2017 жылғы қазанның басында республика басшысы Рамазан Абдулатипов отставкаға кетіп, оның орнына полиция генерал-полковнигі, мәскеулік Владимир Васильев тағайындалған болатын. Үш айдан кейін Махачкала мэрі Муса Мусаев, сәл кейінірек қаланың бас архитекторы Магмедрасул Гитинов, оған іле-шала Дағыстан премьер-министрі Абдусамад Гамидов, екі вице-премьер – Шамиль Исаев пен Раюдин Юсуфов және сәл ертеректе отставкаға кетіп үлгерген білім министрі Шахабас Шахов сотталды. Дағыстанда ФСБ басқармасының бастығы былтыр маусымда, ал республика прокуроры қаңтарда ауысқан. Ал биыл 5 ақпанда Васильев министрлер кабинетін отставкаға жіберген болатын.
Махачкалаға 38 прокурор мен 40 сарапшыдан тұратын топ, ФСБ (Федералдық қауіпсіздік қызметі) мен ішкі істер министрлігі (ІІМ) орталық аппаратынан бригадалар барып, негізгі 19 министрлік пен ведомствода, бес аудандық әкімшілікте, республикалық ІІМ мен тергеу комитетінде тексеру жүргізген. Ауыл шаруашылығы министрлігі, еңбек министрлігі, "Росреестр" (Ресейдің мемлекеттік тіркеу қызметі), "Роспотребнадзор" (Ресейдің тұтынушылар құқығын қорғау агенттігі), сот приставтары қызметі және тергеу комитеті жұмысынан "толып жатқан заң бұзушылықтар" анықталған. Республика жұрты тағы кімдерді тұтқындап, енді не болар екен деп күтіп отыр.
ПАРАҚОРЛЫҚ ЖАЙЛАҒАН АЙМАҚ
Махачкаланың қазіргі жағдайы аянышты көрінеді. Қала тұрғындарын қоғамдық кеңістіктен айырып, ретсіз салып тастаған ұсқынсыз сауда орталықтары, қонақүйлер, кафе, дүкендер, көп қабатты тұрғын үйлердің арасынан 19 ғасырдан қалған санаулы ғимараттар мен совет заманында салынған панель үйлер әрең көрінеді. Қаладан гүлзар, балалар алаңдары түгілі, бос аула табудың өзі өте қиын. Қираған жолдарда ескі "Газель" көліктері кетіп бара жатады. Тротуарлар да ойдым-ойдым шұңқыр. Қала ортасындағы Ақкөл көлін жаппай құрылыс біртіндеп тықсырып барады. Қонақүйлер мен тұрғын үйлерді тіпті Каспий теңізі жағалауына дейін салып тастаған. Совет заманында салынған бес қабатты үйлердің сыртында қолдан жасалған «лоджиялар» қаптап кеткен, жаңа үйлерді құрылыс нормалары мен ережелерін бұзып ескі үйлерге жапсырып салып жатыр. Биік дуалмен қоршап, шойын қақпамен бекітіп тастаған зәулім сарайлар бір-бірінен айнымайды. Тура іргесінде қисайып, тозған жер үйлер тұр. Ал Ленин алаңында қос көсем - Владимир Ленин тас тұғырдың үстінен, Владимир Путин сайлау комиссиясы ғимараты сыртындағы плакаттан көз салады.
Фатима Махачкала орталығында тұрады. Оның төрт баласы бар, күйеуі күзетші болып жұмыс істейді. Ал өзі мүгедек қайнысына күтім жасап үйде отыруға мәжбүр. Бұл шаңырақтың ресми кірісі мүгедек қайнысының 16 мың рубль зейнетақысы мен күйеуінің 10 мың рубль жалақысынан ғана құралады. Мұндай ақшаға жеті жаннан тұратын отбасы күн көре алмайды. Бірақ тауда тұратын туыстары қарайласып, ет, ірімшік, көкөніс жіберіп тұрады.
Парасыз бір қадам аттау мүмкін емес аймақтағы жергілікті коррупция деңгейін бағамдау үшін Фатиманың әңгімесі жетіп жатыр. Қызын балабақшаға орналастыру үшін ол 100 мың рубль пара төлеген. Оны туыстары жинап берген. Үлкен ұлын медициналық колледжге түсіруге 200 мың рубль қажет болған. Ондай ақшасы болмаған соң қазір жас жігіт үйде отыр. Фатиманың өз денсаулығында да кінәрат бар. Дәрігерге әр көрінгеніне ақша төлеу керек. Негізі, дағыстандықтар медициналық туризмге көп жүгінеді - егер Пятигорскіге барсаң, ол жақта тегін емдейді, ал үйде дәрігерге ақша төлеп қана қарала аласың. МФЦ (көп функциялы орталық – ред.) қызметкерлері мүгедек қайнысына жаңа төлқұжат жасауға ақша талап етеді. Қайнысының зейнетақысына сегіз мың рубль қостырып алуға болады. Бірақ ол үшін әуелі 100 мың рубль пара төлеуің керек. Тіпті дені сау балаға да мүгедектік рәсімдетіп алуға болады. Бірақ сол үшін 350 мың рубль пара төлеуің керек. Одан да сорақысы - нағыз мүгедектерден де осынша ақша сұрайды.
Фатима мемлекеттік органдармен соттасайын десе, заңгер жалдай алмайды, өз құқықтарын білмейді, сондықтан ескі салт бойынша бастықтарды жағалайды. Оның мектеп оқулық бермейтінін естіп, шағымдану үшін қазір қамауда отырған білім министрі Шаховтың қабылдауына барған кезі де болды.
Дағыстанда министр, депутаттардың орнынан бастап АХАЖ директорларына дейінгі түрлі қызметтерді жоғары жақтағы бастықтардың туыстары иемденіп алған. Бұл жақта мемлекеттік қызмет шенеуніктердің туыстарына мұрагерлікке қалғандай әсер береді. Мектептер, ауруханалар, пошта бөлімшелері, тіпті тұтас қалалар отбасылық меншікке баланады. Мысалы, 2013 жылы Каспийск қаласының мэрі Жамалудин Омаров зейнет демалысына шыққан кезде оның орнына күйеубаласы тағайындалды. Ал Омаровтың өзі тұтқындалған премьер Гамидовтың туысы болып келеді. 31 қазанда оның үйіне тінту жүргізілгенімен, өзін жапқан жоқ.
"Май-шелпек" орындарға тұру үшін де көбінесе пара төлеуге тура келеді. Азаттықтың Орыс қызметі Махачкалада әңгімелескен жандардың айтуынша, Дағыстанда қызмет сату кең тараған құбылыс. Ал Рамазан Абдулатиповтің тұсында пара құны едәуір жоғары болған. Сол кезде шенеуніктер жайлы орында қалу үшін де пара беруге мәжбүр болатын.
Бақылаусыз жүргізілген құрылыс саласын да жемқорлық жайлаған. Мысалы, Шәміл Хадуллаевтың сөзінше, прокуратура құрылыс компанияларынан салынатын ғимараттың әр подъезінен қабатына қарай екі миллионнан үш миллион рубльге дейін пара алып отырғанын Дағыстанда жұрттың бәрі біледі. Ал егер құрылыс жүргізу үшін сот шешімі қажет болса, әр қабатына 200 мыңнан төлеуге тура келген. Жұрттың сөзінше, Дағыстан прокуроры Рамазан Шахнавазов құрылыс саласындағы алаяқтық әрекеттері үшін отставкаға кеткен.
ДАҒЫСТАНДЫҚТАРДЫҢ ҮМІТІ
"Васильевке үлкен үміт артамыз, - дейді жергілікті махачкалалықтардың көбінің сөзін қайталаған Фатима. – Әуелгіде Дағыстанды жеп бітіруге келген біреу ғой деп сенбеп едім. Бірақ өзі аз сөйлеп, көп тындыратын кісі екен. Енді зейнет демалысына кетіп қалмаса болды". Фатима өзгеріс байқала бастағанын айтады. Айтуынша, ел кейінгі жылдары мүлде төленбей кеткен балалар жәрдемақысын алатын болған.
Аймақтың жаңа басшысының басқару стилі шынымен ойға қонымды көрінеді. "Абдулатиповтың біреуді кемсітіп, қорламаған күні жоқ болатын" дейді дағыстандық "Черновик" оппозициялық газеті бас редакторының орынбасары Магомед Магомедов. "Новое дело" деген тағы бір дағыстандық оппозициялық газеттің бас редакторы Гаджимурат Сагитов Абдулатиповтың "Министр ит сияқты қожайынына сүйек тасуы тиіс" сөздерін келтіреді.
Дағыстанның алдыңғы басшысынан айырмашылығы - Владимир Васильев дауыс көтермей сөйлейді және үйіп-төгіп уәде бермейді. Кортежі үшін жолды да жауып тастамайды. Абдулатиповтың кортежі тіпті кісі өліміне соқтырған жол-көлік апаттарына қатысты талай айыпталған, бірақ әкімшілігі жол апатына үкімет көліктерінің қатысын әрдайым жоққа шығарып отыратын.
Бірақ Азаттық сұхбаттастарының сөзінше, кезінде ұлты - авар, карьерасын Мәскеуде құрып, коррупциялық қитұрқы схемаларға қатысы байқалмаған Рамазан Абдулатиповты да жұрт осындай оптимизммен қарсы алған. Ол да әуелгіде жөні түзу нәрселер айтып, кландық құбылыспен, коррупциямен күресуге уәде еткен. Абдулатипов те аудан басшылары мен өзге шенеуніктерді бірінен-соң бірін ауыстырған еді. Бірақ босаған орындарға жаңа басшының туыстары мен бажалары жайғасып алғанын көрген жұрт одан тез түңілген.
"Абдулатипов мүмкін емес нәрсені жасап, өзін жек көретін дағыстандықтарды біріктірді" дейді адвокат әрі блогер Расул Кадиев.
Азаттық сөйлескен сарапшылар пікірінше, Дағыстанның жаңа басшылығының уақыты шектеулі. Қазір халық даурықпа мәлімдемелерге сенбейді.
- Көп нәрсе 18 наурызда өтетін сайлауға байланысты болады, - деп санайды бұрын ұлттық саясат, ақпарат және сыртқы байланыстар министрі болған, қазіргі дағыстандық "Эхо Москвы" радиосының жүргізушісі Эдуард Уразаев.
«РЭКЕТ ЖАҚСЫ БОЛАТЫН»
Махачкалалық бизнесмен Рамазан Рабаданов әзірше тұшымды өзгерістер байқамаған. бірақ ол да Васильевке үлкен үміт артады. Бизнесмен коррупцияның үлкен мәселе екенін айтады. Рабадановтың сөзінше, кірісінің 60 пайызына дейін қилы алым-салық төлеуге кетеді. Оның айтуынша, 1990 жылдары рэкетирлерге де алым-салық төлеуге мәжбүр болған. 2000 жылдары қарақшылардың орнын діни экстремистер, ал Абдулатипов келген соң шенеуніктер басқан. Бизнесменнің айтуынша, рэкетпен мәмілеге келу әлдеқайда оңай болатын.
- Оларға өтірік айтып, алдауға болатын, жұрттың бәрі табысын нөл деп көрсететін. Ал шенеуніктерді алдау қиындау, бизнесті дамыту да қиын - тиісті тамыр-танысың болмаса, несие ала алмайсың" дейді ол.
Дағыстанға ірі инвесторлар да жоламайды. Белсенді Шәміл Хадулаевтың сөзінше, орта есеппен алғанда, Ресей бойынша "откат", яғни пара көлемі құйылған инвестицияның 5 пайызына дейін, ал Дағыстанда 20 пайызға жетеді. Дағыстанда бизнестің негізгі түрі - құрылыс пен сауда-саттық, бюджеттің 75 пайызы Мәскеу бөлетін дотация есебінен толады.
Рамазан Рабаданов кәсіпкерлікті дамытуға бөгет болып отырған кедергілермен күрес жүргізу Дағыстан жаңа басшылығының негізгі міндеті болуы тиіс деп санайды: Бірақ бұл үшін жоғарыдағы басқарушыларды ауыстыру жеткіліксіз, коррупциямен күрес ең төменгі деңгейге жетуі тиіс.
БАЗАНЫҢ ОРНЫНА - САЯЖАЙ
Адвокат Расул Кадиевтің пікірінше, орталықтың Дағыстанға аяқ асты назар аударуының астарында геосаясат жатыр. Санкциялар қысып әрі Сириядағы соғысқа киліккен Ресейге шығысқа шығатын жол керек. Ал Дағыстан стратегиялық тұрғыдан ұтымды орналасқан.
- Балтық елдері мен Үндістан арасындағы сауда жолы осы жақтан өтеді, - деп түсіндіреді Кадиев
Проблема бұл жерде де коррупцияға тіреліп тұр. Өзен жағалауы республикадағы ең қымбат жерге жатады Оның көп бөлігі жеке меншікке баяғыда өтіп кеткен. Ол жерге заңды бұзып қонақүйлер, демалыс базалары мен жер үйлер салып тастаған. Қазір бұл үлкен проблемаға айналып, қаңтардың аяғында өткен жиналыстардың бірінде Владимир Васильев "Каспийскіде әскери-теңіз база салатын жер таппай отырмын" деп қынжылған. Өйткені дәл Каспийскіде, теңіздің тура жағасында қымбат жеке ғимараттар тұр.
(Азаттықтың Орыс қызметінің арнайы тілшісі Сергей Хазов-Кассианың мақаласы орысшадан аударылды)