АҚТӨБЕДЕГІ ЗАУЫТ АҚШАСЫ ЖӘНЕ ТРАМПТЫҢ ЖОБАЛАРЫ
Осы аптада америкалық Bloomberg жаңалықтар сайтында шыққан "Trump SoHo компаниясының серігі мен Қазақтанның улы кен өндіру саласы байларының ым-жымы қалай бір болып шыққан" атты мақалада қазақстандық хром үшін таластың хикаясы АҚШ президенті Дональд Трамптың іскерлік мәмілелеріне қатысты АҚШ-тың арнайы прокуроры Роберт Мюллер жүргізіп жатқан тексерудің бір бөлігіне айналуы мүмкін деп жазылған. "Бұл оқиға Қазақстанның Ресеймен солтүстік шекарасынан Кариб аралдарындағы офшорлық қаржы орталықтарына, Лондонға және одан ары Трамптың Манхэттендегі жылжымайтын мүліктеріне дейінгі жолды көрсетеді" деп жазған Bloomberg.
"[Ақтөбе хром қосындылары зауытынан (АХҚЗ)] әкетілген миллиондаған доллар ақша АҚШ пен Манхэттендегі даулы Trump SoHo кондоминимумын салу үшін Трамп серіктес болған әрі енді дамып келе жатқан компанияға кеткенін компаниялар жайлы деректер, сот құжаттары және Қазақстан мен Лондонда алынған сұхбаттар көрсетіп отыр" делінген мақалада.
Bloomberg-тің жазуынша, әзірше Роберт Мюллердің тексерулері "қазақстандық ақшаның Трампты Путинмен байланыстыратыны дәлелдейтіні жайлы ешқандай болжам" жасаған жоқ. Бірақ "бұл ақшалар болашақ президенттің алаңғасарлығы мен Ресей және өзге де бұрынғы советтік республикалардан бақыланбайтын қолма-қол ақшаны шығарып әкету кезінде іскерлік әріптестерді тиісті сақтықпен таңдамаған деген маңызды пікірді растайды".
Бұдан кейін мақалада бизнесмендер Александр Машкевич, Патох Шодиев және Алижан Ибрагимов кіретін "еуразиялық үштікпен" Трамптың серіктері бекітуі мүмкін деп болжанған ықтимал мәмілелер және "Ақтөбе хромының негізгі тұтқасы" - Қазақстан тумасы Тевфик Ариф негізін құрған Bayrock Group LLC компаниясына қатысты жүргізіліп жатқан тексеру сипатталған.
"Bayrock, Trump SoHo компаниялары және Трамп ойластырып, Bayrock іске қосуды жоспарлаған немесе Майами мен Фениксте іске қосқан өзге жобалар арқылы [АХҚЗ-нан] қанша ақша өтіп кеткені түсініксіз. [Арифпен келісім-шартты бұзуға қатысты шағым туралы 2016 жылғы іс материалдарына] қарағанда, екі жылдың ішінде ғана қазақстандық зауыттан Bayrock компаниясына кемі 10 миллион доллар түскен". Bloomberg-тің жазуынша, қазір бұл іс сотта қаралып жатыр.
"Табиғи ресурстарға бай елден шығарылып әкетілген әрі қазақстандық акционерлер мен салық төлеушілер қағылған ақшаны Bayrock және одан да ірі өзге де шетелдік компаниялар алған. Зерттеулердің бірінде келтірілген дерекке сәйкес, 1995-2005 жылдар аралығында елден Қазақстан экономикасы өнімінің ширек бөлігінен көбі шетке кеткен" деп жазады Bloomberg.
"БИЛІК ҮШІН СҰМДЫҚҚА АЙНАЛУЫ МҮМКІН"
Жапонияда шығатын Diplomat газеті "Қазақстанның мұнай ақшасына соттар қатер төндіріп тұр" деген мақаласында New York Mellon банкінің Қазақстан ұлттық қоры активтерінің 40 пайызға жуығын құрайтын 22,6 миллиард долларды бұғаттау туралы желтоқсанның аяғындағы шешіміне қатысты комментарий жазған. Бұл шешім Стокгольм арбитраж сотының шешімін мәжбүрлі орындату ісін қараған Бельгия мен Голландия соттарында молдавалық бизнесмен Анатол Скати мен оның баласы Габриэльдің компаниялары жеңіп шыққаннан кейін қабылданған.
Стокгольм соты шешімді 2013 жылғы желтоқсанда Стати компаниялары пайдасына шығарған. Молдовалық бизнесменнің мәлімдеуінше, 2010 жылы оның Боранкөл мен Толқын мұнай кеніштеріндегі үлесін Қазақстан билігі тартып алған. Арбитраж сот Қазақстан энергетикалық келісім-шартты бұзды деп танып, Астананы Статиге 520 миллион доллар өтемақы төлеуге міндеттеген. Қазақстан оны төлеуден бас тартып, Статидің үстінен АҚШ сотына жүгінген.
Әділет министрлігі сайтында жарияланған мәлімдемеде Анатол Статидің компаниясын "алаяқтықпен айналысты" деп айыптап, Қазақстан арбитраж соты шешіміне қатысты шағымданды деп көрсетілген. Әділет министрлігі Қазақстан арбитраж сот белгілеген сома және сот шығындарын ғана төлеумен құтылатынына сенімді.
Diplomat басылымы "Даудың немен аяқталатыны әзірше белгісіз әрі алдағы сот шешімдері қазақстандық активтердің тағдырына ықпал етпегенімен, даудың қайдан шыққанын көрсететін нақты координаттар бар" деп жазған әрі Молдованың бұрынғы президенті Владимир Ворониннің Статиді "табысын офшорларда жасыруға тырысатын сенімсіз бизнесмен" деп атап, 2008 жылы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жазған хатын көрсеткен. 2009 жылы Статидің ұлы Габриэль Кишиневте сәуірде болған жаппай тәртіпсіздіктерді қаржыландырды деп айыпталған. Бірнеше айдан кейін Қазақстан билігі Статидің отбасына қатысты тексеру бастап, ақыры бұл отбасы Қазақстандағы бизнесінен айырылған.
"Егер бұл дауды қарап жатқан соттар тым ұзаққа созылып, Қазақстан Қашағандағы үлесін толықтай немесе жарым-жартылай сатуға мәжбүр болса, бұл [Қазақстан] билігі үшін қорқынышты сұмдыққа айналуы мүмкін" деп жазған Diplomat.
ҚОРҒАСТАҒЫ САҚАЛ МӘСЕЛЕСІ
Америкалық New York Times газеті "Визасыз аймақ әмияныңызды ұнатқанымен, сақалыңызды жақтырмауы мүмкін" деген мақаласында Қытай мен Қазақстан шекарасында ашылған Қорғас еркін экономикалық аймағы жұмысын сипаттаған. Мысалы, Қытай шекарасынан өту үшін виза немесе кедендік бақылаудан өтудің қажеті жоқ, бірақ ислам дінін ұстанатынын сырт келбеті немесе киген киімі білдіретін адамдарды аймаққа кіргізбеуді арнайы құрылған "халықтық қарулы полиция" қадағалайды деп жазған.
"Жыл сайын Қорғасқа екі миллионға жуық қытай барады, ол жаққа барып жатқан қазақтарға қарағанда, бұл әлдеқайда көп, бірақ олар көбінесе Қытай жағында қалады. Білінер-білінбес шекара арқылы адамдар әсіресе қыста негізінен бір жақ бағытқа ғана ағылады. Қазақстан жаққа өтетін қытайлар өте аз, ал қазақтар киім-кешек, ойыншықтар және электронды тауарлар сатып алып әрі көбін контрабандалық жолмен алып шығу үшін Қытай жаққа лек-легімен өтеді" деп жазған New York Times.
Адамдар шекаралық бақылаудан өз елі территориясында өтеді, екі ел арасындағы келісімге сәйкес, "екі ел бір-біріне визасыз ауданда проблема тудыруы ықтимал ешкімді кіргізбейді деп сенеді". Қытайдан ешкімнің 50 килограмнан артық тауар алып шықпауын қайтар жолда Қазақстан кеден қызметінің лауазымды тұлғалары тексеруі тиіс. Жүк салмағына қатысты салынған бұл шектеу - Ресей үстем болып отырған Еуразия экономикалық одағының және Қазақстан мүшесі саналатын Кеден одағының талабы.
"Ресей арнайы сауда аймағы арқылы Қазақстанға баж салығынсыз өтетін тауарлар түптеп келгенде ресейлік базарларға қаптап кетеді деп қауіптенеді. Қазақстан бір адамның дүкен аралау үшін айына бір реттен артық баруын шектеп отыр, бірақ жүгенсіз коррупция кесірінен ондай тексерулер анда-санда ғана жүргізіледі. Кедендік баж салығын айналып өткісі келетіндерден пара алғаны үшін кейінгі бірнеше жылда Қазақстанның көптеген лауазымды тұлғасы, оның ішінде полиция және кеден органы қызметкерлері қамалған" деп жазған New York Times.