Accessibility links

Уильям Фиерман: Қазақстандағыдай тіл түйткілі әлемнің өзге елінде кездеспейді


Америкалық профессор - Уильям Фиерман. Алматы, 2 шілде 2010 жыл. Сурет АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігінен алынды.
Америкалық профессор - Уильям Фиерман. Алматы, 2 шілде 2010 жыл. Сурет АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігінен алынды.

АҚШ-тың Индиана университеті саясаттану факультеті Орталық Еуразияны зерттеу кафедрасының профессоры Уильям Фиерман ондаған жылдар бойы Орталық Азия аймағындағы тіл саясаты мен ұлтшылдық мәселелерін зерттеумен айналысып келеді. Ғалымның ойынша, Қазақстандағыдай тілдік жағдай ешбір елде жоқ және бұрындары популизммен айналысып келген ұлтшылдар соңғы кездері нақты іске кірісе бастаған.


«БҰЛ – ҚАЗАҚТАРҒА ҚАРСЫ ДИСКРИМИНАЦИЯ»


Саясаттану ғылымының докторы, профессор Уильям Фиерман қазақ тілін біршама жақсы меңгерген. Ол Қазақстанда тілдік саясаттың дұрыс қолға алынбағанын сынай отырып, Моңғолияны үлгі етеді.

– Жақында мен Моңғолияда болдым. Моңғолияның кітаптар дүкендерінде балаларға арналған кітаптар өте көп. Мұны Қазақстанмен салыстыруға да келмейді. Бірақ Моңғолия Қазақстан сияқты ресурстарға бай мемлекет емес. Десе де, мемлекет балаларға арналған сапалы кітаптардың көптеп шығарылуына мүдделі болуы тиіс. Назар аударатын жәйт, балаларға арналған қазақша кітаптар тым қымбат тұрады. Егер де 15 жыл бұрын сапалы, қазақтілді бағдарлама, оқулықтарды балаларға арнап көптеп шығарғанда, қазір 11 сыныпта оқитын Таня, Маша мен Олег қазақ тілін біршама білер еді. Яғни, қазіргі таңда балаларға арналған сапалы қазақша бағдарламалардың санын да, сапасын да арттыру қажет, – деп атап көрсетті.

Ғалым 1989 жылы қабылданған тілдік заңнаманың қазақша нұсқада «Тіл туралы» заң ретінде, ал орысша нұсқада «Закон о языке» емес, «Закон о языках» ретінде қабылданып кеткеніне таңданысын жасырмайды.

Бұл турасында ол былай дейді:

– Осы заң Балтық жағалауы елдерінде қабылданған тілдік заңдарға ұқсайды. Бірақ Қазақстандағы ахуал Балтық жағалауы елдеріндегі жағдайға қарағанда мүлдем басқаша еді. Тәуелсіздіктен кейін көпшілік Балтық жағалауы елдері сияқты Қазақстанда да қазақ тілі өз мәртебесіне ие болады деп үміттенді. Бірақ бұл мүмкін емес-тін.

Ғалымның айтуынша, Қазақстандағы тіл мәртебесіне тым асығыстық әрекеттер де кері әсер еткен.

– Қазақ тілін жылдам оқыту әрекеттері қолға алынды. Бірақ оқу ордаларында мұның алғышарттары жасалмады. Оқулықтар мен сапалы мамандар жасақталмады. Меніңше, көпшілік қазақ тілін төмен сапамен байланыстырып жатты, – деп ойын түйіндейді америкалық ғалым.

Оның айтуынша, 1989 жылғы халық санағы бойынша, Қазақстанда тұратын қазақтар арасында орыс тілін жетік меңгергендер саны 65 пайыз болса, Қырғызстанда бұл сан 35 пайыз, ал Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстанда жергілікті ұлт арасында орыс тілін білу деңгейі 20-25 пайызға да жетпеген.

Жалпы, Қазақстанда Совет одағы тұсында тілдің кері кетуіне америкалық ғалым демографиялық ахуалдың, яғни қазақтардың қалаларда аз тұрғанын басты себеп ретінде көрсетеді. «Ал бүгінгі күні қазақ тілін үйрету методикасын өзгерту қажет» деген тұжырым жасайды ол.

«Менің білуімше, мұнда қазақ тілін білген өзге ұлт өкілдерінің жалақысын көбейту әрекеттері бар. Бірақ үстеме жалақыны қазақтарға емес, тек өзге ұлт өкілдеріне төлеу дұрыс емес. Меніңше, қосымша жалақыны ұлтына қарамастан, бәріне бірдей беру керек. Теңсіздік неде? Біз Қызылордада тұратын Ваняға тілді білгені үшін қосымша жалақы береміз, бірақ Петропавлда туған Азаматқа ақша бермейміз... Кешіріңіз, мұнда тілді білу үшін кім көбірек атсалысуы керек? Меніңше, бұл - қазақтарға қарсы дискриминация», – дейді профессор Уильям Фиерман.

«ҰЛТШЫЛДАР БҰЛ ЕЛДІ ТЫМ ЕРТЕ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ ЕТКІСІ КЕЛДІ»

Ұлтшылдық тақырыбын да зерттеумен айналысып келе жатқан ғалым:

– Мен өз мақаламда мұндағы ұлтшылдардың бұл елді тым ерте Қазақ мемлекеті еткісі келетінін жаздым. Олар қазақ тілін саяси капиталға популизм арқылы айналдырғысы келген сияқты. Меніңше, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары олардың көбі мемлекеттің нақты статусын көтеруден гөрі, өздерінің саяси капиталын арттыруды көздеген сияқты. Яғни, көп сөз болса да, іс аз болды, – дейді.

Бірақ Уильям Фиерман Батыс Еуропа елдерімен салыстырғанда, жаңадан тәуелсіздік алған елдердегі ұлтшылдықтың өз ерекшеліктері барын айтады.

«Меніңше, қазір ұлтшылдар нақты іспен айналыса бастаған сияқты. Мен өз мақаламды жазғанда, ауылдан ағылған қазақтардың қалаға келіп: «Қазақ тілі қайда?» деп сұрайтынына да баса назар аударған едім. Яғни, ауылдан келген адам өзін екінші сорт адамы ретінде және өз мемлекетінің қаласында бөтен сияқты сезінетін. Меніңше, бұл өз кезегінде популистерге жол ашты: олар Қазақстанды бірінші кезекті қазақтар үшін қалыптастырғысы келді», – деді шетелдік ғалым.

Фиерманның ойынша, постсоветтік кеңістікте әлі де Сталиннің тезистеріне деген сенім зор. Бұл орайда ол: «Бұл жерден орыстар кетсе, бұл да жаман емес деп ойлайтындар бар. Менің ойымша, Совет одағының ұлттар доктринасы Сталиннің 1931 жылғы тезисімен үндес еді: әрбір ұлттың өз территориясы, тілі мен тарихы бар. Яғни, белгілі бір аумақтағы ұлттың өз мүмкіндіктері болса, ал қалғандары бөтен боп қабылданатын. Адамдардың көбі әлі күнге дейін бұған сенеді. Осының аяғы экстремизмге, яғни этникалық тазалауға да әкеп соғуы мүмкін ғой. Сондықтан бұл - өте қауіпті», - дейді. Орталық Азия Одағының болашағына сенбейтін ғалым діни ұстанымдардың да еркін болуын қалайды. Иудаизм дінін ұстанатынын жасырмаған ол «әрбір адамның дінді таңдау еркіндігі барын» баса айтады.

(Уильям Фиерман – «Тіл туралы заңдарды жүзеге асыру: бес республикадағы қайта құру және заң мәселелері» кітабының ауторы, «Советтік Орталық Азия», «Жолы болмаған» қайта құру» кітабының құрастырушысы, сондай-ақ, «Бөтен діндердің қаупін сезіну», «Қазақтілді ақпарат құралдарының реакциясын талдау», «Қала демографиясының өзгеруі және Қазақстандағы ұлтшылдық болашағы» және т.б. ғылыми мақалалардың ауторы).
XS
SM
MD
LG