Орталық Азияның кейбір елдері Тәуелсіздік күнін биыл ерекше жағдайда атап өтті. Аймақтағы тағы бір елдерде бұл мереке саяси науқанмен тұспа-тұс келіп отыр.
Маска тәртібі. Алшақ отырған адамдар. Көрермені көрінбейтін концерт. Қырғызстан мен Өзбекстан Тәуелсіздік күнін осылай онлайн-форматта атап өтті. Қырғызстанның Тәуелсіздік күні - 31 тамыз, Өзбекстанның Тәуелсіздік күні - 1 қыркүйек. Екі ел бұл мерекені биыл бір күнде, 31 тамызда атап өтті. Сол күнгі ресми шараға барынша аз адам қатысқан. Жылдағыдай халықтық серуен, басқа да түрлі салтанатты шаралар болған жоқ. Тәуелсіздік күнін 9 қыркүйекте атап өтетін Тәжікстанда да шаралар шектелді. Бір айдан соң Қырғызстанда – парламент, Тәжікстанда президент сайлауы өтпек.
ЖҮЙЕНІ СЫНАҒАН АҚЫН ПРЕЗИДЕНТ БАҒЫТЫН ЖЫРЛАДЫ МА?
Қырғызстан астанасындағы Тәуелсіздік мерекесі Бішкектің Ала-Тоо алаңында аталып өтті. Онда ара қашықтықты сақтай отырып жиналғандар алдында президент Сооронбай Жээнбеков сөз сөйледі. Оның айтуынша, елде індет толық тежелмегенімен, баяулаған, бірақ жағдай алаңдатарлық күйде қалып отыр. Қырғызстан президенті осындай жағдайда парламент сайлауы ашық өткізілетіндігін айтады.
Осы шарада айтыс ақыны Аалы Туткучевтің айтқандары ел назарын аудартты. Ол өзінің Тәуелсіздік мерекесіне арнауында елде коррупцияның кең жайлағанын айтып, билікті сынайды. Ақын "шіріген жүйе" салдарынан медицинаның ақсағанын, елде жемқорлық кең тарағанын, сот, кеден және сайлау орындарындағы заңсыздыққа тыйым болмай отырғанын жырлайды.
Ақын Аалы Туткучевтің Қырғызстан Тәуелсіздігінің 29 жылдығына арнауы
Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков бұл туралы 5 қыркүйекте "Биринчи радио" тілшісінің сұрақтарына жауап берген. Онда президент ақынның арнауын "менің президенттік ісімдегі негізгі бағыттарды жырлады", "менің саясатымды елге жақындатты" деп қабылдағанын білдірген.
Қырғызстан президенті "Биринчи радиоға" Тәуелсіздік күні алдында берген сұхбатында Қауіпсіздік кеңесінің алдағы жиынында коррупцияға қарсы стратегия және сот реформасы талқыланатынын айтқан болатын.
Қырғызстан тәуелсіздігі күні Бішкекте онлайн концерт өткізіліп, кешке мерекелік отшашу болды.
Қырғызстанда 4 қазанда парламент сайлауы өтеді.
Қырғызстан – Орталық Азия аймағында анализінен коронавирус табылғандар мен клиникалық белгісі коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққандар санын біріктірген бірінші ел. Шілде айынан бастап, індетке шалдыққандар статистикасы біріктіріліп жарияланып келеді. Коронавирусқа шалдыққан алғашқы науқас Қырғызстанда 18 наурыз күні белгілі болды. Қазірге дейін індетке шалдыққандар саны 44 мың 300-ге жуықтаған. Жағдай ушыққанда 30 шілдені Қырғызстанда коронавирустан қаза тапқандарды еске алу үшін Ұлттық аза күні ретінде жарияланған.
КӨКСАРАЙДА АЙТЫЛҒАН БОЛМАШЫ РАҚЫМШЫЛЫҚ
Өзбекстанда 1 қыркүйек Тәуелсіздік күні осымен, екінші рет жоспарланған деңгейде атап өтілмей қалды. Біріншісінде, 2016 жылы тұңғыш президент Ислам Каримовтың қазасы Тәуелсіздік күнімен тұспа-тұс келді. Оның қайтыс болғаны туралы ресми түрде 2 қыркүйекте жарияланды. Екінші рет биыл, пандемияға байланысты Өзбекстандағы Тәуелсіздік мерекесі күнгі шаралар шектелді.
Өзбекстанда Тәуелсіздік күні алдында, 31 тамыз – Репрессия құрбандарын еске алу күні, одан кейін 2 қыркүйек елдің тұңғыш президенті Ислам Каримовты еске алу күні ретінде белгіленген. Өзбекстанда Тәуелсіздік мерекесіне орай биыл үш күн демалыс жарияланды.
Тәуелсіздік күнгі шаралардың ресми бөлігінде президент Шавкат Мирзияев бір жарым сағатқа жуық сөйледі. Көксарай резиденциясында өткен бұл шарада ол ағымдағы ахуалға тоқталған. Ол "Жаңа Өзбекстан" туралы айтып, "Өзбекстанда үшінші ренессанс – жаңғыру дәуірінің іргетасы қаланғанын және "бүгінгі Өзбекстанның кешегі Өзбекстан емес" екенін айтқан.
Ол елдегі адам құқығы мәселесіне де тоқталған. Елде адам құқығы бойынша ұлттық стратегия қабылданғанын айтқан президент сот-құқық жүйесі жетілдіріліп, қылмыстық заңнамалар либерализацияланып жатыр деген. Өзбекстан басшысының айтуынша, Тәуелсіздік күніне байланысты "ісіне шынайы өкініп, түзелуге шындап бет қойғандарға" рақымшылық жарияланып, 73 адам түрмеден босап, 40 адамның жазасы жеңілдетілген.
Өзбекстан ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, түрмеде отырған сотталушылар саны қазір 23 мыңға жуықтайды.
ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТТІ ЕСКЕ АЛУДЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ
2 қыркүйек күнгі тұңғыш президент Ислам Каримовты еске алу күнінде Шавкат Мирзияев оның ескерткішіне гүл шоғын қойып, Каримовтың құрметіне салынған мемориалдық кешенде аруағына Құран бағыштады.
Бұрын жыл сайын ресми шарадан басқа Ислам Каримов қоры да арнайы еске алу шарасын өткізетін. Биыл тұңғыш президентті еске алу шарасы қарсаңында бұрынғы президенттің жесірі Татьяна Каримованың коронавирусқа шалдыққаны жайлы сөз тарап, соңынан қор бұл мәліметті жоққа шығарды. Кейін ол ел президенті қатысқан ресми еске алу шарасында жүргені байқалды.
Каримов қоры таратқан тағы бір видеода Татьяна Каримова көпшілікті пандемия кезінде Ислам Каримовтың 80 жылдығы құрметіне өткен еске алу кешіндегі ескі видеоны тамашалауға шақырады. Бұл шара бұдан екі жыл бұрын өткізілген еді.
Ислам Каримов атындағы қайырымдылық қорды Татьяна Каримова мен қызы Лола Каримова-Тилляева құрған. Каримовтың үлкен қызы Гүлнара Каримова әкесі тірі кезде бес жылға сотталған. Ол биыл тағы да 13 жыл 4 айға бас бостандығынан айрылды.
Өзбекстанда алғаш коронавирусқа шалдыққан науқас 15 наурызда анықталып, бүгінге дейін індетке шалдыққандар ресми мәлімет бойынша 43 мыңға жуықтаған. Қаза тапқандар саны – 338. Өзбекстанда індетке байланысты оқу жылы ауылдарда – 7 қыркүйекте, қалаларда 14 қыркүйекте басталады. Оған дейін мұғалімдер тұмауға қарсы екпе салдыртады делінген. Сабақ онлайн және оффлайн түрінде өткізілмек.
ІНДЕТ ӘКЕЛГЕН САЙЛАУ ЖЫЛЫ
Тәжікстанда індетке қарсы штаб 9 қыркүйек – Тәуелсіздік күнінде мерекелік шаралар өткізуге тыйым салынғанын хабарлады. Бұл күні кез келген салтанатты, қоғамдық-мәдени шара, конференция, семинар тәрізді жиындар өткізілмейді. Билік мұны індеттің ықтимал екінші толқынын бөгеу ретінде түсіндірген.
Бұл күндері Тәжікстанда әлеуметтік желілер мен бейресми ақпарат агенттіктерінде көңіл айтқан жазбалар мен адамдардың қазасы жайлы мәліметтер жиі жарияланып жүр. Бұл – елде науқандық жұмыстар қызған кезде болып жатқан жағдай.
Тәжікстан әуелде пандемия әсерін жоққа шығарып, тек 30 сәуірде, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өкілінің сапары қарсаңында ғана коровирусқа шалдыққандар туралы жариялай бастады. Қазір коронавирусқа шалдыққандар саны ресми статистика бойынша 8 мың 700-ден асқан. Ресми статистикада пневмониямен ауырғандар саны айтылмайды. Қайтыс болғандар саны – 69. Алайда азаматтық қоғам өкілдері ресми деректің шынайы дерекпен қабыспайтынын айтады. Тәжікстанда ашылмай тұрған kvtj.info сайтының мәліметтеріне қарағанда, қазірге дейін індеттен қаза тапқандар 440-тан асқан. Елде жаңа оқу жылы 17 тамызда басталды.
Тәжікстан биылғы наурызда парламент сайлауын өткізіп, билік партиясы – Халықтық-демократиялық партия жеңіске жеткен. Енді 11 қазанда президент сайлауын өткізу жоспарланып отыр. Биыл президент сайлауы алдыңғы сайлауға қарағанда бір ай ертерек өткізілмек. Бұған дейінгі, қазіргі президент Эмомали Рахмон сайланған сайлаудың бәрі қараша айында болған.
Қыркүйек айының соңында Түркіменстан да өзінің Тәуелсіздік күнін атап өтпек. 2018 жылдан бері Түркіменстанда Тәуелсіздік күні бұрынғыдай 27 қазанда емес, 27 қыркүйекте тойланады. Биыл осы мереке қарсаңында ел Конституциясына өзгерістер енгізілмек. Өзгерістердің бірі – парламентті екі палатаға айналдыру.
Ал Қазақстан өз Тәуелсіздігін бұрынғы совет елдері ішінде ең соңғысы болып, 16 желтоқстанда атап өтеді.
(Мақаладағы пікір Азаттық радиосының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін).
ПІКІРЛЕР