Accessibility links

Фобия ма, әлде ақша үнемдеу ме? Қазақстандықтар онлайн тапсырыс беруге құлықсыз


Велосипед мінген жеткізу қызметінің курьері. Алматы, 14 сәуір 2020 жыл.
Велосипед мінген жеткізу қызметінің курьері. Алматы, 14 сәуір 2020 жыл.

COVID-19 пандемиясына байланысты енгізілген шектеулер кезінде әлемнің көп мемлекетінде онлайн тапсырысқа сұраныс артып, жеткізу қызметімен айналысатын компаниялардың жұмысы көбейді. Ал бір айдан бері төтенше жағдай режимінде отырған Қазақстанда жеткізу қызметіне сұраныс айтарлықтай артпаған. Азаттық оның себептерін анықтауға тырысты.

Алматы қаласының тұрғыны Айжан – байланыс саласының маманы, үйден жұмыс істейді. Қазақстанда коронавирус пандемиясы өршігелі бері азық-түлік пен тамақ жеткізу қызметін бұрынғыдан көбірек пайдалана бастаған Айжанның пікірінше, дүкенге барғаннан, тауарларды тапсырыспен үйге алдыру әлдеқайда қауіпсіз.

- Қазір жеке гигиена заттары таусылып жатыр. Сайттан крем, сабын, шампунь сияқты заттарға тапсырыс беремін деп отырмын. Онлайн тапсырыспен айналысатын компаниялар жұмыс орындарын қалай дезинфекциялайтыны туралы жазса, көңілім жайланар еді. Олар бәрін көрсетіп, "бізде бәрі таза" десе, көңілім орнына түсіп, сенімім күшейер еді, - дейді Айжан.

Адвокат Данияр Кәріпжанов та пандемия кезінде жеткізу қызметін пайдалануды ыңғайлы көреді.

Тапсырысты жеткізген курьермен ара қашықтық сақтаймыз. Қауіпсіздік мақсатында пакетті дезинфекциялаймыз.

- Аптасына бір рет тапсырыс береміз. [Орталыққа] жақын тұрсақ, аптасына үш рет тапсырыс берер едік. Пандемия мен карантин кезінде бірінші кезекте тамақ керек. Қазір барлық жер жабық, үйде ас дайындауға үнемі мүмкіндік бола бермейді. Тапсырысты жеткізген курьермен ара қашықтық сақтаймыз. Қауіпсіздік мақсатында пакетті дезинфекциялаймыз, - дейді ол.

Қазақстандықтар орташа алғанда, жылына төрт рет жеткізу қызметін пайдаланады. Еуропада айына үш тапсырыстан келеді. Мұндай деректі 2018 жылы Chocofood дайын тамақ жеткізу қызметінің директоры Николай Щербак келтірген. Елде төтенше жағдай режимі жарияланып, Алматы мен Нұр-Cұлтан қалалары карантинге жабылғалы компанияның тапсырыс көлемі 10 пайыз шамасында өскен.

Бизнесте өсім күткендегідей болмағанын 2007 жылдан бері кітап жеткізу қызметімен айналысатын, қазір тауарлар қатарын басқа заттармен толықтырған Flip.kz онлайн дүкенінің өкілдері де айтады. Flip.kz ұсынған дерекке сәйкес, компанияда онлайн тапсырыстар саны біршама артқанымен, өсім небәрі 20 пайыздан артпаған.

Карантин кезінде Arbuz.kz сияқты азық-түлік жеткізумен айналысатын дүкендер қызметіне сұраныс көбейген.

- Біздің қызметімізге халықтың үрейлі көңіл-күйі әсер етті. Тапсырыс саны екі есе өсті, бәрін жеткізіп үлгермей жатырмыз. Бұл үрей сейілер деп үміттенеміз. Бір тапсырыс берушіге 40 түрлі тауар мен бір өнімнің бес данасын ғана алуға болады деген шектеу енгіздік. Түнгі ауысымда жұмыс істей бастадық. Қазір жаңа қызметкерлерді жұмысқа қабылдап жатырмыз, - дейді Arbuz.kz онлайн дүкенінің маркетинг жөніндегі директоры Бота Шәріпжанова.

"ШЕКТЕН ТЫС ҮРЕЙЛЕНЕТІНДЕР БАР"

Жеткізу қызметінің өкілдері онлайн тапсырыс көлемінің артпауының себебін әртүрлі түсіндіреді. Chocofood мұны серіктес компаниялар жұмысының тоқтауымен байланыстырады. "Карантинге жабылған мекемелер күн сайын көбейіп жатыр" дейді Николай Щербак.

Алматы көшесінде келе жатқан үйге тамақ жеткізу қызметінің курьері. 18 наурыз 2020 жыл.
Алматы көшесінде келе жатқан үйге тамақ жеткізу қызметінің курьері. 18 наурыз 2020 жыл.

Кей дерек бойынша, төтенше жағдай режимі күшіне енгелі Қазақстандағы мейрамханалардың 80 пайызға жуығы жабылған. Жұмысын жалғастыруға тырысқан мекемелер жеткізу қызметін ашып, болмаса осы салада жұмыс істейтін компаниялардың көмегіне жүгінуі керек.

Өткен аптада қонақ үй-мейрамхана бизнесінің өкілдері жеткізу қызметі тапсырыстың 30 пайызына тең көлемде ақша алатынын, бұл пандемия кезінде нарық үшін қымбат баға екенін айтқан. Бұл пікірге жауап берген жеткізу қызметінің өкілдері белгіленген қызмет ақысы "бизнес-модельдің негізі", оны азайту "тұрақсыздыққа" әкеледі деген уәж айтады.

Flip.kz дүкені қазақстандықтардың онлайн тапсырыс беруге неге асықпайтынын кей азаматтың жеткізілген тауар арқылы коронавирус инфекциясы жұғуы мүмкін деген қорқынышымен байланыстырады.

- Клиенттердің бір бөлігі тауарларға онлайн тапсырыс берудің өзінен қауіптенеді, - дейді Flip.kz онлайн дүкенінің маркетинг бөлімінің басшысы Луиза Яровенко.

Халықтың осындай көңіл-күйін ескерген кей компания байланыссыз жеткізу қызметін ұсынып жатыр. Оның мақсаты - курьер мен клиент арасындағы байланыс мүмкіндігін барынша азайту. Клиент тапсырысты карта арқылы төлейді, ал курьер тауарды үйге кірмей, есік алдына қалдырып кетеді.

- Байланыссыз жеткізу – біз үшін "шектен тыс" алаңдаушылық режимі сияқты. Клиенттеріміздің көңілі жайланып, курьерлеріміздің дені сау болуы үшін осындай қадамға барып отырмыз, - дейді Бота Шәріпжанова.

Велосипед мінген жеткізу қызметінің курьері. Алматы, 28 наурыз 2020 жыл.
Велосипед мінген жеткізу қызметінің курьері. Алматы, 28 наурыз 2020 жыл.


Қазақстанда 2019 жылы іске қосылған азық-түлік және тауар жеткізумен айналысатын финдік стартап Wolt компаниясы да байланыссыз жеткізу қызметін ұсынады. Сервис мобильді қосымша арқылы жұмыс істейді. Курьер тапсырыс берушіге жақын дүкеннен не дәріханадан кез келген тауар түрін сатып алып, көрсетілген мекенжайға жеткізіп береді.

- Қазір тапсырыстардың шамамен 20 пайызы байланыссыз жеткізу қызметі арқылы жасалады, - дейді Wolt компаниясының кіші маркетинг менеджері Лейла Қалиева.

Халықтың кей бөлігі осындай мүмкіндіктердің барына қарамастан, вирус заттардың беткі қабатында бірнеше сағат немесе бірнеше күн бойы сақталуы мүмкін деген қауіптен онлайн тапсырыс бермейді. Сондай тұтынушылардың бірі – мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғаумен айналысатын белсенді Вениамин Алаев. Ол жеткізіп беру қызметі – "процеске қатысушы барлық адам үшін қауіпті" деп есептейді.

- Саған біреу тауар әкеліп берсе және оның дені сау болса, ол вирус жұқтыруы мүмкін. Керісінше, курьер ауырып жүрсе, одан вирус жұғуы мүмкін… Вирус жұғуы мүмкін деп, мейрамханалардан дайын тамаққа тапсырыс бермеймін, үйде жас балаларым бар. Жалғыз тұрсам да, тапсырыс бермей, тамақты өзім дайындар едім, - дейді Алаев.

БАСҚА СЕБЕПТЕР

Жеткізу қызметінің өкілдері карантинге жабылған елдімекендердегі клиенттерін онлайн тапсырыс беруге көндірудің жолын ойластырып жатқанда, кей азамат бұл компанияларда неге айтарлықтай өсім болмағанын өзінше түсіндіреді. Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев онлайн тапсырыс бермеуге экономикалық себеп түрткі болуы мүмкін деп есептейді.

Қазір көбі жұмысынан айырылып, баға өсіп, карантиннің қашан аяқталары белгісіз боп тұрған шақта жұрт қатаң үнемдеу режиміне көшті.

- Адамдар дағдарыс пен ертеңгі күнге алаңдаушылық кезде тұтыну көлемін шектеді. Қазақстандықтар жалпы алғанда тауарды аз тұтынады. Қазір көбі жұмысынан айырылып, баға өсіп, карантиннің қашан аяқталары белгісіз боп тұрған шақта адамдар шығындарын есептеп, қатаң үнемдеу режиміне көшті. Тапсырыспен дайын тамақ алдыру бірінші кезектегі қажеттілікке жатпайды, - дейді ол.

Педагог-дизайнер Диас Асанов та әлеуметтанушының пікіріне қосылады.

- Біріншіден, бұл ары қарай не болады деген алаңдаушылыққа байланысты. Екіншіден, бәріміз үйде отырғанда тамақ істеп ішуге мүмкіндігіміз бар. Ал тамаққа тапсырыс беру – ақша шашу. Сондықтан қазір бірнәрсеге тапсырыс бермес бұрын, жеті рет ойланып, соңында үйде паста дайындай саламыз, - дейді Асанов.

Қазақстандықтар үшін карантин кезінде дүкенге барудың өзі айыппұл салады-ау деп қорықпай, көшеге еркін шығудың жалғыз амалына айналған. Ондай адамдардың қатарында Contemporary Art жобасының жетекшісі Александра Цай да бар.

Жүгіріп жүргенде полиция тоқтатады. Ал азық-түлік көтеріп келе жатсаң, ештеңе демейді.

- Азық-түлік дүкендері жақын орналасқан, сондықтан таза ауада жүру мүмкіндігін жіберіп алғың келмейді. Бізде жүгіруге тыйым салынған. Жүгіріп жүрген кезде бірнеше рет полиция тоқтатты. Ал азық-түлік көтеріп келе жатсаң, ештеңе демейді, - дейді Цай.

Онлайн тапсырыс жеткізетін курьерлерді де жолда тоқтатып, кейде тіпті полиция бөлімшесіне алып кетуі мүмкін. Сәуірдің 13-і күні бірнеше жеткізу қызметі қолында рұқсат қағазы болған райдерлерді полиция ұстап, оларға айыппұл салып жатқаны туралы хабарлады. Кей жеткізу қызметі сол себепті жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр болған.

Қазақстанда наурыздың 16-ына енгізілген төтенше жағдай режимі жақында президент жарлығымен мамырдың 1-іне дейін ұзартылды. Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласын қосқанда, елдегі көп қала мен өңір карантинге жабылған. Карантин кезінде азаматтарға дүкен мен дәріханадан басқа жерге баруға болмайды.

  • 16x9 Image

    Әйгерім ТӨЛЕУХАНОВА

    Азаттықтың Прага кеңсесінің тілшісі. Esquire Kazakhstan, EurasiaNet, The Conway Bulletin, Foreign Policy, The Independent  сынды қазақстандық және шетелдік басылымдарға жазған. Associated Press және Agence France-Presse агенттіктеріне видео түсірген. KIMEP университетін халықаралық журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Лондон экономика мектебінде "медианы басқару" мамандығы бойынша магистратура оқыған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG