Accessibility links

Қадырбаев тағылған айыпты мойындады


Бостон марафонындағы жарылысты ұйымдастырды деп айыпталған Джохар Царнаев (оң жақта) пен "тергеуге кедергі келтірмек болды" деген айып тағылған қазақстандық Диас Қадырбаев. (Царнаевтың "ВКонтакте" әлеуметтік желісіндегі парақшасынан скриншот)
Бостон марафонындағы жарылысты ұйымдастырды деп айыпталған Джохар Царнаев (оң жақта) пен "тергеуге кедергі келтірмек болды" деген айып тағылған қазақстандық Диас Қадырбаев. (Царнаевтың "ВКонтакте" әлеуметтік желісіндегі парақшасынан скриншот)

АҚШ-та терактіге байланысты істі болған Диас Қадырбаев айыбын мойындап, тергеуге болысуға келісті. Прокурорлар енді оның жазасы біршама жеңілдеуі мүмкін дейді.

Бостон марафонындағы жарылысқа қатысты істе айыбын мойындаған қазақстандық Диас Қадырбаевтың жазасы жеңілдеуі мүмкін деп хабарлады Reuters агенттігі.

Қазір АҚШ-та қамауда отырған Диас Қадырбаевқа бұған дейін "терактіні тергеу ісіне кедергі келтірмек болды" деген айып тағылған.

Тамыздың 21 күні Бостонның округтік сотында өткен тыңдауда айыптаушы тарап - прокуратура өкілдері Қадырбаевтың өз айыбын мойындап, тергеушілермен келісімге келгенін, осылайша оған жеті жылдан аспайтын мерзімге жаза қолдануға болатынын айтқан. Қадырбаев бұған қоса өзін АҚШ-тан депортациялауға да келіскен. Бірақ округтік судья Дуглас Вудлак келісімді бірден қабылдай алмайтынын білдірді.

Агенттік ақпаратына қарағанда, сот тыңдауына Диас Қадырбаевтың әкесі де қатысқан. Соттан кейін Қадырбаевтың адвокаты Роберт Стал Диас Қадырбаев "өзінің іс-әрекеті үшін жауапкершілікті толық мойнына алатынын" және "Джохар Царнаевтың немесе оның ағасы Тамерланның теракті ұйымдастырғанын білмегенін" айтқан.

"Диас жас қой. Ол жарылыс болғанда және мұндай теріс шешім қабылдайтын кезде 19-ға толмаған" деді Стал журналистерге.

Диас Қадырбаевтың ісі бойынша үкім 18 қараша күні шығарылады деп жоспарланған.

АҚШ тергеу орындары Диас Қадырбаев пен тағы бір қазақстандық Азамат Тәжаяқовқа 2013 жылы сәуірде Бостон қаласындағы дәстүрлі марафон кезінде болған жарылысқа қатысты айғақ заттарды жойып, терактілерді тексеруге кедергі келтірген деген айып тағып отыр. Тергеу деректері бойынша, жарылыстан соң үш күннен кейін басты күдікті Джохар Царнаевтың Массачусетс университетінде танысқан достары Азамат Тәжаяқов пен Диас Қадырбаев оның пиротехника салынған рюкзагы мен ноутбугінен құтылған.

Шілденің 21-і күні Бостон қаласының өлкелік сотындағы сот алқасы Азамат Тәжаяқовты терактіні тексеруге кедергі келтірді деп таныған. Оған қатысты ақтық шешім қазанның 16-сы күні шығады деп жоспарланған.

Джохар Царнаевтың тағы бір танысы – америкалық Робел Филлипоске жалған куәлік берген деген айып тағылған. Оның үстінен қозғаған іс бойынша сот келесі айда басталмақ.

2013 жылы сәуірде Бостон марафоны кезінде бірінен кейін бірі болған екі жарылыс салдарынан үш адам қаза тауып, 260-тай адам жараланған.

Джохар Царнаев айыпты деп танылса, өлім жазасына кесілуі мүмкін.

XS
SM
MD
LG