Accessibility links

Назарбаевты мақтағаны үшін Трамп сынға ұшырады


Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Дональд Трамп. Вашингтон, 16 қаңтар 2018 жыл.
Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Дональд Трамп. Вашингтон, 16 қаңтар 2018 жыл.

ТРАМПТЫ СЫНАУ

Америкалық Washington Post газеті АҚШ президенті Дональд Трамптың АҚШ астанасында әскери парад өткізу ұсынысын сынау күшейіп бара жатқаны туралы жазған саяси шолушы Макс Буттың "Америка Трамптың тегеуірініне қарсылық білдіріп жатыр. Тек ұрынып қалмаңдар" мақаласын жариялады. "Трамп "авторитарлы тұлға» деген ұғымға сай" деп санайды Макс Бут.

Шолушы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа жуырдағы сапары кезінде оны Дональд Трамптың мақтағанын еске салған. "Владимир Путин, Си Цзиньпин, Абдель Фаттах әл-Сиси және Режеп Тайып Ердоған сияқты диктаторларға Трамптың тәнті екені қайран қалдырмайды. Ол тіпті "үлкен, тамаша жұмыс атқарғаны" үшін 97,7 пайыз дауыспен "қайта сайланған" карикатуралық кейіпкер - қазақстандық Нұрсұлтан Назарбаевты да мақтаған" деп жазған Макс Бут.

Оқи отырыңыз: Назарбаевтың сапарын жазған басылымдар "клептократияны" айтты

Көре отырыңыз: НАЗАРБАЕВ ПЕН ТРАМПТЫҢ КЕЗДЕСУІ

Назарбаев пен Трамптың кездесуі
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:29 0:00

​Мақала авторының сөзінше, Трамп Германия канцлері Ангела Меркель, Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй сияқты демократиялық жолмен сайланған одақтастарын менсінбейтінін көрсетіп жүр әрі АҚШ басшысы жуырда Мэймен Денсаулық сақтау ұлттық қызметінің жұмысына байланысты тағы да дауласып қалған. "Трамптың диктаторларды жақсы көретін себебі өзі де солар сияқты болғысы келетініне байланысты емес пе деп күмәнданамын. Ол да 97,7 пайыз дауыспен "жеңгісі" келеді. Мұның ретін келтіре алмаған кезде ол инаугурациясында өзінің жеңісі мен қыруар жақтасы жайлы өтірік айтады" деп жазған Макс Бут.

АҚШ-ТЫ "АРЗАН УРАНҒА" БӨКТІРІП ЖАТҚАН ЕЛДЕР

Америкалық Wall Street Journal газетінде АҚШ-тың Вайоминг штатынан сайланған республикашыл сенатор Джон Баррассоның "Америка уран тапшылығын өзі қолдан жасап отыр" деген мақаласы шықты. Ол Ақ үйді АҚШ-қа арзан уран сатып жатқан өндірушілерге қарсы шара қолдануға шақырған. Олардың ішінде Қазақстан да аталған.

"АҚШ-тың жылына ондаған миллион [уран] өндіруге шамасы жетер еді, ал қалған қажет бөлігін Канада я Австралия сияқты дос елдерден алып тұрар еді. Бірақ бұл элемент көбінесе Ресей, Қазақстан және Өзбекстан сияқты елдерден түседі. Америка коммерциялық ядролық отынның 40 пайызға жуығын осы үш елден импорттайды" деп жазған Джон Баррассо.​

Америкалық сенаторлар (солдан оңға қарай): Линдси Грэм, Джон Баррассо және Джон Маккейн. Иерусалим, қаңтар 2014 жыл
Америкалық сенаторлар (солдан оңға қарай): Линдси Грэм, Джон Баррассо және Джон Маккейн. Иерусалим, қаңтар 2014 жыл

Сенатор АҚШ билігіне "Ресей, Қазақстан және Өзбекстандағы мемлекеттік және мемелекет қаржылай демейтін өндірушілерге қарсы шара қолдануды" ұсынады. "Бұл елдер АҚШ-ты арзан уранға әділетсіз бөктіріп жатыр, өйткені олар АҚШ-қа саяси ықпал ету тетігін алуға мүдделі" деп санайды Джон Баррассо.

БЕРЛИН ҚАБЫРҒАСЫ

Америкалық Bloomberg ақпарат агенттігінің сайты посткоммунистік елдердің экономикалық ахуалын талдаған "Берлин қабырғасы әлі құлаған жоқ" деген мақаласында Қазақстан мен Ресейді "авторитарлы режимдер" деп атаған.

"Economist Intelligence Unit зерттеу тобының әлемдегі демократия көрсеткішіне қатысты соңғы рейтингіне сәйкес, посткоммунистік елдер арасында бір де "толық демократиялы" ел жоқ, ал Еуропа одағына кірмейтін елдердің көбін тіпті "демократия әлсіз" елдер деп те атауға болмайды. Олардың бәрі - "гибрид режим орныққан" (мысалы, Украина, Молдова, Грузия немесе Черногория) елдер я болмаса авторитарлы режимдер (мысалы, Ресей мен Қазақстан). Бұл елдерді Батыстан бөліп тұрған дуал коррупция мен нашар үкімет арқылы тұрғызылған және Батысқа деген әбден орнығып алған сенімсіздікке сүйенеді, бұл визалық және сауда саясатындағы шектеуге әсер етеді. Әлемнің бұл бөлігінде Батыс Еуропа деңгейіндегі экономикалық конвергенция (жақындасу) нақты іске асатын мақсат ретінде саналмайды. Ары кетсе, шикізат тауарларының бағасын өзгерту мәселесін талқылаудан аспайды" деп жазған Bloomberg.

"ӘЛСІЗ" ТЕҢГЕ

Ұлыбританиялық Telegraph газеті "Алдыңғы Олимпиададан бергі кезеңдегі ең мықты және ең әлсіз валюталар" деген мақаласында әлем елдері валюталарының бағамы Сочиде өткен олимпиададан кейінгі төрт жылда қалай өзгергенін көрсететін деректер келтірген. Қазақстан теңгесін әлемдегі ең көп құлдыраған валюталардың біріне жатқызған. "2014 жылы Қазақстан [Олимпиадада] медаль алды, бірақ 50 пайыздан көпке құлдырағандықтан, теңге басын бұлай асқақ ұстай алмай тұр" деп жазған басылым.

Оқи отырыңыз: ТЕҢГЕНІҢ БІР ЖЫЛДА «ЖЕТКЕН ЖЕРІ»
Үкімет теңгенің "еркіне жіберілгенін" хабарлағаннан кейін валюта айырбастау орнында пайда болған кезек. Алматы, 20 тамыз 2015 жыл.
Үкімет теңгенің "еркіне жіберілгенін" хабарлағаннан кейін валюта айырбастау орнында пайда болған кезек. Алматы, 20 тамыз 2015 жыл.

​Telegraph болжамынша, долларға шаққандағы бағамы жағынан ең үлкен өсімді бұл кезеңде 14 пайызға нығайған Исландия кронасы көрсеткен. Британдық газеттің алтын медалі Исландияның ұлттық валютасына "бұйырған". Басылым редакциясы күміс жүлдені Тайланд батына, ал қола медальды Израиль шекеліне "берген". Telegraph қазақстандық теңгені қосқан әлсіз валюталар тізімінде Аргентинаның песосы, Түркияның лирасы, Бразилияның реалы да бар.

КОНКУРСТАН ШЕТТЕТІЛГЕН "АРУ"

Miss Virtual Kazakhstan виртуалды әйелдер конкурсында финалға шыққан "Арина Алиева" шын мәнінде, ер адам – 22 жастағы Илай Дягилев болып шығып, Қазақстанда көп шуға ұлсақан оқиға жайлы Батыстың бірнеше басылымы жазған.

Ұлыбританиялық Mirror газеті «Адам сенгісіз жайтты жария еткеннен кейін сұлулық конкурсына қатысушы байқаудан шеттетілді» деген мақаласында «Ұлттық сұлулық байқауының финалисі өзінің шын мәнінде ер адам екенін жария еткеннен кейін конкурстан шеттетілді» деп жазған. Мақалада былтыр Ресейде де осындай жағдай болғанын еске салған – ол кезде 20 жастағы Андрей Нагорный іш киім моделі ретінде шығып, конкурста жеңіп шыққан (ер адам екені әшкереленгеннен кейін жүлде өзге қатысушыға табысталған) .

Бұл оқиғаны "Британдық баспасөздің жазуынша, қатысушылардың бірі өзінің шын мәнінде ер адам екенін жария еткеннен кейін Қазақстандағы сұлулық конкурсынан береке қашты" деген мақаласында мальталық Independent газеті де сипаттаған.

Ұлыбританиялық BBC жаңалықтар сайты жұрттың Дягилевтің мәлімдемесіне қатысты реакциясы туралы «Miss Virtual Kazakhstan финалына жеткен сұлу ер адам болып шықты» деген мақаласында "Instagram желісіндегі комментарийлерде жұрт Дягилевті "біртектес қыздардың" ортасында ерекше көрінген қатысушы деп атап әрі "өзге қыздардың бәрінен гөрі әдемірек" деп жазып, бұл оқиғаны негізінен жылы қабылдаған". Бірақ Дягилевтің әрекетін сынағандар да болды.

XS
SM
MD
LG