Accessibility links

«Өзбекстанмен қатынасты оңдауға ең алдымен көршілері мүдделі»


Өзекстаннан 140 адамнан тұратын делегацияны қарсы алу рәсімінде өнер көрсетіп жатқан қырғызстандықтар. Ош, 26 қазан 2016 жыл.
Өзекстаннан 140 адамнан тұратын делегацияны қарсы алу рәсімінде өнер көрсетіп жатқан қырғызстандықтар. Ош, 26 қазан 2016 жыл.

Өзбекстанды 27 жыл басқарған Ислам Каримов қайтыс болғалы екі айға жуық уақыт өтті. Өзбекстан қазір көршілерімен қатынасын жақсартуға ұмтылып жатыр. Бұған аймақ елдері де мүдделі дейді Азаттыққа сұхбатында сарапшы Қазбек Бейсебаев.

Азаттық: - Ислам Каримовтің қазасынан кейін оның командасы Өзбекстанның Орталық Азия елдерімен байланысын жақсартуға тырысып жатыр. Осы жағдай ел саясатының бұрын бір адамның ғана айтқанына тәуелді болғанын көрсете ме, әлде бұл басқа бір жайдың көрінісі ме?

Қазбек Бейсебаев: - Ислам Каримов қайтыс болғанда оның жаназасына көрші ел басшылары - Тәжікстан президенті Имамали Рахмон мен Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов қатысты. Түркіменстан мен Өзбекстан арасы бұрыннан жақсы, алайда су мәселесіне қатысты Өзбекстан мен Тәжікстан арасында қатты тартыстың бар екені белгілі. Екі ел шекарасын жауып тастап жүрген кездері де болды. Соның бәріне қарамастан Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Өзбекстанға барып Ислам Каримовпен қоштасу рәсіміне қатысып, қайғыға ортақтасу ниетін білдірді. Ислам Каримовтің қазасына барған президент Гурбангулы Бердімұхаммедов түркімен тілінде сөйледі. Ал президенттері бармаған Қазақстан мен Қырғызстан премьерлері қаза басында орыс тілінде сөйлеп жатты. Саясатқа мұның да әсері болады.

Қазбек Бейсебаев, бұрынғы дипломатиялық қызметкер.
Қазбек Бейсебаев, бұрынғы дипломатиялық қызметкер.

Азаттық: - Сонда қатынасты оңдауға алғашқы қадамды Өзбекстанның өзі емес, Өзбекстанның көршілері жасады деуге бола ма?

Қазбек Бейсебаев: - Иә, мұндай әрекеттің адами қатынасқа қоса үлкен саясат екенін де ескергеніміз дұрыс. Бұл көрші елдердің Өзбекстанға деген ұстанымын, мүддесін көрсетті. Осының өзі қарым-қатынасқа әсер етпей қоймайды. Сондықтан Өзбекстанда басшының алмасуы көрші елдермен қатынасты қайта қарастыруға себеп болды дей аламыз.

Қазір президент қызметін уақытша атқарушы премьер-министр Шавкат Мирзияев ендігіде бұрынғы команданы да жаңартатыны анық. Оның көрші елдермен арадағы келіспеушіліктерге қарамастан байланысты дамытуға ұмтылысын оң бағалауға болады.

Азаттық: - Өзбекстанда желтоқсан айында президент сайлауы өтеді. Бірақ қазірдің өзінде сайлау өтіп кеткендей әсерде қалдырмай ма? Мәселен, осы аптада Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев Шавкат Мирзияевтің президент болып сайлануын қалайтынын білдірді. Түркіменстан президенті оны тіпті өз еліне сапарлауға шақырды.

Қазбек Бейсебаев: - Өзбекстанда Ислам Каримов қайтыс болғаннан кейінгі президент қызметін атқарушы адам тағайындалып, президент сайлауының уақыты белгіленді. Бірақ бұл әрекеттер процесті өткерудің формальді кезеңі екенін бәрі де біледі.

Премьер-министр Шавкат Мирзияевтің президент қызметін уақытша атқарушы болып тағайындалар алдында парламентте сөйлеген сөзінің өзі көп нәрсені аңғартты. Алдымен, Өзбекстанда шағын және орта бизнесті тексеруді тоқтату қолға алынды. Мирзияев экономиканы жақсы білетін премьер ретінде шағын және орта бизнесті көтеруге қадам жасап жатыр. Ол сыртқы саясатта көрші елдермен қатынасты оңдауға ұмтылып келеді.

Ислам Каримов билікте қалды деген күннің өзінде Өзбекстан түптің түбінде осыған келер еді. Бірақ мынандай тез арада бола алады деп айту қиын болатын.

Өзбекстан жақында Қырғызстан азаматтарының ел аумағына келу тәртібін жеңілдетті. Қырғыз-өзбек шекарасындағы "Достук" бекетінде тұрған адамдар. Қазан, 2016 жыл.
Өзбекстан жақында Қырғызстан азаматтарының ел аумағына келу тәртібін жеңілдетті. Қырғыз-өзбек шекарасындағы "Достук" бекетінде тұрған адамдар. Қазан, 2016 жыл.

Азаттық: - Ислам Каримов қайтыс болған күндері өзбек-қырғыз шекарасындағы Үңгіртауда Өзбекстан жағы Қырғызстан азаматтарын қамап, артынан босатты. Соңынан Өзбекстан мен Қырғызстан өзара делегация алмасып, байланыс жолдарын қарастыруға кірісті. Алдымен қырғыз делегациясы Өзбекстанға барса, вице-премьер деңгейіндегі өзбек делегациясы осы аптада Қырғызстанға сапарлады. Осы екі ел қатынасының ерекшелігі неде?

Қазбек Бейсебаев: - Совет Одағы кезінде екі ел шекарасы дұрыс белгіленбеді. Мәселен, шекарадағы өзбектер Қырғызстан жағында қалып қойса, тиісінше, шекарадағы қырғыздар Өзбекстан жерінде қалып қойды. Жер дауы, шекара дауының үнемі туындап тұратыны сондықтан. Ал екі ел соны реттеуге тырысып жатса, оны тек игі әрекет ретінде бағалау керек.

Азаттық: - Визалық қатынасты доғаруға әрекеттеніп жатқан Өзбекстан мен Тәжікстан су мәселесінде үнемі «шекісіп» қалады. Тәжікстанда салынып жатқан Рогун гидро-электр станциясына өзбектер қарсы. Қазір ГЭС құрылысы да түпкілікті тоқтап қалған жоқ, екі ел жағдайы да бірден оңалып кеткен жоқ. Бірақ Эмомали Рахмонның Ислам Каримов қазасына келуі жағдайды шешуге септігін тигізеді дегенді аңғарттыңыз. Қазанның 29-ы күні Рогун ГЭС-індегі плотина құрылысы үшін Вахш өзені арнасын бөгеу рәсімі өтіп, оған Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон қатысты. Бұл екі ел қатынасына қаншалықты әсер етпек?

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Рогун ГЭС-індегі плотина құрылысы үшін Вахш өзені арнасын бөгеу рәсімі кезінде бульдозерді басқарып отыр. 29 қазан 2016 жыл.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Рогун ГЭС-індегі плотина құрылысы үшін Вахш өзені арнасын бөгеу рәсімі кезінде бульдозерді басқарып отыр. 29 қазан 2016 жыл.

Қазбек Бейсебаев: - Бірінші кезекте Тәжікстанда экономикалық жағдайдың аса мәз емес екенін айтуымыз керек. «Ұлт көшбасшысы» деген сияқты атақтарды иеленіп жүрген ел президенті Эмомали Рахмон өзінше түрлі маневр жасаған болады. Бірақ Тәжікстанның Өзбекстанға тәуелді тұстары жетерлік. Тәжікстанға апаратын жол қатынасының барлық түрі, жүк тасымалы – бәрі Өзбекстан арқылы өтеді. Өзбекстансыз Тәжікстан ештеңе істей алмайды.

Су мәселесінде Өзбекстан да Тәжікстанға тәуелді. Бірақ Тәжікстанға қарағанда Өзбекстан экономикасы көбірек дамыған және талап қоюға да хақысы бар. Сондықтан екі ел арасындағы түйткіл бірден шешіле салады деп айту қиын. Алда әлі де талай тартыс болады, тағы да күтілмеген басқа мәселелер туындауы да ғажап емес. Сондықтан әзірге екі ел арасындағы бір-біріне жасалған оң қадамның ғана маңызды екенін айтқым келеді.

Азаттық: - Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қатынас ендігіде қалай өрбуі мүмкін?

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстанның қайтыс болған президенті Ислам Каримовтың басына гүл қою рәсімінде. Самарқан, 12 қыркүйек 2016 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстанның қайтыс болған президенті Ислам Каримовтың басына гүл қою рәсімінде. Самарқан, 12 қыркүйек 2016 жыл.

Қазбек Бейсебаев: - Шавкат Мирзияев уақытша президент болып тағайындалар алдында парламентте сөйлеген сөзінде Қазақстанды басқа елдердің соңынан атады. Саяси-экономикалық жағынан да, алфавит жағынан да алып қарағанда Қазақстан басқа елдерден бұрынырақ аталуы керек еді. Меніңше, бұған Қазақстан басшысының Ислам Каримов қазасына бармағаны себеп болды ма деймін. Президент Нұрсұлтан Назарбаев бұл қазаға уақыт оздырмай баруы керек еді. Қазақстан басшысы Өзбекстанға Ресей президенті Владимир Путиннен соң бір аптадан кейін барды. Қазақ пен өзбек аймақтағы бір-біріне ең жақын халық екенін ескергенде, мұның да мәнісі алдағы уақытта саясаттан көрініс табары анық.

Ал Өзбекстан экономикасы Қазақстанмен салыстырғанда диверсификациядан өтіп үлгерген. Мәселен, өзбектер мақтаға тәуелділіктен біртіндеп шығып келеді. Ал мұнайға тәуелді қазақстандықтар іш киімнің өзін Өзбекстаннан сатып алады ғой.

Азаттық: - Сұхбатыңызға рахмет.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

XS
SM
MD
LG