Accessibility links

"Балалар мені көріп қуанғанда, жанарыма жас тығылды". Соғыс кезінде сабақты жалғастырған ұстаздың әңгімесі


Ресей шабуылынан кейінгі көрініс. Северодонецк, Украина, 16 сәуір 2022 жыл.
Ресей шабуылынан кейінгі көрініс. Северодонецк, Украина, 16 сәуір 2022 жыл.

Украина мектептерінде оқу жылы аяқталып жатыр. "Настоящее время" Северодонецк қаласындағы бастауыш сынып мұғалімімен сөйлесіп, соғыс кезінде олардың қалай жұмыс істеп жатқанын анықтап көрді. Наурызда эвакуация жасалғанда Львовқа кеткен ұстаз, соғысқа қарамастан, жұмысын қашықтан жалғастырған.

Бастауыш сынып мұғалімі Елена Слепцова соғыстың алғашқы күндері оқ астында қалған Северодонецк қаласынан Львов облысына барған.

"Град" қаруымен атудың не екенін білемін. 21 секундта гүрс-гүрс еткен үздіксіз атыс қандай болатынын көрдім. Естіп жүрмін, түсінемін. Мынаның автомат екенін, басқасының миномет екенін білемін" дейді Слепцова.

Елена он күн бойы қарт анасымен жертөледе тұрған. Қант диабетімен ауыратын екеуінде де дәрі-дәрмек, ішерге азық болмаған. Атысқа қарамастан, әйелдер қандай жолмен болса да көрші Лисичанск қаласындағы темір жол вокзалына баруды ұйғарған.

"Анам екеуіміз қашып шығып, біздің сарбаздар тұрған көпірге қарай жүгірдік. Зәреміз ұшып қорықтық. Неге екенін білмеймін, қатты атыс болып жатқан уақытты таңдап алыппыз. Қар, жаңбыр. Жүгіріп бара жатып, жылап жүрміз. Айғайлап, көпірдегі сарбаздарға қарай жүгірдік. Анам оларға "бізді вокзалға апаршы" деп жалынғандай болды. Олар осындай қауіпті кезде шығып кеткенімізге ұрысты. Бізді отырғызып алды. Оларға көп рақмет. Ешқашан ұмытпаймын" дейді әйел.

Украинаның шығысындағы айтарлықтай тыныш қалалардан пойыз әлі жүріп жатқан кез еді. Олар Лисичанскіден соңғы эвакуациялық пойызға отырған.

"Кеткісі келген адам көп болды. Тіркелу қажет еді. Біздің алақанымызға баратын вагон нөмірін жазып берді. Зат алуға рұқсат бермеді. Жарықты сөндіріп тастады, телефонды да өшіруді бұйырды.

"Харьков вокзалында қорқынышты болды. Эвакуацияланып жатқан топ вагондарға ағылғанда, оларды тыныштандыру үшін әуеге оқ атты" деп еске алады Елена.

Ресей басқыншылығы кесірінен өртеніп, қираған мектептің жанынан өтіп бара жатқан адам. Харьков облысы, Украина, 11 мамыр 2022 жыл.
Ресей басқыншылығы кесірінен өртеніп, қираған мектептің жанынан өтіп бара жатқан адам. Харьков облысы, Украина, 11 мамыр 2022 жыл.

Елена басқа да жолаушылар секілді өзімен бірге құжат салынған кішкентай сөмке ғана алған. Су да, азық-түлік те болмаған. Қажет құрал-жабдықты еріктілер вагон терезесінен лақтырған дейді Елена көзіне жас алып.

"Шөлдеп, су ішкіміз келді. Терезеге бір ер адам келіп, "Су керек пе?" деп айғайлады. Иә, әрине керек. Ол вагонға бөтелке бере бастады. Үлкен болғандықтан, терезеге сыймай кетті. "Қазір" деді де, біреуді шақырды. Сосын терезеден кішкентай бөтелкелер бере бастады. Қанша лақтырғанын білмеймін. Суық су болды. Бәрі су ішкісі келді. Әйелдер жылап жатыр. Бір-біріне су беріп жатты. Өте ұйымшыл болды. Вагонда әйелдер жылай бастады. Біреуі "бізге бұларды бандерашылар дейтінін қайтесің" деді. Сондай жағдай болды. Бәрі жылай бастады" дейді ол.

Пойыз Львовқа жеткенде, Елена соғыс басталған кезде жертөлеге киіп түскен галош аяқ киімін әлі күнге шешпегенін түсінген. "Галоштың ішінде шұлығымның шіріп кеткенін де білмеппін. Аяқ киімді шешкен соң, түсіп қалды. Диабетім бар, аяғым іріңдеп кеткен. Гангрена басталып кете ме деп қатты қорықтым".

Аяғын дәрігерлер аман алып қалған. Ем аяқталған соң Елена Украина мен Еуроодақ елдеріне тарап кеткен оқушыларын іздей бастаған.

"Олардың сонда қалғанына өзімді кінәлі сезіндім. Күйзеліс, ашу-ыза – соның бәрінен өттім. Содан кейін "Балаларым ше?" деп ойлай бастадым. Үшінші сыныпта оқитын 24 шәкіртім бар" дейді мұғалім.

Ресей басқыншылығы кесірінен қирап-бүлінген мектеп класы. Кутузовка елдімекені, Харьков облысы, Украина, 27 мамыр 2022 жыл.
Ресей басқыншылығы кесірінен қирап-бүлінген мектеп класы. Кутузовка елдімекені, Харьков облысы, Украина, 27 мамыр 2022 жыл.

Наурыздың аяғында білім министрлігінің бұйрығы шықпай тұрып ол сабақты қашықтан жалғастыра бастаған. "Басында есеп шығарғаннан гөрі, көп сөйлесетінбіз" деп еске алады Елена.

"Кімнің қай қалада екенін айттық. Ауа райы қандай екенін үнемі сұрап отырдық. Бір жерде жаңбыр жауса, басқа жерде күн шығып тұратын" дейді оқушы Цветана Кора мен анасы Елена.

Жаңа орынға көшуге мәжбүр болып, енді ыңғайланып жатқан ата-аналар да сабақ басталғанына қуанған.

"Басымыздан осындай оқиға өткен соң, білім беру қайта жалғасты. Бұл сондай керемет еді. Қатты қуандым. Мұның бәрі бұрынғы мамыражай өмірімізбен байланыстыратын тетік болды" дейді Елена мен Цветана.

"Жанарыма жас толды. Оларға көрсетпеу үшін жауып алатынмын. Арт жағында аналарының жылап тұрғанын байқайтынмын. Балалардың мені көріп шаттанып, қуанғаны байқалатын" дейді мұғалім.

Білім министрлігінің дерегінше, Украинада соғыс кесірінен 1900 мектеп, жоғары оқу орны мен балабақша қираған. Олардың 180-і жермен жексен болған. Кей жерлерде үздіксіз шайқас жүріп жатқандықтан, оқу басталған жоқ. Ал тыныштау жерлерде оқу жылы аяқталған.

Ресей басқыншылығы кезінде қираған ғимараттың жанынан жүгіріп өтіп бара жатқан балалар. Мариуполь, Украина, 25 мамыр 2022 жыл.
Ресей басқыншылығы кезінде қираған ғимараттың жанынан жүгіріп өтіп бара жатқан балалар. Мариуполь, Украина, 25 мамыр 2022 жыл.

Ресей әскері басып алған Мариупольде оккупанттар балаларды жазғы демалысқа жібермей отыр. Олар мектептерді Ресей бағдарламасына лайықтағысы келеді. Украина омбудсмені Сергей Горбачев мұны "білім геноциді" деп атады.

"Уақытша оккупацияланған жерлерде білім геноциді байқалады: украин тілінде сөйлеуге, Украинаның білім бағдарламасымен оқуға, Ресей пропагандасы енбеген тарихты оқуға, украин кітаптарын оқуға тыйым салынған. Оккупанттар оқу орындарының қызметкерлері мен басшыларын балаларды орыс стандарттарымен, орыс тілінде оқытуға мәжбүрлеп жатыр. Кейде мұны мұғалімдерге автомат кезеп жұмыс істетеді" деп жазды Горбачев.

Ресей оккупациялаған Мариуполь, Херсон, Луганск облыстарындағы әріптестерінің басынан өткен жайтты Елена да естіген.

"Бақылауға көнбейтін жерлердегі әріптестер вайберде қағаз жіберіп жатты. Онда педагогтарды мектепке жұмысқа шығуға шақырған. Бағдарламадан алынатын пәндер тізімі де болды. Орыс тілінде сабақ жүргізу керек екені, Украина тарихын, тілі мен әдебиетін оқытпайтыны жазылған" дейді ол.

Халқының көбі орыс тілінде сөйлейтін Северодонецкідегі Еленаның оқушылары украин тіліне бұрынғыдан бетер жақындай түскен.

"Сенесіздер ме, білмеймін. "Нені қалаймын?" деген тақырып болды. Бәрі бір нәрсе айтты. Көзіңе жас келеді. Суреттері де сақталып тұр. Тудың суреті бар жүрек салынған. Бәрі Украина деп тұр, бәрі патриот. Бәрі үйіне оралғысы келеді".

"Настоящее время" тілшісі Анна Бровконың материалынан аударылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG