Accessibility links

"Кино королі" көзі кеткенше тыйымнан арылмады


Иран актері әрі режиссері Насер Малек Моти.
Иран актері әрі режиссері Насер Малек Моти.

Иранның әйгілі актері әрі режиссері Насер Малек Мотидың жұмыс істеуіне ұзақ жылдар бойы тыйым салынып келді, баспасөз құралдарына да ол туралы жазуға шек қойылды. Кино шебері өткен аптада 88 жасында дүниеден озған соң ғана оған салынған тыйым алынды.

Ирандық белгілі актер әрі режиссер Насер Малек Моти туралы баспасөзде жазуға 40 жылға жуық уақыт тыйым салынып келді, тек оның денесі қара жерге тапсырылған соң ғана бұл шектеу алынды.

Мамырдың 26-сында Насер Малек Моти 88 жасында қайтыс болғаннан кейін ғана "Иран киносы королінің" атын атауға рұқсат берілді.

Тегеранда танымал актер әрі режиссерді жерлеу рәсіміне Мотидың мыңдаған фанаты жиналды. Олардың кейбірі оңтайлы сәтті пайдаланып, үкіметке қарсы ұрандар айқайлаған, полиция бұған қатаң шарамен жауап қатты.

Иран газеттерінің алғашқы беттерінде марқұм туралы көп жазылды. Насер Малек Моти 1979 жылғы Ислам революциясына дейін ондаған фильмге түскен әрі режиссер ретінде танылған. Кейін "Иран Ислам Республикасының хабар таратушысы" деп аталатын ресми мекеме мен басқарушы орган революцияға дейінгі өнер жұлдыздарына тыйым салған.

Ислам революциясынан кейінгі Иранда кино саласы қасаң қалыпқа енгізіліп, шектеу қойылған соң Мотидың да киноға түсуіне және режисссер ретінде фильм түсіруіне тыйым салынған. Тек кей адамдар ғана мұндай шектеуге ілікпей қалды.

"МЕДИАДАҒЫ ТЫЙЫМ АЯҚТАЛДЫ"

Мамырдың 27-сі күні Насер Малек Мотидың қазасы туралы мемлекеттік баспасөз құралдары хабар таратып жатқанын мысқылдаған реформашыл "Aftab-e Yazd" газеті бас мақаласында "[Мотидың атын атауға қатысты] Медиадағы тыйым аяқталды" деп жазды.

"Оның қазасы туралы мемлекеттік телеарналар хабарлады, ал бұған дейін оны теледидардан көрсетуге шек қойылып келген еді", – деп жазды басылым.

"Donya-ye Eqtesad" күнделікті қаржы басылымы мақаласына "Иран киносының королі, қош бол!" деген тақырып қойды.

Насер Малек Мотиды ақтық сапарға шығаруға жиналғандар. Тегеран, 27 мамыр 2018 жыл.
Насер Малек Мотиды ақтық сапарға шығаруға жиналғандар. Тегеран, 27 мамыр 2018 жыл.

"Hamdeli" реформашыл басылымының бірінші беті марқұмның жаназасынан түсірілген суретке толды. Мотидың есімін атауға салынған тыйым туралы және бір мақалаға "Насер! Халық [сенімен қоштасуға] келді" деген тақырып қойылған.

Тек қатаң саясатты қолдайтын "Kayhan" газеті ғана Мотидың қазасына көп көңіл бөлмеді. Газеттің бірінші бетінде Тегерандағы шаһиттер бейітінде ауызашарға жиналған жұрттың суреті берілді.

ЖАНАЗАДАҒЫ НАРАЗЫЛЫҚ

Мотиды жерлеу кезінде қаралы жұрттың арасында "Мемлекеттік хабар таратушы – масқара!", "Құқық қорғау органдары – масқара!" деп айқайлап, ұрандатқандар болды.

Әлеуметтік желіде тараған видеоларда полицияның азалы жиынды тарату үшін жас ағызатын газ қолданып жатқаны байқалады. Азат Еуропа/Азаттық радиосы бұл видеолардың рас-өтірігін анықтай алмады.

Насер Малек Моти Иранда ислам революциясына дейін ондаған фильмде ойнап, өзі де кино түсірген.
Насер Малек Моти Иранда ислам революциясына дейін ондаған фильмде ойнап, өзі де кино түсірген.

Канадада орналасқан "Ирандағы адам құқықтары" үкіметтік емес ұйымы мамырдың 27-сінде Twitter әлеуметтік желісінде тағы бір видео жариялады. Онда қолдарымен аузын жауып, жөтеліп жатқан адамдар көрсетілген. Бейнебаянға берілген түсіндірмеде "Насер Малек Мотиды жерлеу кезінде полиция халыққа жас ағызатын газ қолданды. Бірнеше адамды полиция тұтқындады" деп жазылған.

Иранның жартылай мемлекеттік Fars News ақпарат агенттігіне берген сұхбатында Тегеран полиция басшысының орынбасары Хамид Ходаванд "жерлеу рәсімін бұзбақ болған оппортунистердің" полицияға қарсы шыққанын мойындады.

Мамырдың 27-сі күні Ирандағы аса ықпалды орган – соттың баспасөз хатшысы Иран қауіпсіздік күштері "АҚШ не басқа да жаулар өз мүддесіне қарай пайдалануы мүмкін" деген кез-келген тәртіпсіздікке "бар күшімен қарсы тұратынын" айтқан.

"Ата-аналар, балаларыңыздың жауларымыз, әсіресе сионистер (Израиль) мен америкалықтар ұйымдастырған психологиялық соғыстың жетегінде кетіп қалуына жол бермеңіздер. Революция дұшпандарының заңды талап қойып жатқан наразы топтың ішіне кіріп, арандатуына жол бермеңіздер", – деді Ғоламхосейн Мохсени Ежей. Бұл туралы соттың Mizanonline вебсайты жазды.

Насер Малек Мотидың ұлы жаназа кезінде мемлекеттік телеарналарды меңзей отырып, әкесіне салынған тыйымды сынға алды.

Мамырдың 27-сінде жарияланып, көп көрілген видеода ол: "Неге телеарналар әкемнің суреттерін енді ғана көрсетіп жатыр? Неге актердің суреттері тек ол өлген соң жарияланады?" – деп сауал қойды.

Ирандық белгілі актер Парвиз Парастуй жаназада сөйлеген сөзінде Мотидың атына тыйым салған мемлекеттік хабар тарату мекемесін сынады.

"Қырық жыл бойы оның атын атай алмадық. Біз одан қорықтық. Қорықпауымыз керек еді, себебі ол ешқандай қылмыс жасаған жоқ", – деді актер.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG