Accessibility links

Алматыдағы "Америка" зертханасы төңірегіндегі жалған теория және авторитаризмнің күшеюі


Бұрынғы совет республикасы Грузиядағы биологиялық қару зертханасы. Зертхананы жаңартуға АҚШ көмектесіп, денсаулық сақтау министрлігіне берілді.
Бұрынғы совет республикасы Грузиядағы биологиялық қару зертханасы. Зертхананы жаңартуға АҚШ көмектесіп, денсаулық сақтау министрлігіне берілді.

Халықаралық басылымдар постсоветтік елдерде орналасқан биозертханаларға Ресейдің ақпараттық шабуыл жасап жатқаны туралы жазады. АҚШ-тың қаржылай қолдауымен жаңартылған бұл зертханалар қазір коронавируспен күресте көмектесіп жатыр. Сондай-ақ, ақпарат құралдары Қазақстанда және Орталық Азияның басқа елдерінде пандемия кезінде қысым күшейіп, белсенділердің қуғындалып жатқанына тоқталған.

БҰРЫНҒЫ ҚҰПИЯ ЗЕРТХАНАЛАРҒА ҚАРСЫ АҚПАРАТТЫҚ СОҒЫС

Америкада шығатын Foreign Policy журналында жарық көрген «Биологиялық қарудың бұрынғы жасырын зертханалары COVID-19-бен күресте көмектесіп жатыр. Мәскеуге бұл ұнамайды» деп аталған ауқымды мақалада Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказдың бұрынғы құпия нысандары төңірегінде жалған ақпарат таратқан Ресей БАҚ-тарының әрекеті туралы сөз болады. Мақала авторы – Карнеги қорының Ресей және Еуразия бағдарламасының аға ғылыми қызметкері, америкалық ғалым Пол Стронскидің жазуынша, Ресей басылымдары АҚШ-тың көмегімен модернизацияланған зертханалар коронавирустың шығуына ықпал етті деген жалған ақпарат таратқан.

Армения, Әзербайжан, Грузия, Өзбекстан мен Қазақстандағы ескірген зертханалар «АҚШ бұрын-соңғы жүзеге асырған бағдарламалардың ішіндегі ең сәтті әрі ізгі ниетті бағдарламаның» арқасында азаматтық нысандарға айналдырылған деп жазады Пол Стронски. Мұнда автор «Қатерді бірлесіп азайту» (Cooperative Threat Reduction Program), яки Нанн-Лугар бағдарламасы туралы айтып отыр. Бастаманы көтерген сенаторлар Сэм Нанн мен Ричард Лугардың құрметіне аталып, 1991 жылдың соңында АҚШ конгресінде мақұлданған бұл бағдарлама СССР-дың құрамында болған республикаларға қарусыздану келісімдері негізінде ядролық, химиялық және биологиялық қару қалдықтарын жоюға қолғабыс етеді.

АҚШ сенаторлары Сэм Нанн (сол жақта) және Ричард Лугар (ортада) Украинада совет кезінде құпия саналған базадағы ядролық қаруды символикалық тұрғыда жою рәсімінде. 1996 жыл.
АҚШ сенаторлары Сэм Нанн (сол жақта) және Ричард Лугар (ортада) Украинада совет кезінде құпия саналған базадағы ядролық қаруды символикалық тұрғыда жою рәсімінде. 1996 жыл.

Вашингтон модернизациялаған зертханалардың көбі 20 ғасырдың ортасында патогенді микроағзаларды зерттеп, олардың таралуын тоқтату, обамен күресу мақсатында салынған советтік институттар мен далалық стансалар жүйесінің бір бөлігі болған. 1970 жылдары кей нысандар биологиялық қару әзірлеу бағдарламасына қосылған, ал СССР тараған соң олар тиісті қорғанышсыз және қаржысыз қалды, сырттағы біреулердің қауіпті патогендерге қол жеткізу қаупі артты.

Пандемиямен күрес кезінде бұл жаңартылған зертханалар ауру деңгейін бақылап, өз елдерінде коронавирусты шектеуге үлес қосып отыр деп жазады Стронски. Оның айтуынша, бұл өте маңызды, себебі бұл – [коронавирустан] ең қатты зардап шеккен елдер Қытай, Ресей және Иранның тоғысында тұрған аймақ».

АҚШ-тың көмегімен жаңартылған Грузиядағы зертхана жұмысшысы. 10 наурыз 2020 жыл.
АҚШ-тың көмегімен жаңартылған Грузиядағы зертхана жұмысшысы. 10 наурыз 2020 жыл.

Осындай зертханалардың бірі коронавирус инфекциясы өршіп жатқан Қазақстанда орналасқан. Мұнда «биліктің елеулі бөлігін қолында ұстап отырған» бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі дерт жұқтырған, оның соңғы тапсырған сынамасынан COVID-19 табылған деп жазады мақала авторы.

Алматыдағы Орталық референттік зертхана туралы не білеміз?

Зертхана 2010 жылы АҚШ-тың қаржысына тұрғызылған. Нанн-Лугар бағдарламасы аясында оны салып, жабдықтауға ондаған миллион доллар қаржы бөлінген.

Сейсмикалық қаупі аса жоғары аймақ саналатын Алматы қаласында орын тепкен төрт қабатты бұл ғимарат он балдық жер сілкінісіне төтеп бере алады. Нысан заманауи қорғаныс жүйесімен жарақтандырылған.

Зертханаға биологиялық қауіпсіздіктің үшінші деңгейі берілген. Онда оба, тырысқақ, сібір жарасы, бруцеллез және басқа да қауіпті патогендердің штамдары сақталған. Зертхана бос жерде салынған жоқ. Мұның алдында ол жерде обаға қарсы институттың қоймасы болған (қазір ол Карантиндік және зооноздық инфекциялар ғылыми зерттеу орталығы), ондағы жағдай халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сай келмейтін.

Зертхана бұрын да Америкаға тиесілі болмаған, қазір де АҚШ-тікі емес. Онда Қазақстанның мамандары - денсаулық сақтау, ауыл шаруашылы және білім және ғылым министрліктерінің қызметкерлері жұмыс істейді.

«Америка бағдарламасы аясында ашылған Қазақстан зертханасы да дағдарысқа шапшаң да орнықты жауап беруге мүмкіндік жасады. Қазақстанда COVID-19 жұқтырған алғашы адам наурыздың ортасында тіркелді, ал зертхананың жылдам әрекет тобы қаңтарда-ақ қарқынды жұмысқа көшті және ғалымдарға індеттің Орталық Азияда таралу динамикасын бақылауға тапсырма берді. Наурыздың соңында Қазақстанда коронавирусты тексеретін тест жасалды, ол нәтижені бес сағаттың ішінде көрсете алады» деп жазды Стронски.

Мақала авторының айтуынша, зертхананың осы жетістігіне қарамастан, Ресей «бұлар әлдебір зұлымдықпен айналысып жатыр» деген жалған ақпаратын тарата берді. «Ресейдің жоғары шенді басшылары қастандық теориясын алға тартады, олардың айтуынша, бұл зертханалар – АҚШ биологиялық қаруының құпия инфрақұрылымының бір бөлігі, олардың мақсаты – өмірге аса қауіпті патогенді микроағзалар мен инфекциялық індеттерді тарату. Бұл насихат науқаны аясында соңғы кезде таралған Зика да, доңыз тұмауы да, ауылшаруашылық өнімдерін жайпаған жәндіктер де осылардан шыққан деген долбар айтылады» деп жазады автор.

«2019 жылы Ресейдегі ток-шоудың белгілі тележүргізушісі Ресей әскерилерін Қазақстандағы нысандарға әуеден соққы беруге шақырған (Владимир Соловьев мемлекеттік «Россия –1» телеарнасындағы хабарында Алматыдағы зертхананы «құрту» керек деген – Ред.). Қаңтарда Ресей телеарнасы Грузиядағы зертхананың коронавирусты жасап шығаруға қатысы бар дегенді айтты. Ресейлік тролльдер де әлеуметтік желілерде бұл вирус Қазақстандағы зертханада да тарап кеткен болуы мүмкін деген жалған ақпарат таратты. Қазір олар бұған Пекинді де қосып, АҚШ-пен қатысы бар зертханаларда осындай қастандық теориясы бар дегенді айтып жатыр. Бұл жалған ақпарат тарату науқандарына аймақтағы елдер басшылары қатаң сын айтты» деп жазады Стронски.

ПАНДЕМИЯ КЕЗІНДЕ АВТОРИТАРИЗМ ТЕНДЕНЦИЯСЫ КҮШЕЙДІ

Швецияда шығатын Baltic Worlds журналында жарық көрген «COVID-19 және Орталық Азиядағы авторитаризм саясаты» деп аталған мақалада Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстан басшыларының пандемияға қатысты әрекеттері, «қысымды күшейтуі» сөз болады.

«Төтенше жағдай туралы заңды негізге алған Қазақстан мен Қырғызстан басшылары азаматтардың жиналу және жүріп-тұру бостандығына шектеу қойды» деп жазады Baltic Worlds.

25 мамырда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғаушылар халықаралық стандарттарға сай келмейді деп сынаған бейбіт жиындар туралы жаңа заңға қол қойды. Билік «парадигманың өзгеруі» деп бағалаған жаңа заң COVID-19-ға байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде (Қазақстанда 16 наурыз бен 11 мамыр арасында төтенше жағдай режимі болды) парламенттен өтті, шектеулердің кесірінен азаматтық қоғам өкілдері жобаны талқылауға қатыса алмады.

«Жаңа заң бойынша елде тіркеуге алынбаған топтардың наразылық ұйымдастыруына тыйым салынады, үкіметтің наразылық шарасы өтетін орынды белгілеуіне мүмкіндік береді. Ең бастысы – бейбіт жиындар өткізу туралы заң талаптарын бұзып, жауапқа тартылған адам да қайтадан жиын өткізе алмайды. Соның кесірінен белсенділердің көбі жиынды ұйымдастырушы болу мүмкіндігінен айырылады. Карантин шараларын босаңсытудан кейінгі 6 маусымда өткен алғашқы наразылық шарасы кезінде жүзден аса адам қамауға алынды» деп жазады мақала авторы.

Пандемия тұсында Орталық Азия елдерінің басшылары видеобақылау мүмкіндіктерін де арттырып жатыр. «Төтенше жағдай енгізілгенге дейін-ақ Қытай шекарасы арқылы өтетіндерді бақылау үшін тепловизиялық камералар орнатқан Қазақстан – постсоветтік кеңістіктегі видеобақылау технологиясын қолданған алғашқы ел болған. Қазақстандағы «ақылды» камера ең көп орнатылған қала – Алматы, мұнда 119 мың камера қойылған. Билік «Сергек» деп аталған бұл камераларды каратинді бұзатын адамдардың тұлғасын анықтап, оларға айыппұл салу үшін пайдаланады. Алматының өзінде мамырдың басында карантинді бұзғаны үшін 2300 адам жауапқа тартылды, олардың 605-і аз уақытқа қамауға алынды» деп жазады Baltic Worlds.

Орталық Азия елдерінің әрқайсысы түрлі тәсілдерді қолданып, COVID-19-бен қал-қадерінше күресіп жатыр, оның үстіне «әр ел өкіметінің тұрғындарды бақылап, режимін нығайтудағы әлеуетін тексеріп көру мүмкіндігі пайда болды». Билік коронавирус төңірегінде «жалған ақпарат» таратқандармен және ресми мәліметті жоққа шығаратындармен күресіп жатыр деп жазады Baltic Worlds.

«ҚЫЗЫЛ СЫЗЫҚ»

Eurasianet.org сайтының ағылшын тіліндегі бетінде «Қазақстан: белсенді билік партиясын қатты сынағаны үшін жазаланды» деп аталған мақала жарияланды, онда Азаттық хабар таратқан Әлнұр Ильяшевтің ісі туралы сөз болады. 22 маусымда сот билік партиясын сынап жазған посттары үшін алматылық белсендіні «төтенше жағдай кезінде жалған ақпаратты қасақана таратты деп айыптап», үш жыл бас бостандығын шектеу, қоғамдық жұмыс істету және қоғамдық іс-әрекетпен айналысуға бес жыл тыйым салу жазасына кескен.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа саяси бостандық кезеңіне өтеміз деген уәде беріп, 2019 жылы билікке келгеніне қарамастан, саясатпен айналысатын адамдар кесіп өтуге болмайтын «қызыл сызық» әлі де көп. «Нұр Отан» партиясын қатаң сынау – сол қызыл сызықтың бірі болса керек. Жартылай демалысқа кеткеніне қарамастан, көп өкілетті қолында ұстап отырған бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев туралы да соны айтуға болады» деп жазады Еurasianet.

Назарбаев коронавирустың тарауына байланысты құрылған көмек қорына ақша салуды сұрап жергілікті бизнесмендерге қайырылған соң 43 жастағы Ильяшев 26 наурызда Facebook-те осы оқиға туралы кекесінмен пост жазып, «биліктің шыдамын» сынға алды. Белсенді Назарбаевпен байланысы бар миллионерлер мен миллиардерлер 41 миллион доллардан гөрі көбірек ақша жинай алар еді деген ой айтқан.

Әлнұр Ильяшев: Биліктің мақсаты мені тұсаулау еді (22 маусым 2020 жыл).

Әлнұр Ильяшев: Биліктің мақсаты мені тұсаулау еді
please wait

No media source currently available

0:00 0:10:59 0:00

Келесі бір постында Ильяшев Назарбаев басқаратын «Нұр Отанды» «алаяқтар мен ұрылар партиясы» деп аталған. Бұл – Ильяшев ойлап тапқан сөз емес, ресейлік оппозиционер Алексей Навальный 2011 жылы «Единая Россия» партиясына қатысты осы сөзді айтқан еді.

Прокуратураның мәлімдемесі бойынша, Ильяшевтің төтенше жағдай кезінде жарияланған посттары «қоғамдық тәртіпке қауіп төндірген». Халықаралық адам құқықтары ұйымдары Ильяшевті қудалауға қарсылық білдірді.

Eurasianet.org сайтында Қарағанды тұрғыны Арман Хасенов туралы да айтылады. Сәуірде жазған видеосында ол экс-президент пен оның отбасын «арасында бейәдеп сөзді қолданып, қатаң сынаған». Видеотаспада Назарбаев туралы емес, «аймақтағы аса ауыр ахуал туралы» көбірек айтылады.

Хасеновты үш жыл бас бостандығын шектеу жазасына кесті. Ол - Назарбаевты сыннан қорғау үшін арнайы жазылған «бірінші президенттің ар-намысы мен абыройына нұқсан келтіру» бабы бойынша сотталған алғашқы адам. «Заң бойынша, Назарбаевты балағаттағаны үшін үш жылға дейін бас бостандығынан айыруы мүмкін, демек Хасеновтың жазасы жеңіл болды» деп жазады Еurasianet.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG