Украинаның Донецк облысында дрон жеңіл көлікке құлап, соның салдарынан ресейлік "Известия" басылымының тілшісі Александр Мартемьянов қаза болды, тағы төрт журналист зардап шекті.
Оқиға 4 қаңтарда Горловка қаласынан Донецкіге қарай бара жатқан жолда болды деп хабарлады зардап шеккен журналистердің бірі РИА "Новости" агенттігінің тілшісі Максим Романенко. Ол көлікке украиналық дрон шабуылдағанын айтты.
Романенкодан бөлек, РИА "Новости" агенттігінің тағы бір тілшісі Михаил Кевхиев, "Блокнот-Донецк" және "Блокнот-Луганск" басылымдарының бас редакторы Изабелла Либерман жарақаттанған.
Романенконың сөзінше, журналистер отырған көлік әскери көлік болмаған. Ол халықаралық, ресейлік және украиналық заңнамаға сәйкес, мұндай көліктерге шабуылдауға болмайтынын айтты.
Горловка мен Донецк қалалары – Ресей әскерінің бақылауында. Мәскеу оларды аннексиялағанын мәлімдеген. Украина мен халықаралық қауымдастық мұны мойындамайды.
ПІКІРЛЕР