Алматылық саудагерлердің наразылығы сәрсенбі күні тағы бір базарда жалғасын тапты. Бұл жолы Алматы – Бішкек бағытындағы күре жолды жапқан «Алтын орда» әмбебап сауда кешенінде сауда жасайтын бір топ кәсіпкерді полиция ұстаған. Наразылыққа шыққандар базар әкімшілігіне төлейтін жалдық төлемнің бағасын азайтуды талап еткен.
- Біз саудада түсімнің жоқтығын айтып, жалдық төлемді азайтуын сұрап базар әкімшілігіне осыдан үш ай бұрын өтініш жазған болатынбыз. Бірақ олар өздеріне пайда түспейтінін алға тартып келіспеді. Бүгін таңертең біз сол өтінішпен тағы да барғанымызда олар баяғы жауабын қайталады. Сосын саудагерлер базардың алдымен өтетін автокөлік жолын жауып, өз наразылықтарын білдіруді ұйғарды. Тек сонда ғана базар басшылығы бізге келіп, ақпан және наурыз айларына төлемді азайтуға келісетіндерін айтты. Алайда, жолды жапқан бірнеше адамды полиция ұстап, Қарасай аудандық ішкі істер бөліміне алып кетті, - деп баяндап берді, қаңтардың 21-і күні болған оқиғаның куәгері Нәзира есімді саудагер әйел Азаттық тілшісіне.
Өзін Ерболмын деп қана таныстырған Қарасай аудандық ішкі істер бөлімі кезекшісінің көмекшісінен сәрсенбі күні аталған базар жанында «жолды жапқаны үшін ешкім ұсталған жоқ» деген қысқа жауап алдық.
«Алтын орда» әмбебап сауда кешені директорының орынбасары Алтай Маусымбай «жолды жауып тәртіп бұзған бірнеше арандатушыны полиция ұстағанын» айтып отыр. Азаттыққа берген сұхбатында ол базар әкімшілігі саудагерлердің тілегін ескеріп, жалдық төлемді ширек мөлшерге дейін азайтқанын хабарлады.
- Бізге бүгін саудагерлер келіп, қазіргі қаржы-экономикалық дағдарыс кезінде төлем мөлшерін азайтуды сұраған соң, біз олардың өтінішін айтарлықтай қанағаттандырдық. Мысалы, бұған дейін екі жыл бойы кәсіпкер 12 шаршы метр сауда орнын жалдағаны үшін төлеп келген 34 мың теңгені (280 АҚШ доллары шамасында) бірден 9 мың теңгеге азайтуға келістік. Алдағы ақпан және наурыз айларында олар осы соманы төлейді, одан кейін жағдайдың қандай болатынын тағы да көреміз, - деді ол.
Базар әкімшілігі саудагерлерді сырттан келген біреулер әдейі арандатып, автокөлік жолын жабуға үгіттеген деп санайды.
Бұдан бір күн бұрын Алматыдағы «Алатау-1 Европа» базарында әкімшілікке дәл осындай талап қойып, жұмысқа шықпай ереуіл жасаған саудагерлер егер осы аптаның соңына дейін өз талаптары орындалмайтын болса базардың жанынан өтетін автокөлік жолын жауып, аштық жариялайтындарын ескерткен болатын.