Accessibility links

"Мұнай өндіретіндердің жағдайы тасада қалған сияқты"


Италиялық зерттеуші Маурицио Тотаро
Италиялық зерттеуші Маурицио Тотаро

Мұнайға бай өлке тұрғындарының жұпыны тірлігі мен қордаланған әлеуметтік проблемалары туралы айтқан Маңғыстау аймағын зерттеуші италиялық ғалым Маурицио Тотаро Жаңаөзен оқиғасы жұрттың жадында қалғанын айтады.

ЗЕРТТЕУГЕ СЕБЕП БОЛҒАН ФИЛЬМ

Бельгиядағы Гент университетінің докторанты италиялық 33 жастағы Маурицио Тотаро екі жылдан бері Маңғыстау аймағының 1960 жылдан бастап қазіргі кезге дейінгі тарихын, тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі мен аймақтағы әлеуметтік өзгерістерді зерттеумен айналысып жүр. Оның зерттеу жұмысының тақырыбы "КАСПИАН" деп аталады. Бұл жоба аясында зерттеуші Мария Склодовская-Кюри грантын да жеңіп алған.

Каспий теңізі қайраңынан мұнай өндіру. Маңғыстау облысы, 24 маусым 2016 жыл
Каспий теңізі қайраңынан мұнай өндіру. Маңғыстау облысы, 24 маусым 2016 жыл

Тотаро 2014 жылы Лондондағы Шығыстану және африкатану мектебінде (SOAS) "Орта Азия саясаты" мамандығы бойынша магистратурада оқып жүргенде Жаңаөзендегі оқиға туралы фильмді кездейсоқ көріп қалып, содан бастап бұл аймаққа қызығушылығы оянғанын айтады.

- Фильмді көріп, қатты таң қалдым. Іздене келе, Маңғыстау облысы Қазақстанда Атыраудан кейінгі екінші мұнайлы өлке аталатынын білдім. Бірақ, Қазақстан мұнайы туралы көп жазылғанымен, оны өндіретін адамдардың тұрмысы және аймақтағы тұрғындар туралы онша көп ақпарат таба алмадым. Олардың әлеуметтік тұрмыс-тіршілігін зерттеу жайлы ұсынысым сол себепті де қолдау тапқан болар, грантты жеңіп алдым да бірден Ақтауға аттандым, - дейді ол.

Маурицио Тотаро Маңғыстау өңірін Қазақстанда периферия деп атайтындығымен келісу қиын деп санайды.

- Менің ойымша, бұл аймақты орталық деп те қарауға болады. Себебі, Қазақстанның экономикасы үшін мұнай соншалықты маңызды болса, оны өндіретін аймақ неге орталық болмасқа? – дейді ол.

Соңғы екі жылда Маңғыстау облысының барлық аудандарын аралап шыққан зерттеуші жергілікті тұрғындар арасында қазақи салт-дәстүрдің берік қалыптасқанын аңғарған. Аймақты зерттеу барысында Тотаро жергілікті тұрғындармен, солардың ішінде 2011 жылғы Жаңаөзендегі мұнайшылар ереуіліне қатысушылармен де, 2017 жылы Қазақстанның тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын сақтап қалу мақсатымен аштық акциясын жариялағаннан кейін жұмыссыз қалған Ақтаудағы Oil Construction Сompany мекемесінің мұнайшыларымен де кездесіп, сұхбаттасқан. Осы кездесулерден кейін ол "аймақтың басты байлығы, ел экономикасын көтеріп отырған мұнай болғанымен, оны өндіретін адамдардың жағдайы іс жүзінде тасада қалған сияқты" деп ой түйген.

Аштық жариялаған Оil Сonstruction company жұмысшылары. Ақтау, 18 қаңтар 2017 жыл.
Аштық жариялаған Оil Сonstruction company жұмысшылары. Ақтау, 18 қаңтар 2017 жыл.

ЖАН ЖАРАСЫ ЖАЗЫЛМАҒАН ЖАҢАӨЗЕН

Маурицио Тотароның Маңғыстау өңірінде жиі барған және бірнеше айлап тұрған жерлердің бірі - Жаңаөзен қаласы. Ашық-жарқын мінезімен аз ғана уақытта жергілікті халықтың арасына тез сіңісіп кеткен Маурицио Тотаро қаланың әр бұрышына дейін аралап, тұрғындардың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпымен жақын танысып, адамдарының мінез-құлқына қанығып алған. Ол аймаққа келгелі осындағы түрлі салт-дәстүр жиындарына, 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы құрбандарын еске алу шараларына да қатысқан.

2016 жылы желтоқсанда Маңғыстау өңіріне алғаш келген кезде Азаттық тілшісімен бірге Жаңаөзен құрбандарын еске алу шарасына барған Маурицио Тотаро бөлек бөлмеде отырған ер адамдардың ортасына тап болған еді. Сол кезде Құран оқылған соң өзгелермен бірге италиялық мейманның да бет сипағанын көрген кей адамдар "мына шетелдік мұсылман ба?" деп сұрағанын қазір есіне түсіргенде ол күліп алды.

- Әрине, бұл менің жергілікті тұрғындарға, олардың салт-дәстүріне көрсеткен құрметім, - дейді ол.

2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы құрбандарын еске алу шарасына жиналған адамдар. Маңғыстау облысы, 10 желтоқсан 2016 жыл
2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы құрбандарын еске алу шарасына жиналған адамдар. Маңғыстау облысы, 10 желтоқсан 2016 жыл

Маурицио Тотаро Жаңаөзенде жыл сайын желтоқсан айында 2011 жылы бейбіт ереуілге полиция оқ жаудырғанда қаза тапқандарды еске алу дәстүрге айналғанын айтады.

- Маған Жаңаөзен оқиғасы әлі жабылмағандай көрінеді. 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күні мейрамы делінгенімен, ол Жаңаөзен құрбандарын еске алу күніне айналып кеткендей. Бір жағынан мереке, екінші жағынан - садақа беру. Екеуінің ортасында қандай байланыс болуы мүмкін? - деп толғанады ол.

МҰНАЙҒА БАЙ АЙМАҚТАҒЫ ЖҰПЫНЫ ТІРЛІК

Маурицио Тотароның сөзінше, Маңғыстау өңірінде мұнайға тәуелділік әсіресе Жаңаөзеннен анық байқалады. "Жаңаөзен мен мұнай - егіз ұғым" деген ол, "бірақ енді біраз жылдардан соң мұнай таусылғанда не істеу керектігін үкіметтің өзі де білмейтін тәрізді" дейді.

Жаңаөзенде тозығы жеткен үйлеріне шағымданған тұрғындар. 29 тамыз 2015 жыл
Жаңаөзенде тозығы жеткен үйлеріне шағымданған тұрғындар. 29 тамыз 2015 жыл

Бұған қоса, шетелдік зерттеуші өзі сөйлескен жергілікті мұнайшылардың Маңғыстаудағы кен орындарының басым көбінің ескіргенін, оларды бір кездері әкелері игергенін айтқанын да баяндап берді. Олардан қалада жалақысы жоғары жұмыс орындары тек осы кеніштерде ғана екенін естіп білгенін, бірақ өзі жергілікті тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін жақсы деп бағалай алмайтынын да айтты. "Мен жергілікті халықтың "25 жылда ештеңе өзгерген жоқ" деп неге сынайтынын енді ғана түсіне бастадым" дейді ол.

- Жаңаөзенде 2011 жылғы ереуілден соң жаңа компания құрылған. Бірақ мұнай бағасы күрт құлдилаған дағдарыстан соң Жаңаөзенді асырап тұрған жалғыз өндіріс ошағы "Өзенмұнайгаз" компаниясына адам қабылдауға мораторий жарияланыпты. Сол себепті көп адам ол компанияға жұмысқа орналаса алмай жүргенін айтады. Олар балаларының болашағына алаңдайды, - дейді Маурицио Тотаро.

Ол Маңғыстауда жергілікті өндіруші компаниялардағы 5/50 тәсілімен, яғни бес жылдық жалақының елу пайызын алдын-ала төлеп, жұмыстан босату бағдарламасының жұмысшыларға әсерін де сараптап көрген. Тотароның ойынша, бес жылдық жалақының елу пайызын алдын ала үлестіріп, оны бизнес ашуға жұмсау туралы үгіт-насихаттар болашақта қиын жағдайға әкеп соғуы мүмкін. Ол әңгімелескен мұнайшылардың біразы алдын-ала алған бес жылдық жалақысын несиені өтеуге, отбасы қажеттілігі мен денсаулықтарын түзеуге жұмсап та үлгерген.

- Маған тіпті "сен тәуекелге баруың керексің, тек сонда ғана өз-өзіңді дамыта аласың" деген идеология бардай көрінеді. Бірақ оған жұрттың бәрі бірдей дайын емес қой және ондай тәуекелге баруды қаламайтындар да бар. Ондай адамдарға әлеуметтік адаптация орталығы өз мамандықтары бойынша жұмыс тауып бергенімен, төленетін ақша алдыңғы жалақының үштен бір бөлігін немесе жартысын құрайды және қысқа мерзімді еңбек келісім-шарттары жасалады. Мәселен, бизнесте компаниядағыдай тұрақты жалақы жоқ. Бизнесі жүрмей қалса не істейді? Сондықтан адамдардың тұрақты жұмыс іздеуге ұмтылысын түсінуге болады, - дейді Маурицио Тотаро.

Ол Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласында жалға алып тұратын екі бөлмелі пәтер үшін ай сайын 100 мың теңге төлейтінін, "бұл өте қымбат" екенін айтады. Маурицио Тотароның сөзінше, қалада 50 мың теңге жалақы алатын, бірақ баспанасы жоқ адамдар аз емес.

- Сондықтан көп адамдар Ақтаудың шетіндегі Промзона ауданында "времянканы" 3-4 адам болып бірігіп жалдап, бір бөлмеде тұрады. Өкінішке қарай, мұндай адамдар тасада қалады, олар туралы мақалаларды БАҚ бетінен таба алмайсың. Олар жақсы табыс таба алмаса, басқалар тәрізді жақсы өмір сүре алмаса - өздері кінәлі деген ұғым қалыптасқан, - дейді шетелдік зерттеуші.

"БАҒА ҚЫМБАТ, ТУРИСТ АЗ"

Италиялық жас ғалым Маурицио Тотаро Маңғыстау аймағында туризмді дамыту туралы биліктің жоспарлары туралы да көп естігенін айтады. Бірақ жақын онжылдықта оның жүзеге асатындығына күмәнмен қарайды. Ол Ақтауға келісімен алдында өзі интернеттен жарнамасын көрген көпқабатты биік ғимараттары бар "Ақтау сити" қалашығын іздеген, бірақ оны таппаған.

"Маған тұрғындар "ол жайлы енді ойламай-ақ қойсаң болады" дегенде таң қалдым" дейді италиялық ғалым. "Дегенмен сіз Каспий теңізі жағалауының қалай өзгергенін көрдіңіз ғой?" деген сұрағымызға ол былай деп жауап берді.

- Әрине, көрдім, ол қала тұрғындары үшін өте тамаша. Бірақ ол - туризм емес. Теңіз жағасында демалуды қалаған қазақстандықтар ағылып Ақтауға келеді деп ойламаймын. Өйткені олар теңізге түсіп демалғысы келсе, Түркияны немесе Дубайды таңдайды. Ақтаудағы демалыс орындарының бағасы өте қымбат. Туристер көбірек келуі үшін әлі көп нәрсе жасалуы тиіс. Мәселен, биыл жазда мен тұрған пәтерде бірнеше күн бойы құбырдан түсі қап-қара су ақты. Мұны тұрған үйімнің құбыр желісіне байланысты деп ойлағанмын. Кейін жергілікті газеттен Маңғыстау атом энергетикалық комбинатынан келетін судың осындай екені туралы көп адамдардың шағымданып жатқанын оқыдым. Білесіз бе, бұл спектакль тәрізді ауқымды жобалардан да маңызды проблема, - дейді Маурицио Тотаро.

Әйткенмен зерттеуші Маңғыстау өлкесінде экотуризмді дамыту мүмкіндігі мол деп санайды. Ол жергілікті халық мақтан тұтатын Маңғыстау табиғатының ерекшелігін, оның шетелдіктер үшін таңқаларлық дүние екенін де атап өтті.

Маңғыстау облысындағы Үстірт қорығындағы табиғаты әсем жерлердің бірі - Өнере шатқалы. Марк Пестов түсірген сурет
Маңғыстау облысындағы Үстірт қорығындағы табиғаты әсем жерлердің бірі - Өнере шатқалы. Марк Пестов түсірген сурет

- Мұнда жүргенімде жергілікті тұрғындардың осы аймақтың ішінде көп саяхаттайтынын байқадым. Олармен бірге демалыс күндері Бозжыра, Айрақты, Жығылған және өзге де керемет жерлерге бардым. Сонымен қатар, қазақтар Маңғыстауға Бекет ата, Шопан ата мен басқа әулиелерге зиярат етуге келеді. Ол біз үшін өте қызық, - дейді ол.

Маурицио Тотаро Маңғыстау өлкесі мен тұрғындарының тыныс-тіршілігі туралы зерттеу жұмысын 2019 жылы аяқтауды жоспарлап отыр. Ол зерттеу еңбегі жарық көрісімен Азаттық тілшісіне хабарлауға уәде етті.

Қарай отырыңыз: Жаңаөзен оқиғасы жеті жылда не өзгерді?

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG