"КАРАНТИНДЕ ҚАЙДА БАРЫП ЕМДЕЛЕРІМІЗДІ БІЛМЕДІК"
Талғар қаласының іргесіндегі Ақдала ауылы тұрғындары жол, интернет, жарық мәселесі дұрыс шешілмей отырғанына наразы. Жыл сайын берілетін, бірақ орындалмайтын уәдеден шаршаған. "Бірақ биыл дәрігерлік амбулаторияның жоғы жанға батты" дейді Айжан Иманбаева. Ауыл жұрты коронавирус өршіген кезде де қатты қиналған.
– Карантинде қайда барарымызды, қайда емделерімізді білмедік. Миымыз ашыды. Біресе ана жеке меншік емханаға жүгіреміз, біресе үйге шақыртамыз. Ақшамызды төлеп, бәріміз солай жасадық. Себебі Кеңдалаға жету үшін бірнеше километр айналып, Талғар арқылы бару қажет, – дейді ол.
Ақдала Кеңдала ауылдық округіне қарайды. Елдімекендердің арасы 12 шақырым. Есепке аз көрінгенімен, жалғыз автобус өте сирек жүретін ауыл тұрғындары үшін бұл оңай жол емес.
Әсем Боранбаеваның отбасы Ақдалаға 6 жыл бұрын қоныстанған. Төрт баланың анасы дәрігерлік амбулаторияның алыста болғандықтан, "баламның екпесін уақтылы ала алмадым" дейді.
– Бір рет рұқсат бермеді. Одан кейін алу керек кезде бара алмадым. Ауыл ішінде болса, бару да, келу де оңай ғой, – деп ашынады көп балалы ана.
Әсем ауылға журналистер келгенін естіп, қолына кішкентай сәбиін ұстай шығыпты. Сөзінше, алыста орналасқан дәрігерлік амбулаторияға қаралудан гөрі, оған барудың әуре-сарсаңы көп.
– Медпункт керек бізге. Кейде Кеңдалаға, одан қалса аудандық ауруханаға бару керек болады. Төрт баламен жүре алмайсың. Одан қалса автобус жоқ, не машина жоқ. Көп баламен оның бәріне жүргенше, осы жерден бір емхана салып берсе жақсы болатын еді, – дейді Әсем Боранбаева.
БҰРЫНҒЫ ЕМХАНА ЖЕКЕНІҢ МЕНШІГІНДЕ
Тұрғындар сүт өндірісімен айналысатын кооперативке қарасты ауыл ішіндегі үй былтырға дейін амбулатория болғанын айтады. 1990 жылдардан бері тарап кетпей "колхоз" күйінде жұмыс істеген "Алматы" сүт кешені бір жыл бұрын жеке меншікке сатылған. Кооператив балансында тұрған үй де жекенің қолына өткен. Бұрынғы амбулатория ғимаратында сол мекеме қызметкерлері тұрады.
Кеңдала ауылдық амбулаториясының мейіргері Дариға Тоқанова ғимаратты босатқан соң, әкімдік мектептен екі кабинет алып бергенін айтады. Алайда карантин әлсіреп, мектепке дейінгі шағын орталық жұмыс істей бастаған сәтте ол орынды да босатуға тура келген.
– Қазір Кеңдала амбулаториясынан бір бөлме берген. Сонда отырмыз. Ақдалада отырсақ, халыққа да, бізге де ыңғайлы. Ауыл ішінде жүгіріп барамыз, шыға саламыз, таратамыз. Екінші мейіргер екеуіміз жақтап, біреуіміз система, екпе салып жатамыз. Қазір бір екпе салуға, қан қысымын өлшеуге халық Кеңдалаға барады, – дейді Дариға Тоқанова.
Мейіргерді Ақдаладағы ескі амбулатория ғимаратының маңында кездестірдік. Қолына пакетке салынған қораптары бар. Бұл Дариға Тоқанованың ауыл тұрғындарына скрининг-тест таратып жүрген беті екен.
Осы сәтте мейіргердің телефонына ауылдың амбулатория меңгерушісі қоңырау шалып, тілшілермен сөйлескісі келетінін айтты.
– Кеңдалада Ақдала тұрғындарына арнайы орын бердік. Бірінші сол кісілерді қабылдаймыз. Медициналық көмектің бәрін істеп отырмыз, – деді Мәдина Карамшук.
Оның сөзінше, "тұрғындардың шағымдануына негіз жоқ".
Ауылдың әр жерінде тұрғындарға "амбулаторияда ғимарат жоқ болғандықтан, Кеңдала ауылындағы дәрігерлік пунктке барыңыздар" деген хабарландыру ілінген.
Аудандық аурухана басшылығының дерегінше, әкімдік жаңа амбулатория салуға жер телімін бөлген. Аурухана директорының орынбасары Қарлығаш Қасымбекова бұл алдағы 1-2 жылдың жұмысы екенін айтады.
– Директор бәріміз басқа жерден арендаға ғимарат іздеп, шешімді қарастырып жатырмыз. Бірақ әкімдік айтқандай, дәрігерлік амбулатория құрылысына құжаттарды жинап жатырмыз. Бірақ біраз қиындықтар бар. Оны жоспарға кіргізуіміз керек, – дейді ол.
Аурухана басшылығы жалға алатын ғимарат қашан дайын болатынын, жаңа емхана ғимараты қай уақытта салынатынын нақты айта алмады. Ақдалалықтар қашанға дейін жақын маңдағы ауыл амбулаториясына қатынары белгісіз.
Қарлығаш Қасымбекованың сөзінше, Талғар ауданында Ақдала сияқты дәрігерлік амбулаториясы жоқ тағы 3-4 ауыл бар.
Денсаулық сақтау министрлігі мұндай ауылдардың Қазақстан бойынша нақты есебі қанша екенін білмейді. Азаттыққа уатсап арқылы жауап берген министрліктің ресми өкілі Бағдат Қожахметов оны анықтайтын арнайы комиссия құрылғанын айтады.
ПІКІРЛЕР