Accessibility links

Сталин жер аударған Қырым татарларының Киевтегі шерулері нәтижеге жетер емес


Қырым татарлары екінші дүние жүзілік соғысы кезінде тартып алынған жерлерін даулауда, шілде 2009
Қырым татарлары екінші дүние жүзілік соғысы кезінде тартып алынған жерлерін даулауда, шілде 2009

Қырым татарлары ата-баба жеріне иелікті талап етіп, бірнеше айдан бері Киевтегі Украина үкіметі үйі алдында шерулер өткізуде. Бірақ біздің үнімізге құлақ асып жатқан адам жоқ дейді олар.

Қырым татарлары Екінші дүние жүзлік соғыс кезінде тартып алынған жерлерін даулап, 90 күнге жуық уақыттан бері Украина астанасында шеру өткізуде.

Шерушілердің бірі Любовь Халилова:
-Бұл жерде ешқандай ілгерілеушілік байқалмайды. Ешкім бізбен кездесіп, жағдай сұраған емес,-деді.

Президент Виктор Ющенко аталған мәселені шешу мақсатында, өткен жылы арнайы комитет құрған еді. Алайда, нақты ешнәрсе шешілген жоқ.

Ал, комитетке бақылау жасайтын Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің өкілі Володимир Хаптар жер дауын шешу сенімді қолда, сондықтан шерулерді тоқтату керек дейді.

Тарихқа үңілер болсақ, советтік диктатор Иосиф Сталин Қырым татарларын жер аударуға бұйрық берген еді.
Себеп-аталған түркі тектес халық өкілдері фашистік Германиямен әріптестік орнатқан-мыс.

Үш-ақ күнге созылған сол жолғы жер аудару барысында 180 мыңнан аса Қырым татарлары мал таситын вагондармен Орта Азия мен Сібірге айдалған болатын.

Өкінішке қарай, олардың 40 пайыздайы жолда немесе жер ауып барған жерлерінде, алғашқы жылы-ақ көз жұмған екен.

Кремль оларды ақтап, туған отандарына оралуларына 1980 жылдары рұқсат еткенімен, алайда Совет үкіметі де, одан кейінгі тәуелсіз Украина мемлекеті де татарлардың атамекендеріне қоныстануларына жағдай жасаған емес.

Өткен 20 жыл ішінде 270 мыңдай Қырым татарлары Қырым түбегіне қайта оралған екен. Олардың көпшілігі өткен жылдарда салынған уақытша мекендерінде өмір кешуде.

Алайда аталған халық қазіргі кезде Қырым түбегі тұрғындарының 12 пайызын ғана құрап отыр.

Қырым татарлары ата-баба жерлерін қайтарып алу үшін бірлесе күресіп, өз халқына қарсы жасалған жер аудару үдерісінің "тарихи қылмыс" деп танылуын бір ауыздан талап етуде.

Биылғы жылдың мамырында олардың жер аударылғанына 65 жыл толды. Осы оқиға тұсында Қырым татарларының әлемдік алғашқы конгресі өткізілді.

Конгресс барысында 20 мыңдай адам Қырымның бас қаласы- Симферопольде хұқықтарының сақталуын талап етіп, шерулер өткізді.

Дей тұрғанмен Қырым татарлары өз құқықтарына қол жеткізу барысындағы күреске байланысты екіге бөлініп отыр.

Мысалы, Қырым татарлары мәжілісінің басшысы Мұстафа Джемиловтың айтуынша, мәселені дипломатиялық тәсілдер арқылы шешуге болады. Бұл бағытты жақтаушылар да едәуір.

Ал, өзгелерінің пікірінше, мақсатқа тек аштық жариялау мен шерулер арқылы ғана қол жеткізуге болады.

Ющенко Қырым татарлары мен басқа да азшылық өкілдерінің жер аударылуы себептерін зерттету мақсатында арнайы топ құрғызған еді. Нәтиже - жоқтың қасы.

Қырым татарлары Ющенконың қызғылт-сары төңкерісін қызу қолдаған еді. Алайда билік тиісті көмек көрсете алмауда.

Қара теңізде Ресейдің әскери-теңіз флоты орналасқан. Осынау стратегиялық маңызды аймақтағы "Қырым татарларының бойындағы тәуелсіздікке деген ұмтылысты қыздыра түсуде" деп кейбір украиндықтар Кремльді айыптауда.

Қырым татарлары Украинаны геноцид үшін айыптап, мұның өзі Батыспен әріптестігіне нұқсан келтіретінін айтып, мәлімдеме жасады.
XS
SM
MD
LG