Accessibility links

Этникалық жанжалды бүркемелеудің соңы неге алып келеді?


Этникалық қазақтар мен дүнгендер арасында қақтығыс болған Масанчи ауылында жүрген полиция жасағы. Қордай ауданы, Жамбыл облысы, 8 ақпан 2020 жыл.
Этникалық қазақтар мен дүнгендер арасында қақтығыс болған Масанчи ауылында жүрген полиция жасағы. Қордай ауданы, Жамбыл облысы, 8 ақпан 2020 жыл.

2020 жылы Қазақстанның бірнеше өңірінде этникалық конфликт болды. Билік оларды "тұрмыстық жанжал", "қылмыстық топтар әрекеті" деп сипаттауға тырысты. Сарапшылар проблеманы өз атымен атау керек дейді. Олардың сөзінше, мәселенің бір ұшы билік ойлап тапқан "мемлекет құраушы ұлт" концепциясына тіреледі.

"ЭТНИКАЛЫҚ СИПАТЫ БАР ЖАНЖАЛДАР"

7 ақпанда Жамбыл облысы Қордай ауданында қазақтар мен дүнгендер жанжалдасып, әлеуметтік желіде "қазақтар мен дүнгендер арасында төбелес болып жатқаны" жайлы ақпарат кеңінен тарады. Салдарынан Масанчи, Сортөбе, Ауқатты және Бұлан батыр ауылдарында 25 үй, 30 нысан, 40 автокөлік өртенді, 11 адам қаза тауып, 50-ден астам адам жарақаттанды.

1 наурызда Қордай ауданына барған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жанжал "Қазақстанды дүр сілкіндіріп, әлемді елеңдетті, елдің абыройына нұқсан келтірді" деді. Президенттің сөзінше, жанжалға "осы ауданда заңсыз табыс көзіне таласқан қылмыстық топтар түрткі болған". Бірақ ол "топтарды" нақты атамады, "заңсыз табыс көзін" де ашып айтпады.

Дүнгендер көп тұратын Масанчи ауылында өртенген ғимараттың орнында телефонмен сөйлесіп тұрған әйел. Қордай ауданы, Жамбыл облысы, 12 ақпан 2020 жыл.
Дүнгендер көп тұратын Масанчи ауылында өртенген ғимараттың орнында телефонмен сөйлесіп тұрған әйел. Қордай ауданы, Жамбыл облысы, 12 ақпан 2020 жыл.

21 шілдеде Түркістан облысы Түркістан ауданының Шорнақ ауылдық округіне қарасты Қосмезгіл ауылында қазақ және өзбек жастарының арасында төбелес шықты. Қазақ жігіті Алмас Төлбасиевтің өзбек жігіті Ифтихор Жумадуллаевтан сіріңке сұрауынан басталған төбелеске оннан аса адам қатысып, төрт адам жарақаттанған.

Әлеуметтік желіде тараған видеоларда "жергілікті қазақтар мен өзбектердің төбелескені, мұндай оқиғаның бұрын да болғаны" айтылды. Ауылға арнайы жасақ кіргізілді.

Бұл оқиға бойынша қыркүйек және қараша айында он адам сотқа тартылды. Жетеуі жәбірленушілермен татуласып, үш адам шартты жазаға кесілді. Шорнақтағы төбелесті Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев "тұрмыстық жанжал" деп атады.

"ҰЛТАРАЛЫҚ ӨШПЕНДІЛІК ЖОҚ"

Қордайдағы жанжалдан соң Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов қызметінен босатылып, басқа да кадрлық ауыс-түйістер жасалды. Билік жанжалды қылмыстық топтардың әрекеті деп атай тұра, арнайы комиссия құрып, ол комиссия қазақ және дүнген ауылы тұрғындарымен кездесті, арыз-шағымын тыңдады.

Қордайға барған комиссия құрамында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті төрағасының орынбасары Ғалым Шойкин де болған. Оның сөзінше, қақтығысқан ауылдардағы экономикалық, мәдени проблемалар зерттеліп, тиісті орындарға ұсыныс берілген.

– Қазақстанда ұлтаралық өшпенділік, яғни өзге ұлт болғаны үшін ғана жеккөрушілік жоқ. Екі ұлттың кей адамдары арасында туған жанжалды жалпыға таңу жөнсіз, – дейді Шойкин Азаттыққа.

Ал Асқар Мырзахметовтың орнына облыс әкімі болып тағайындалған Бердібек Сапарбаев "қылмысты ұлтына қарап бөлмеу" керегін айтты.

"Қылмыс жасаған [адам] – қылмыскер. Қазақ бола ма, дүнген бола ма, басқа бола ма жауап беруі керек. Енді бала болған соң бір-бірімен келіспей, төбелесіп қалады. Кейін бірден ұлтына қарайды. Олар бала болған соң [төбелеседі], кейін бір сағаттан соң татуласып, бірге ойнады. Сондықтан біз осындай кішкентай мәселелерді қазақ пен дүнген төбелесіп қалды деп ұлттық қарым-қатынас есептемеуіміз керек" деді Сапарбаев 2 желтоқсанда өткен баспасөз мәслихатында

"ҚАРАПАЙЫМ АДАМҒА "СЕБЕБІ ОЛ – БАСҚА ЭТНОСТЫҢ ӨКІЛІ" ДЕГЕН ЖАУАП ОҢАЙ"

Қордай оқиғасынан кейін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанынан Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты құрылған. Институт 13 қараша күні "Қордай қақтығысы: себеп-салдары мен тәжірибесі" деген тақырыпта онлайн конференция өткізіп, оған қатысқан сарапшылар Қордайдағы жанжалдың пайда болуына этникалық топтардың тұйық өмір салты, демографиялық ерекшеліктер және сыбайлас жемқорлық әсер етіп отыр деген тоқтамға келді.

Масанчи ауылындағы өртенген үййдің қасынан өтіп бара жатқан балалар. Жамбыл облысы, 26 ақпан 2020 жыл.
Масанчи ауылындағы өртенген үййдің қасынан өтіп бара жатқан балалар. Жамбыл облысы, 26 ақпан 2020 жыл.

Ал институт директорының орынбасары, әлеуметтанушы Айгүл Сәдуақасова бұл оқиғаларды сырттай ұлтаралық қақтығыс болып көрінгенімен, шын мәнінде әлеуметтік және экономикалық мәселелерден туған жанжал деп санайды.

– Аймақтарда дәстүрлі өмір салты көбірек сақталып, 1990 жылдары басталған нарық жүйесіне әлеуметтік орта әлі де бейімделе алмай жатқан сияқты. Нарық біреуді байытты, біреуді кедейлікке ұшыратты. Қоғамда дифференциация өте жоғары деңгейде келе жатыр. Өзінде жоқ, өзге де бар болса "Неліктен?" деген сұрақ пайда болады. Қарапайым адамға "себебі ол – басқа этностың өкілі" деген жауап оңай, – дейді ол.

Сәдуақасованың пікірінше, кейінгі жылдары әлеуметтік желілерді белсенді қолдана бастау да аймақтардағы оқиғаларды түрліше баға беруге ықпал еткен.

– Дәстүрлі ақпарат құралдары заң нормаларынан өзге белгілі бір этиканы, ережелерді ұстанады. Ал қарапайым адам әлеуметтік желіде "не жазсам да өзім білемін" деп ойлайды, эмоциясына ерік береді. Сондықтан жеке адамның жазғаны ақпарат кеңістікке шыққанда қандай әсер туғызатыны бөлек мәселе, – дейді ол.

"БІЗ ЭТНИКАЛЫҚ САЯСАТТЫ ЕМЕС, АЗАМАТТЫҚ САЯСАТТЫ ҰСТАНУЫМЫЗ КЕРЕК"

Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев Қазақстан билігі "этникалық қақтығыс" деп сипаттаудан тартынады деп санайды.

– Егер проблеманы өз атымен атамасақ шешімін басқа жақтан іздеп кетеміз. Проблемада этникалық компонент өте маңызды. Қордайда жанжалдасушы тараптар өздерін этникалық топ ретінде көрсетті. Олар қылмыстық топтың өкілі емес, ауылдың қарапайым азаматтары, – дейді Бейсембаев.

Шорнақ ауылындағы жанжалдан кейінгі көрініс. Түркістан облысы, 23 шілде 2020 жыл.
Шорнақ ауылындағы жанжалдан кейінгі көрініс. Түркістан облысы, 23 шілде 2020 жыл.

Әлеуметтанушы Қазақстан билігі мен ресми баспасөзі 2000 жылдардан бері қолдана бастаған "мемлекет құраушы ұлт" ұғымының идеологиялық концепциясына назар аударады.

– Бұл концепция этносаясаттың өзегі ретінде қалыптасты. Мұның идеясы бойынша, Қазақстандағы ұлттар қазақтар мен басқа ұлттар болып бөлінеді. Менің ойымша, бұл идея азаматтық бірлікке тосқауыл болды, азаматтардың тең дәрежеде сезінуіне кері әсер етті. Өзге ұлттар арасында "көбірек құқық берілген қазақ ұлты бар" деген түсінік орнығуына жол берді. Қоғам біршама өзгерді, қазір қазақ этносына, мәдениеті мен тіліне қауіп жоқ. Біз этникалық саясатты емес, азаматтық саясатты ұстануымыз керек, – дейді ол.

"Мемлекет құраушы ұлт" ұғымын саяси айналымға 2009 жылы Нұрсұлтан Назарбаев енгізген еді. Қазақстан халқы ассамблеясында сөйлеген сөзінде ол "Қазір байырғы қазақ жерінде жаңа азаматтық қоғам қалыптасуда. 21-ғасырда қазақтар мемлекет құраушы ұлт ретінде жаңа белеске көтеріліп, Қазақстан халқының берік өзегіне, сенімді діңгегіне айналуда. Қазақ халқы өзіне жүктелген аса маңызды жауапкершілікті сезіне отырып, бұл тарихи миссияны абыроймен атқарып шығады деп сенемін" деген болатын.

"Мемлекет құраушы ұлт" концепциясын мемлекетттік шенеуніктер мен ресми баспасөз одан әрі дамытып әкетті. 2019 жылғы 31 желтоқсаннан 2020 жылғы 1 қаңтарға ауған түні Қарағандыдағы "Древний Рим" ресторанында болған қақтығыстан кейін "Нұр Отан" партиясы төрағасының сол кездегі бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев "қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт екенін ашық айтуымыз" деді.

Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқының бірлігі күні мерекелік шарада билеп жүр. Алматы, 1 мамыр 2016 жыл.
Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқының бірлігі күні мерекелік шарада билеп жүр. Алматы, 1 мамыр 2016 жыл.

Серік Бейсембаевтың айтуынша, "мемлекет құраушы ұлт" концепциясының екі жағы бар. Біріншіден, ол заң жүзінде тең саналғанымен этникалық артықшылықты белгілейді, бірақ сонымен бірге жауапкершілік жүктейді.

– Бұл идея қарапайым қазақ арасында "біздің мәртебеміз жоғарырақ" деген ұғым туғызады, бірақ олар жауапкершілік жүктелгенін ескермейді. Билік бұл ұғымды кейде "сен қазақ болған соң осы елге жауаптысың" деген міндет арту үшін де пайдаланады. Көпшілікке жүктелген жауапкершілікке ешкім жауап бермейді. Әр адам этнос өкілі ретінде емес, жеке тұлға ретінде жауапкершілік алуы керек, – дейді ол.

Әлеуметтанушының пікірінше, 1 наурыз күні атап өтілетін Алғыс айту күні – "мемлекет құраушы ұлт" концепциясынан пайда болған, этникалық артықшылықты меңзейтін саяси шешім. Әлеуметтанушы мұның астарында "Сырттан келген кірме ұлттар жыл сайын алғыс айтып, риза болуы керек" деген түсінік жатыр" дейді.

Алғыс айту күні 2016 жылғы 14 қаңтарда Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев жарлығымен енгізілген. Экс-президент атаулы күн туралы пікірінде Қазақстандағы этностар бұл күні өздерін "туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айтуы" керек деген.

Қордайдағы жанжалдан кейін сынның бір ұшы Қазақстан халқы ассамблеясына да тиді. Этносаралық қатынастарды дамытуы үшін құрылған бұл ұйым туралы "ән салып, би билеуді ғана біледі" деген пікірлер айтылды. Мәртебесі арнайы заңмен анықталатын бұл ұйым 1995 жылы 1 наурызда құрылған. Құрамына этномәдени бірлестіктер кіретін бұл ассамблеяның сессиясы Қазақстан парламенті мәжілісінің тоғыз депутатын сайлайды.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG