяси серіктері] оған тіке шабуыл жасай бастағанда, халықтың қолындағы президентін қорғап қалатын жалғыз қаруға айналмақ. Мысалы, қырғыз елінде Бакиевті қудалау туралы түрлі қылмыстық істерді кеше ғана өзінің саяси серіктері болған адамдар ашқызып жатыр. Жарайды, оның қолы өз халқының қанына былғанды дейік. Бірақ, бейбіт түрде қашып кетсе де, жемқорлық бойынша қылмыстық істер үстінен бәрібір қозғалар еді. Өйткені [Бакиевтің] саяси серіктері кеше өздері қазынадан бірге ұрласқан әрбір тиынды жатқа біледі. Ол байлықты қайта елге әкелу үшін неше түрлі айла-шарғы жасай бастамақ. Сондықтан [сондай күн туа қалса] біздің саяси элитаның бірінші болып кешегі көшбасшысының жеке мүлкін тінткісі келетіні анық. Сондықтан да жаңағы заңды осы тұрғыдан кепілдік ретінде қолданғысы келетін шығар... Ал Назарбаев қалай болғанда да тұрақтылықтың кепіліне айналған тұлға. Тарихқа түскен тәуелсіз жиырма жылымыз – соның белгісі.

Серікболсын Әбділдин:

Менің ойымша, қазіргі конституция мен бірінші президент туралы заң Назарбаевты қорғауға арналған. Президент туралы заңның 26 бабында президент соғыс кезінде жау жағына шығып кетсе ғана заңға тартылады деп жазылған. Ал енді оның айналасын, семьясын қорғау деген тек ұрлық жасағанда қолданатын жағдай. Егер әділетті, таза президент болса, оның маңайындағылардың қолы таза болса президентті тағынан кеткеннен кейін де, қазір де қорғаудың қажеті жоқ. Бұл бастама Назарбаевқа керек болғанның өзінде біздің ұлттың атына кір келтіреді. ЕҚЫҰ-на төрағалық етіп отырғанда, әлемге күлкі боламыз. Президент депутаттардың көтерген мәселесін қолдамау керек. Тыйым салуы керек. Ол кісінің осындай ұсыныстардан бас тартатын тәсілі болады. Соны осы жолы қолданса жақсы болар еді. Егер өзінен-өзі қуыстанып, [заң жобасын] Парламент ұсынып, Назарбаев бұл заңға қол қойса, ертең Нұрсұлтан тақтан түскенде бұл заңның бәрі түкке жарамай қалады.

Жүргізуші:

Көп рақмет! Азаттық толқынында келесі кездескенше күн жақсы болсын!


Дөңгелек үстелдің толық нұсқасын мына жерден тыңдай аласыздар.
XS
SM
MD
LG