Accessibility links

Ильхам Әлиев журналистерге пәтер таратты


Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев жаңа тұрғын үйді тапсыру рәсімінде сөйлеп тұр. Баку, 22 шілде 2013 жыл.
Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев жаңа тұрғын үйді тапсыру рәсімінде сөйлеп тұр. Баку, 22 шілде 2013 жыл.

Журналистерге деген қарым-қатынасы мен БАҚ еркіндігін шектеу жағынан жиі сыналатын Әзербайжан билігі Бакудегі көп қабатты үйден 150 журналиске пәтер берді.

Баспасөз еркіндігіне қатысты әлемдік рейтингтің төменгі жағында тұратын Әзербайжан билігі журналистерге үй салып беріп, көңілін ауламақ сияқты.

ӘЛИЕВ ӨЗІН "ЖУРНАЛИСТЕРДІҢ ДОСЫ" САНАЙДЫ

Әзербайжанда шілденің 22-сі, Ұлттық баспасөз күні ел президенті Ильхам Әлиев Бакудегі көпқабатты үй ғимаратының ашылу салтанатына қатысты. Бұл шара, бір қарағанда, жазушылар мен басқа да мәдениет өкілдерін пәтермен жарылқайтын советтік тәжірибені еске салады. Әлиевтің салтанатты шараға қатысты сөзі елдегі БАҚ бостандығын мадақтауға толы болды, ал әлемдегі баспасөз құралдарының БАҚ еркіндігін саралайтын «Шекарасыз репортерлер» тізімінде Әзербайжан 179 елдің ішінде 156-орында тұрғаны белгілі.

Президент Ильхам Әлиев (ортада) журналистермен бірге. 23 шілде 2013 жыл.
Президент Ильхам Әлиев (ортада) журналистермен бірге. 23 шілде 2013 жыл.
Биби-Эйбаттағы ғимаратта ілулі тұрған «Журналистің досы болу деген үлкен құрмет!» деген жазу да президент Әлиевтің сөзінен үзінді етіп алынған. Әлиевтің айтуынша, тұрғын үй жобасы Әзербайжандағы ешбір салада дискриминацияның жоқ екенін көрсетеді.

«Интернет журналистика басқа елдердегідей дамып жатыр. Мемлекет интернетті тарату бағдарламаларын дайындады. Солайша, сөз бостандығы толығымен қамтамасыз етілді деп айта аламыз» деді ол.

Бірақ, тәуелсіз журналистердің біразы Әлиевтің «достығына» күмәнмен қарайды. Жыл басында журналистерді қорғау комитеті Әзербайжаннан БАҚ-ты қудалауды доғаруды өтінген болатын. Газет редакторы, тәуелсіз журналист Хилал Мамедов саяси айып тағылып түрмеде жатыр. Өткен айда президент онлайн ғайбатқа қарсы қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы парламент қабылдаған заңға қол қойды. Бұл заң тәуелсіз БАҚ тарапынан сынға ұшырады, олар осылайша бөгде ойлылардың алдын алып, қазандағы президент сайлауы кезінде тәуелсіз журналистерге кедергі жасамақ дейді.

«ҮКІМЕТТЕН СЫЙ АЛСАҢ, ОНЫ СЫНАЙ АЛМАЙСЫҢ»

Пәтерлер жобасын қаржыландырған, БАҚ-ты дамытуды мемлекеттік қолдау қорының атқарушы директоры Вугар Сафарли пәтерге ие болған тәуелсіз журналистердің де бар екенін айтты. Тәуелсіз журналистердің көп қысым көретінін ескерсек, биліктің жомарт әрекеті журналистерді сатып алудың амалы емес пе деген ой келеді. БАҚ сарапшысы, Баку мемлекеттік университетінің профессоры Гулу Магеррамли Азаттықтың әзербайжандық тілшісіне былай деді:

Әзербайжандық журналистер. Көрнекі сурет.
Әзербайжандық журналистер. Көрнекі сурет.
«Еркін БАҚ деген не? Еркін баспасөз құралы барлық ұйымдарға, соның ішінде үкіметке де тәуелсіз болуы керек. Журналистиканың негізгі міндеті – үкіметті қоғамдық бақылауға ықпал ету. Ал үкіметтен пәтер алсаң, оны қалай сынайсың? Сондықтан мемлекеттен пәтер алып, ақталғанша, дәлел іздегенше жұмыстан кеткен дұрыс деп ойлаймын».

Дегенмен, пәтер беру рәсіміне журналистердің бәрі бірдей қуана қоймаған сияқты. «Ени Мусават» оппозициялық газетінің тілшісі Роя Рафиева Азаттыққа үкіметтің баспасөз кеңесі редактордан пәтерге мұқтаж журналистердің тізімін сұрағанын айтады.

Рафиева газетте 4 жыл қызмет еткен, сондықтан тәжірибесі аз саналып, пәтерден қағылған. Газетте тек 10 жылдан астам қызмет еткендерді үміткер қатарына қосқан. Рафиеваның айтуынша, бұрыннан пәтері бар адамдар қайтадан баспаналы болыпты, сондықтан болашақта пәтер беру процесін реттеп, жариялы ету керек дейді.

Арифа Казимова мен Диана Кьюканың мақаласын аударған – Динара Әлімжан
XS
SM
MD
LG