Accessibility links

«Маңғыстаумұнайгаз» фирмасының активтерін 3,3 миллиард долларға сатып алу келісімі кейінге қалды


Қазақстанда өндірілген мұнайдың көбі болашақта Түркия арқылы тасылатын болады, ал «МаңғыстауМұнайГаздың» нақты бағасы 100 миллиард доллардан асады

«Блумберг» агенттігі Түркия мен Ресейдің Қара теңіз арқылы жеткізіліп, ары қарай Түркия аумағымен әлемдік нарыққа апарылар мұнай тасылуы керек құбыр салу туралы келісімшартқа қол қоймақшы екендігін хабарлайды. Агенттіктің хабарлауына қарағанда, мұндай шешім Босфор бұғазымен тасымалданатын жүк мөлшерінің шамадан тыс артып кетуіне байланысты болып отырғанға ұқсайды.

ТҮРКИЯ ЕУРОПАҒА КӨМІРСУТЕКТЕР ЖЕТКІЗУДЕ ТАЯУ ШЫҒЫСТАҒЫ БАСТЫ ТАСЫМАЛ ОРТАЛЫҒЫНА АЙНАЛЫП КЕЛЕДІ

«Блумбергтің» жазуына қарағанда, Болгария ілгеріректе сөз болған жобаға қатысудан бас тартуы мүмкін. Ресейдің ең ірі компаниясы саналатын «Газпром» мен Түркияның «Чалик» фирмасы түрік елінің солтүстік – шығысындағы Самсун порты мен осы елдің Жерорта теңізі жағасындағы портты қаласы Жейхандағы мұнай терминалын қосатын құбыр салу жөніндегі келісімшартқа қол қоюы тиіс. Мұны Анкарада журналистерге Ресейдің энергетика министрі Сергей Шматко тамыз айының төртінші жұлдызында мәлімдеген. Бұл мәлімдеме Түркияға Ресей премьер – министрі Владимир Путиннің сапары алдында жасалған.

Мамандардың болжауынша, Қазақстандағы Қашаған кенішінде мұнай өндіру басталған соң Каспий теңізінен өндірілетін мұнай көлемінің күрт артуы Қара теңіз арқылы танкермен тасымалданатын шикізат мөлшерінің едәуір өсуіне әкелуі тиіс. Танкерлердің Босфор бұғазы арқылы өтуі түрлі маусымдық ахуалдарға және ауа райының қолайсыздығына байланысты жиі кідіртіледі, әрі осындай кідіру себебінен мұнай тасымалдайтын компаниялар ұзақтығы бір айға дейін баратын уақыттарын рәсуә етіп жатады деп хабарлайды агенттік.

"Болгарияда мемлекеттік бюджет тапшылығы артып отыр. Сондықтан бұл ел энергетикалық өнімдерді тасымалдау жөніндегі жобаларға қатысудан бас тарту не оларды іс жүзіне асырудың белгіленген мерзімін кейінге қалдыру туралы мәселені қарастырып жатыр" деп мәлімдеген Болгария премьер – министрінің орынбасары Симеон Дянков өзінің шілде айының соңында «Блумберг» агенттігіне берген сұхбатында.

Агенттіктің айтуынша, ресейлік құбыр желілері бойынша оператор – «Транснефть» компаниясы құны 1 миллиард евро (1,4 миллиард доллар) тұратын болгардың Қара теңіз жағалауындағы Бургас порты мен гректің Эгей теңізіндегі порты Александруполисті жалғайтын мұнай құбырын салу идеясын іс жүзіне асыруға тырысып отыр.

«Газпром» компаниясы басшысының орынбасары Александр Медведев өткен жылдың шілде айында «Газпромның» сұйық көмірсутектерді тасумен айналысатын еншілес кәсіпорыны «Газпром нефть» компаниясының Самсун – Жейхан құбыры жобасын іс жүзіне асыруға қатысу ниеті бар екенін мәлімдеген болатын" дейді «Блумберг». Бұл жобаны «Эни» (Италия) және «Чалик» (Түркия) компаниялары даярлаған еді. Агенттіктің хабарлауынша, ресейлік «Газпром нефть» компаниясы Бургас-Aлександруполис жобасына да серіктес ретінде қатысып отыр.

«Блумберг» бұдан бұрынырақ Қазақстандағы Қашаған кенішінде мұнай өндіру 2012 жылы басталатынын хабарлаған болатын.

«КАСПИЙ ҚҰБЫР КОНСОРЦИУМЫ» (КҚК) ЖҰМЫСЫН ЕСЕЛЕЙ ТҮСТІ, АЛ ҚАЗАҚСТАН КОМПАНИЯЛАРЫНЫҢ КІРІСІ КӨБЕЙЕДІ

«Силк Роуд интеллидженсер» сайтының хабарлауынша, 2009 жылдың қаңтар және шілде айларының аралығында «Каспий құбыр консорциумы» (КҚК) құбыр желісі бойынша экспортқа мұнай тасу өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 12,2 пайыз мөлшерінде артқан. "Бұл құбыр желісі бірнеше жыл бұрын Қазақстанда өндірілетін мұнайды Ресей жері арқылы әлемдік нарықтарға тасымалдау үшін салынған еді. КҚК – нің құрамдас бөлігі болып табылатын әрі Ресей аумағы арқылы өтетін Атырау – Новороссийск құбыры бойынша 2009 жылдың өткен жеті айы ішінде 20 миллион тоннадан астам шикізат тасылған. Өткен жылғы дәл осы айлар ішінде 18 миллион тонна мұнай тасымалданған еді" деп атап көрсетеді сайт. Атырау – Новороссийск құбыры Ресей аумағы арқылы өтетін жалғыз мемлекеттік емес мұнай құбыры болып табылады (КҚК – ның акционерлерінің құрамына халықаралық бірнеше заңды тұлғалар енеді, олардың арасында Ресей және Қазақстан үкіметтері де бар).

Ал «Интерфакс» агенттігінің таратқан ақпаратына қарағанда, Қазақстан үкіметі 2010-2011 жылдары ұлттық экономиканың мұнай өндіру секторында салықты азайтуды жоспарлап отырғанын мәлімдеген. Агенттіктің хабарлауынша, осы туралы үкімет қаулысы баспасөзде жарияланып та қойған. Аталған қаулы негізінде, елдің Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің 2009-2011 жылдарға арналған стратегиялық жоспарына өзгертулер енгізіліп отыр. Бұл өзгертулер бойынша мұнай өндіру секторындағы салық 2009 жылы жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 2 пайызы деңгейінде болады, әйтсе де бұл көрсеткіш мөлшері 2010 – 2011 жылдары ЖІӨ - ің көлемінің 0,5 пайызына дейін азайтылмақшы. "Соңғы кезде жүргізілген бағалау бойынша,- деп жазады «Интерфакс»,- республика ЖІӨ-і 2009 жылы 17 триллион теңге деңгейіне жетуі тиіс. Бұл аталған көрсеткіштің 1 пайыздық көлемде артқанын білдіреді. Қазақстан үкіметінің болжауынша, 2010-2011 жылдары ЖІӨ - ің жылдық өсімі 1-3 пайызды құрауы керек".

«Силк Роуд интеллидженсер» сайтының ақпарына қарағанда, бірқатар мәселелердің шешімі әлі табылмағандықтан, Қазақстан және Қытай мемлекеттік мұнай компанияларының бірлесе отырып, «МаңғыстауМұнайГаз» фирмасының активтерін сатып алу жоспары кейінге қалдырылған. Бұл мәселелердің егжей-тегжейін аталған мұнай компаниялары баспасөз орындарының өкілдеріне жария етпеуді жөн санаған деп хабарлайды сайт.

«Тараптар келісімі бойынша («МаңғыстауМұнайГаздың» активтеріне иелік ету құқын өткеріп алу туралы мәмілені аяқтауға қатысты) мерзім ұзартылды», - деген «ҚазМұнайГаз» өкілінің сөзін келтірген «Рейтер» агенттігіне сілтеме жасайды «Силк Роуд интеллидженсер»,- Дәл қазір бірқатар мәселелер шешіліп жатыр».

Сайттың айтуына қарағанда, «ҚазМұнайГаздың» өкілі мәмілені аяқтаудың жаңа мерзімі және қытайлық «Си-Эн-Пи-Си» мұнай компаниясы мен қазақстандық «ҚазМұнайГаз» төлеуі тиіс баға мөлшерінің өзгертілу - өзгертілмеуі жайында ештеңе айтпаған. Сонымен қатар, «ҚазМұнайГаз» Павлодар мұнай өңдеу зауытының 58 пайыздық үлесін сатып алу процесін аяқтағандығы жайлы мәлімдеме таратқан.

Бұл үлес алдында «МаңғыстауМұнайГаздың» иелігінде болған еді. Аталған 58 пайыздық үлесті «“ҚазМұнайГаз” сауда үйі» компаниясы сатып алып отыр – бұл «ҚазМұнайГаздың» бөлшек саудамен және нарықта мұнай өнімдерін сатумен айналысатын еншілес фирмасы болып табылады. Компания сатып алу бағасының нақты көлемі туралы ақпарды жарияламаған. Зауыт акцияларының қалған 42 пайызы елдегі Мемлекеттік жекешелендіру жөніндегі комитеттің қарамағында қалып отыр деп атап көрсетеді аталған сайт.

«МАҢҒЫСТАУМҰНАЙГАЗ» - МИЛЛИАРДЕР КОМПАНИЯ

«Апстрим онлайн» сайты да Қазақстан және Қытай мемлекеттік мұнай компанияларының біріккен негізде «МаңғыстауМұнайГаз» фирмасының активтерін 3,3 миллиард АҚШ долларына сатып алу жоспарын іс жүзіне асыруды кейінге қалдырып отырғанын хабарлайды. Бастапқы жоспарға сай, «МаңғыстауМұнайГаздың» активтерін сатып алу процесі осы жылдың шілде айында тамамдалуы керек болған. Бұл процесті іс жүзіне асыру Қытайдың Қазақстанға 10 миллиард доллар «мұнайға айырбас ретінде несие» беруі жөніндегі осы жылдың көктемінде қол қойылған келісім – шарттың құрамдас бөлігі болып табылады. Басшылығының кеңсесі Ақтау қаласында орналасқан

«МаңғыстауМұнайГаздың» қарамағындағы мұнай қорының жер қойнауындағы қалдық көлемі 812 миллион тоннаны құрайды, оның 194 миллионы өндіруге болатын шикізат қоры болып саналады" деп жазады сайт.

Бұл баррелмен есептегенде 1 миллиард 400 миллион баррелдей өндіруге болатын мұнай қорының көлемі бар екендігін білдіреді. «Би Би Сидің» сенбі, тамыздың 8 жұлдызында, таратқан мәлімдемесіне қарағанда, «Брент» маркалы мұнайды жеткізіп беруге қатысты фьючерстік келісімшарттар бойынша Лондонда аталған уақытта 1 мұнай баррелінің бағасы 73,14 долларға тең болған. Демек, компанияның бейшикізаттық активтерін есепке алмағанда, «МаңғыстауМұнайГаздың» бүгінгі күнгі нарықтық бағасы 100 миллиард АҚШ долларынан асып кетіп отыр.
XS
SM
MD
LG