Accessibility links

Қазақ хандарының ескерткішіне қатысты дау шығармашылық жікке ұласты


Нұрлан Далбай (сол жақта) және Қазбек Жарылғапов, «Қазақ елі» монументінің ауторлары. Алматы, 16 қараша 2009 жыл.
Нұрлан Далбай (сол жақта) және Қазбек Жарылғапов, «Қазақ елі» монументінің ауторлары. Алматы, 16 қараша 2009 жыл.

Астанадағы «Қазақ елі» монументінің ауторлары қар астында жатқан қазақ хан, батырларының ескерткіші төңірегіндегі дау-дамайды еш негізсіз қоздатты деп суретші Сембіғали Смағұловты кінәлады. Ал, Сембіғали Смағұлов бұл ескерткіштерді кәсіби дайындығы жоқ адам жасаған деген айыптауларды жоққа шығарды.


16 қараша күні бір топ мүсінші, сәулетші, суретшілер Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, Керей мен Жәнібек хандардың және қазақ батырларының даулы ескерткіші жайында өз пікірлерін білдірді. Олар ескерткіштерге қатысты дау-дамайдың өрбуіне суретші Сембіғали Смағұловты кінәлады.

Мүсінші Марат Мансұровтың айтуынша, 2006 жылы Астана қаласындағы Тәуелсіздік монументіне әу баста 12 жоба ұсынылған. Сөйтіп, сәулетші Қазбек Жарылғапов пен мүсінші Нұрлан Далбайдың жобасы бірінші орынға лайықты деп танылған. Содан кейін жоба ауторларына шығынның есеп-қисабын жасау жүктелген. Және оларға 2006 жылдың 25 желтоқсанына дейін ресми түрде жеңімпаздар жария етіліп, әрі қарай келісімшарт жасалатыны айтылған. Әйтсе де, ол айтылғандар орындалмаған.

– 2007 жылдың қаңтар айында Қазбек Жарылғапов пен Нұрлан Далбай Астана қаласы әкімшілігіне ашық байқаудың қорытындысы туралы хаттаманы ұсынуды өтініп, хат жазған. Хатқа жауап болмаған. Есесіне, басқа адамдардың атымен, ұқсас жоба пайда болған. Сол тұста Қазбек Жарылғапов пен Нұрлан Далбай қалыптасқан жағдайды түсіндіруді сұрап, әкімшілікке тағы хат жазған. Оған да жауап болмаған. Кейінірек Сембіғали Смағұловты жеңімпаз деп таныған жаңа хаттама пайда болған. Алайда, Сембіғали Смағұловтың жобасы алдындағы жеңімпаз атануға лайықты деп танылған жобаға өте ұқсас болып шыққан. Бұл ауторлары ауысқан бір жоба ма, жоқ әлде кездейсоқтық па? – деді мүсінші Мұрат Мансұров.

«ЭСТЕТИКАЛЫҚ ТАЛҒАМҒА САЙ ЕМЕС»

Астананың бір шетінде ашық далада қар басып тұрған қазақ хандары Жәнібек пен Керейдің және батырлардың ескерткіштері. 12 қараша 2009 жыл.
Бұдан кейін «Қазақ елі» монументінің ауторлары журналистерге Сембіғали Смағұловты тәжірбиелі кәсіби мүсінші емес, суретші деп сипаттады. Сондықтан да, ол бұл жобаны дайындаушыларды жинақтаған-мыс. Сөйтіп, сәулетшілер мен мүсіншілердің мәліметіне қарағанда, Қазақстанда орнатылатын ескерткіш, монументті тексеретін мемлекеттік комиссияның хаттамасында Сембіғали Смағұловтың «Қазақ елі» эскизі қабылданып, оған эскиздің әрі қарай жасалу барысында толықтырылуы тиіс тұстары айтылған.

Алайда, жобаның жұмыс моделін және одан әрі үлкейтілген моделін қабылдағаны я қабылдау туралы мемлекеттік комиссияның хаттамасында бір ауыз сөз болмаған дейді баспасөз мәслихатын ұйымдастырушылар. Сондықтан да, Сембіғали Смағұловтың эскизі мемлекеттік комиссия тарапынан ескертулермен қабылданғанымен,олар мүлдем еленбей қалған, ал, жобаның құжатсыз болып шығуының да мәні сонда жатыр деп атап көрсетті олар.

– Жай ғана барып көріңіздер, сөз болып отырған «өнер туындысын». Бұл әйгілі қытай сарбаздарының мүсіндері. Тек атқа отырғызылған. Даурықпай, әлемнің өнер тарихын ашып қарайықшы. Содан қазіргі заманғы қазақ өнері дегеннің не екенін және қытай өнері дегеннің не екенін көруге болады. Олардың қарулары, кескін-келбеті бәрі-бәрі сойып қаптап қойған әйгілі қытай сарбаздарының мүсіндері. Бұл
«Қазақстанның көркем өнер академиясы» қоғамдық қорының президенті Лаура Оразбекова (сол жақта) және мүсінші Марат Мансұров. Алматы, 16 қараша 2009 жыл.
ескерткіштер бүлініп жатыр, себебі, олар сапасыз металдан жасалған. Және қалыпты құю жұмыстары дұрыс жүргізілмеген, – деді баспасөз мәслихатында суретші Қанат Ибрагимов.

Керей және Жәнібек хандар мен батырлар ескерткішінің эстетикалық деңгейі де сөз болды. «Қазақстанның көркем өнер академиясы» қоғамдық қорының президенті өнертанушы Лаура Оразбекова олардың сапасы төмен деп бағалады.

– «Қазақ елі» монументіне жасалған біздің хандардың мүсінін көріп, менің ішім ашыды.Өйткені, олар хандар өмір сүрген тарихи кезеңмен тіптен сәйкес келмейді. Себебі, бұған сол заманның этнографиялық, археологиялық, тұрмыстық мәдениеті және қарулану ерекшелігі тұрғысынан келу қажет. Ескерткіштер бір-біріне өте ұқсас болмауы тиіс, – деді Лаура Оразбекова.

«ЕСКЕРТКІШТЕРДІ КӘСІБИ МҮСІНШІЛЕР ЖАСАҒАН»

Алайда, Керей мен Жәнібек хандардың және қазақ батырлары ескерткіші эскизінің ауторы Сембіғали Смағұлов оларды кәсіби мүсіншілер жасағанын және оны осы баспасөз мәслихатын өткізген азаматтар да білетінін жеткізді.

Мүсінші Сембіғали Смағұлов. Астана, 22 қазан 2009 жыл.
– Бұл ескерткішті кәсіби мүсіншілер жасады. Олар халықаралық көрмеге қатысып жүрген мүсіншілер. Олар сондай-ақ. Абайдың, Бөгенбай батырдың ескерткішін жасаған азаматтар.

Тамыздың 28-і күні ескерткішті Мәдениет және ақпарат министрлігіндегі мемлекеттік комиссия қабылдады. Қабылдау туралы министрдің өзі маған оқып берді. Құжаттары түгел. Өйткені, сараптау комиссиясынан өтпеген дүниеге қаражат бөлінбейді. Ал, бөлінген қаржыны жай ғана барып, ала салатын менің құдіретім жоқ.

Ескерткіштің Қытайда жасалған себебі, біздегі ескерткіш құятын орындардың бәрі бос болмады. Бәрі Астананың он жылдығына облыс, қалалардың сыйлығы ретінде дайындалып жатқан ескерткіштерді құйып жатқан болатын. Сондықтан, Қытайда құюға тура келді. Қытайдағы ескерткішті құю жұмысын өзіміз қадағалап отырдық. Ескерткішті көрген әртүрлі адамдар жоғары бағалап отыр, қоғамдық қорлардан, президент әкімшілігінен ұсыныс түсіп жатыр. Қоятын орынға байланысты, – деді Сембіғали Смағұлов.


ДАУДЫҢ БАСЫ...

Қазақ мемлекетінің негізін қалаушы Керей мен Жәнібек хандардың және батырлардың ескерткіштері Астана қаласының сыртында қараусыз қалғаны туралы алғаш Азаттық радиосы хабарлаған болатын.

Қоғамдық ұйымдар мен жұртшылық өкілдері Қазақстан президетінің, үкімет басшысының және Астана қаласы әкімінің атына ашық хат жазды. Бірқатар жастар қозғалысы мен жас саясаткерлер ескерткіштің қараусыз қалғанына және лайықты орнына қойылмауына кінәлі адамдарды табуды талап етті.

Даулы ескерткіштерге байланысты бес бірдей жастар қозғалысының өкілдері Астана әкіміне хат жазып, қарашаның 22-іне дейін хатқа жауап болмаса және ескерткіштердің тағдыры біржақты шешілмесе, шеруге шығатындарын ескертті. Жастар ұйымдары шеруге шығуға рұқсат алу жөнінде Алматы қаласы әкімшілігіне өтініш жазып қойғандарын да атап өткен.

Өткен аптада Болатхан Тайжан атындағы қордың төрағасы Мұхтар Тайжан мен «Алтынбек Сәрсембайұлы қоры» қоғамдық қорының жетекшісі әрі саясаттанушы Айдос Сарым қазақ хандарының ескерткішін қоюға Астанадан лайықты орын табылатынын және оны қоғамның өзі қаражат жинап орната алатынын мәлім еткен болатын.

Қараша айының басында Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағанбетов ескерткіштерге байланысты пікірінде олар мемлекеттік комиссияда бекітілмеген деп еді. «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген мақаласында тарихшы Қойшығара Салғараұлы ескерткіштегі қазақ хандарының кесін-келбеттері қытайға ұқсап кеткен деген пікір барын жазған-ды.

Биылғы жылы 20 қыркүйекте Астанада «Қазақ елі» мемориалдық кешенінің екінші мәрте ашылды. Керей мен Жәнібек хандардың және қазақ батырлары ескерткіштерінің ауторлары бұл мүсіндер әу баста сол кешеннің бір құрамдас бөлігі болады деген тапсырыспен жасалынғанын айтады.

Алайда, қазіргі таңда даулы мәселеге айналған қазақ хандары мен батырларының ескерткіштері Астанада ашық далада қар басып қараусыз жатыр.
XS
SM
MD
LG