Accessibility links

Ауғанстанда әйел зорлау оқиғасы жұртты наразы етті


Әйел зорлағаны үшін сотталған адамдар Кабул сотында отыр. Ауғанстан, 7 қыркүйек 2014 жыл.
Әйел зорлағаны үшін сотталған адамдар Кабул сотында отыр. Ауғанстан, 7 қыркүйек 2014 жыл.

Ауғанстанда топтасып адам зорлаған жеті кісінің сотталуы елдегі әйелдер құқықтарын жақсартуға сеп бола ма деген үмітті оятқан. Алайда қылмыскерлердің «жарының көзіне шөп салғаны және кісі тонағаны үшін сотталғаны» күдік тудырды.

Полицей киімін киген он шақты ер адам Ауғанстан астанасы Кабул қаласының маңындағы Пагман ауданында үйлену тойынан қайтып келе жатқан машиналар керуенін тоқтатқан. Олар көліктердегі әйелдерді күшпен алып шығып, ұрып-соғып, әшекей бұйымдарын тартып алып, өздерін жол шетіне апарып зорлаған. Жәбір көрген әйелдердің бірі екіқабат екен. Зорлықтан зардап шегіп, ес жия алмаған бір әйел кейінірек қайтыс болды.

ХАЛЫҚ НАРАЗЫЛЫҒЫ

Тамыздың 23-інде болған бұл оқиға туралы ақпарат бірнеше күн өткен соң ғана таратылды. Әйелдерге жиі әлімжеттік жасалатын елде бұлайша қатыгездікпен тонап, зорлау әрекеті үлкен шу болды.

Бұл қылмыс бүкіл Ауғанстан халқының ашу-ызасын туғызды. Кабулда және басқа қалаларда ер-әйелі аралас мыңдаған адам наразылық білдіріп көшеге шығып, қылмыскерлерді жұрт алдында жазалауды талап етті.

Әйел зорлау оқиғасына наразы халықтың шеруі. Ауғанстан, 7 қыркүйек 2014 жыл.
Әйел зорлау оқиғасына наразы халықтың шеруі. Ауғанстан, 7 қыркүйек 2014 жыл.

Жұрттың қысымына ұшыраған полицейлер жеті күдіктіні тез арада қолға түсірді. Қыркүйектің 7-сінде Кабулдағы сот залында өткен сот процесін республикалық телеарналар тікелей эфирден көрсетті. Екі жарым сағатқа созылған сот отырысының нәтижесінде қылмыскерлер өлім жазасына кесілді.

Үкімнің шапшаң шығуы, әділдіктің тез орнауы әйелдердің қоғамдағы орны мардымсыз елде олардың құқықтарын қорғау ісінде үлкен бетбұрыс басталды деген үміт отын оятқан. Ауғанстанда зорлыққа ұшыраған әйелдер сотқа жүгінген жағдайда көбіне өзі «күйеуінің көзіне шөп салды» деп айыпты болып, нағыз қылмыскер жазадан құтылып кетіп жатады.

Елді дүрліктірген соңғы оқиға қылмыскерден жапа шеккен әйелдердің бұдан былай ұятты ойлап үнсіз қалудың орнына әділдік іздеп арыздануға деген құлшынысын арттырды дейді кейбір сарапшылар.

Ауғанстанның адам құқықтары жөніндегі тәуелсіз комиссиясының әйел құқықтары бойынша комиссары Сорая Собрангтың айтуынша, бұл үкім жұртшылыққа үлкен ой салды.

– Бұл жолы халықтың санасында мұндай қылмыс жасағандарға «бізде заң бар, әділдік жеңіске жетеді» деген ескерту жасалды деген тұжырым қалыптасты, – дейді ол.

Бұл қылмыс республикалық ақпарат құралдарында, интернетте, әлеуметтік желілерде кеңінен талқыға түсті. Twitter желісінде оған #Paghman деген арнайы хэштег те берілді.

ЗОРЛАНҒАН ӘЙЕЛДІҢ ӨЗІН СОТТАУ

Ауғанстанның азаматтық қоғам қауымдастығының басшысы Азиз Рафенің айтуынша, «елде бұрын да жаппай әйел зорлау оқиғалары жиі болып тұратын, бірақ Пагмандағы қылмыс озбырлығы жағынан бәрінен асып түсті».

Әйел зорлаған адамдардың соты. Кабул, 7 қыркүйек 2014 жыл.
Әйел зорлаған адамдардың соты. Кабул, 7 қыркүйек 2014 жыл.

– Бұл оқиға президент сарайынан он-ақ шақырымдай жерде, халық бала-шағасымен бірге демалатын орында болды. Жергілікті ақсақалдар жәбірленуші әйелдердің ар-намысын қорғау үшін қылмыскерлерді қатаң жазалауды және Пагман ауданының қауіпсіз жер екендігін дәлелдеу үшін күзетті күшейтуді талап етті, – дейді ол.

Рафе бұл айуандыққа дүйім жұрттың жұмыла қарсылық білдіргеніне қуанғанымен, үкімнің өзімен келіспейді. Оның айтуынша, әйелдерді қорлағандар кісі зорлағаны үшін емес, «қарулы қарақшылық жасағаны үшін» және «әйелінің көзіне шөп салғаны үшін» айыпты деп танылған.

– Егер біреу әйелге шабуыл жасап зорласа, оны «әйелінің көзіне шөп салды» деп емес, «кісі зорлады» деп соттау керек. Мұнысы ақылға қонымсыз, – дейді Азиз Рафе.

Рафенің айтуынша, әйелдердің құқықтарын қорғауда ауған қоғамы әлі нағыз бетбұрыс бастаған жоқ, бірақ алда ұзақ жол бар.

«Бұл үкім тек халықтың көзін алдау үшін шықты, жұрттың қызығушылығы бәсеңдеген соң сот шешімін қайта өзгертеді» деген де пікір айтылды. Айыпкерлердің апелляциялық шағым беруге қақысы бар. Бұл процесс тағы бірер аптаға созылуы мүмкін.

Азаттық тілшісі Фарангиз Наджибулланың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

XS
SM
MD
LG