Accessibility links

"Горбачевтың кейпін киюден қорқады". Ресейлік сарапшы Қазақстандағы сайлауды қалай бағалайды?


Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан президентін кезектен тыс сайлаудың алдын ала қорытындысын жариялады. Астана, 21 қараша 2022 жыл.
Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан президентін кезектен тыс сайлаудың алдын ала қорытындысын жариялады. Астана, 21 қараша 2022 жыл.

Қазақстандағы сайлау билікке халықтың көңіл-күйінен "белгі беретін" жүйе қызметін атқара алмады. Алматыда тұратын ресейлік сарапшы, "Голос" сайлаушылар құқын қорғау қозғалысының мүшесі Виталий Аверин жексенбіде өткен президент сайлауға осындай баға береді. Сарапшы сайлау Қаңтар оқиғасынан кейін қалыптасқан, "қайнаған қазандай" жағдайды өзгерте алмады деп есептейді. Аверин сайлаудан кейін қазіргі президенттің легитимдігі күшейеді дегенге күмәнмен қарайды.

Виталий Аверин Қазақстанға 2022 жылы мамырда көшіп келген. Алматыда туыстары тұрады, өзі де бұған дейін Қазақстанға жиі келіп тұрған. Құқық қорғау ұйымында жұмыс істейтін сарапшы Қазақстандағы саяси жүйені зерттеп, сайлау процесімен танысқан.

Виталий Аверин -- сайлаушы құқық қорғайтын ресейлік "Голос" қозғалысы кеңесінің мүшесі. Азаттыққа Виталий Аверин берген фото.
Виталий Аверин -- сайлаушы құқық қорғайтын ресейлік "Голос" қозғалысы кеңесінің мүшесі. Азаттыққа Виталий Аверин берген фото.

Аверин – Ресейде 20 жылдан бері сайлаушы құқын қорғап келе жатқан "Голос" қозғалысының басшылар құрамына мүше. Ресей үкіметі бұл қозғалысты "шетелдік агенті" деп таныған. Виталийге әзірге мұндай "мәртебе" берілмеген. Соған қарамастан, сарапшы Ресейге оралғысы келмейді.

24 ақпанда Ресей әскері Украинаға басып кіргенде Аверин соғысқа қарсы акцияға қатысып, он күнге қамалған. Оған наразылық акциясын ұйымдастырды деген айып тағылған.

– Шынымды айтсам, камерада өткізген 10 күн – 2022 жылдың ең әсерлі кезеңі болды. Соғысқа наразы, ой-пікірі ортақ адамдармен бірге отырдым. Бүкіл жұрт соғысқа қарсы, халық көтеріліп кетеді деп ойладық. Босап шықсақ, билік соғыс цензурасын енгізіп тастапты. Соғысты "соғыс" деп атауға болмайды екен, – дейді Виталий.

Абақтыдан шыққаннан кейін құқық қорғаушыға қысым күшейген. Виталий Еуропаға кеткен, кейін Қазақстанға туыстарына келген. Норвегиялық Хельсинки комитеті Аверинге Қазақстандағы биылғы президент сайлау науқанын бақылаушы болуды ұсынған.

ТУЫСЫНА ХАБАРЛАСУ, ПОЛИЦИЯҒА ШАҚЫРТУ ЖӘНЕ ЕСКЕРТУ

Сайлауға екі күн қалғанда Аверинге WhatsApp-пен "Қайырлы күн! Көші-қон қызметінен. 18:00-де Алматы қаласы, Алмалы ауданы, Қарасай батыр көшесі, 109a мекенжайында орналасқан полиция департаменті жергілікті қызмет басқармасына келіңіз. Аккредитация мәселесін сөйлесеміз" деген хабар түскен. Оны жазған кісі Қазақстандағы президент сайлауға халықаралық бақылаушы болуға қажет аккредитация туралы әңгіме болады деп нақтылаған.

– Кешке қарай хабарда көрсетілген жерге бардым. Қарапайым киімдегі адам күтіп алып, тәртібі ерекше нысанда жүргенімді ескертіп, телефонымды есігі кілтке жабылатын қорапқа қалдыруым керек екенін айтты. Бұл жерге өзім тіленіп емес, полицияның шақыртумен келгендіктен телефонымды қалдыруым қажет деп санамайтынымды айттым. Содан кейін бұрылып, үйге кетіп қалдым. Өзіме қауіпті ортада сөйлесіп тұрғым келмеді. Үйге кетіп бара жатқанымды бір кісі қоңырау шалып, "Телефоныңызды өткізуден неге бас тарттыңыз?" деп сұрады. Әлгіндегі сөзімді қайта айттым, – дейді Виталий Аверин. Сарапшы Қазақстанда халықаралық бақылаушыларға аккредитация беру мәселесімен неге сыртқы істер министрлігі немесе Орталық сайлау комиссиясы емес, көші-қон полициясы айналысатынын түсінбейді.

Виталий Аверин мемлекеттік мекемелерге кірерде телефон қалдыруға міндеттейтін тәртіпті адам құқығын бұзу деп біледі.

– Әскери бөлімге немесе елшілікке кіргенде, телефон қалдыруға болады. Бірақ мемлекеттік мекемеге телефонсыз кірудің не қажеті бар? Телефон – байланыс құралы, басыма іс түссе, хабарласуға мүмкіндігім болуы керек. Қазақстанда осындай заң барын білемін, бірақ оны өзгертуді талап ету керек. Бұл дұрыс емес.

Көші-қон полициясына шақыру – Аверинге күмәнді көрінген жалғыз нәрсе емес. Бұл оқиғадан бірнеше күн бұрын Виталийдің Алматыда бірге тұратын әпкесіне көші-қон полициясынан хабарласып, "Немере ініңіздің Қазақстанда жүріп-тұруына рұқсат беретін құжаттың мерзімі аяқталып жатыр" деп ескертіпті.

Виталий Аверин сол күйі аккредитациясыз қалған. Хельсинки комитеті бақылаушы ретінде ұсынған 12 адамның барлығына (арасында Аверин де бар) "өтініш қабылдау мерзімі аяқталып қоюы себепті" аккредитация берілмеген. Норвегиялық Хельсинки комитетінің Орталық Азия бойынша өңірлік кеңесшісі Валентина Казачевскаяның айтуынша, ресми түрде биліктің аккредитация бермеуіне негіз бар, комитет шынымен өтінішті уақытынан кеш өткізген. Халықаралық бақылаушылар аккредитациясы 22 қыркүйекте басталып, сайлауға бес күн қалғанда, 14 қарашада аяқталған. Ал комитеттің өтініші 16 қарашада қабылданған.

– Олармен байланысу өте қиын болды. Қайда жазып, хабарлассақ та, ешкім жауап бермеді. "Голос" қозғалысының мүшелері Астанадағы сыртқы істер министрлігіне өздері іздеп барды. Содан кейін хат жібердік, бірақ өтінішіміз қабылданбады. Сыртқы істер министрлігі мен Орталық сайлау комиссиясынан ақпарат алу қиын болды, олар жауап бергісі, көмектескісі келмейді. Халықаралық бақылаушыларды аккредитациядан өткізу шарттары туралы да өтінішіміз қанағаттандырылмағанын да хаттан оқып білдік, – дейді Казачевская.

Қазақстан Орталық сайлау комиссиясынан (ОСК) жауап алу қиын екені рас. Азаттық тілшісі 21 қарашада ОСК төрағасы мен мүшелері сайлаудың алдын ала қорытындысын жариялаған кезде сұрақ қоюға тырысқан. ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров сөзін аяқтай сала, баспасөз мәслихатынан кетіп қалды. Ал комиссия мүшелері "сұрақтарыңызды сайлау қорытындысы жарияланғаннан кейін қоясыздар" деген. Сайлаудың түпкілікті қорытындысы 22 қарашада жарияланды, бірақ журналистер тағы да сұрақ қоя алмады. ОСК төрағасы мен мүшелері микрофонды көрген бойда қаша жөнелді.

"ГОРБАЧЕВТЫҢ КЕЙПІНЕ ТҮСЕМ" ДЕП ҚОРҚА МА?

– Соғысып жатқан Ресейдің өзінде сайлау шынайы таңдауға ұқсамайды. Қазақстанда президент сайлау қалай өткеніне қарап қарным ашты. Бәсекесіз, еркіндік жоқ сайлау. Сайлау президент Тоқаевтың легитимдігін күшейту үшін өтті. Бірақ биліктің мақсаты орындалғанына күмәнім бар. Ешкім танымайтын кандидаттар, ешқандай интрига жоқ. Тоқаев жалғыз түскен күресте жеңіп шықты, – дейді Виталий Аверин.

Сайлау сарапшысы "Бәріне қарсымын" деген графаның Тоқаевтан кейін ең көп дауыс жинауы халықтың көңіл-күйін көрсетті деп есептейді.

– Бұл графаның ешқандай құқықтық мәні жоғы белгілі. "Бәріне қарсымын" деген графаны адамдарға ашуын тарқатар құрал болсын деп енгізді. Ал Тоқаевтан кейінгі ең көп дауысты осы графаның жинауы басқа кандидаттардың билік тағайындаған, сайлауға кісі санын көбейту үшін ғана қатысқан жай біреулер екенін көрсетеді, – дейді Аверин.

Қасым-Жомарт Тоқаев президент болған алғашқы күннен бастап саяси реформа жүргізуге уәде берумен келеді. Бірақ 20 қарашадағы сайлауға дейін бір де бір оппозициялық топ партия ретінде тіркеле алмады. Қыркүйекте Қазақстанда өзін оппозицияға жатқызатын ондаған топ тіркеуге тұруға талпынғанымен нәтиже шығара алмады.

– Тоқаев саяси плюрализм, партиялық реформа туралы айтады, онда шынайы кандидаттар болуы керек еді ғой. Билік Тоқаев – өз алдына шешім қабылдайтын, Назарбаевтың көлеңкесінен арылған, демократиялық өзгерістерге дайын саясаткер деп көрсеткісі келді. Бірақ Тоқаев өткен отыз жыл ішінде болған сайлау сценариін қайталады. Ол қоғамдағы "өзгеріс қажет" деген талапты қанағаттандыруы керек еді. Әділ сайлау болса да, Тоқаевқа көп адам дауыс берер еді. Қазақстан азаматы болсам, мен де Тоқаевқа дауыс берер едім. Бірақ әділ, бәсекеге толы сайлау болса, оның жеңісі әлдеқайда маңызды көрінер еді.

Аверин Қазақстан президенті сайлауға шынайы қарсыластарын қатыстырмады, өйткені [Совет одағының бірінші әрі соңғы президенті Михаил] Горбачевтың басында болғандай жағдайда қалам ба деп жүрексінеді дейді.

– Өзін реформатор санаған автократтардың көбі Горбачевтың кейпін киюден, сол сияқты орнынан айырылып қалудан қорқады. Нәтижесінде Тоқаев жалпыхалықтық сайлаудан қорыққан Горбачевқа айналды. Горбачевты халық депутаттары съезінде СССР президенті етіп сайлады. Ал Ельцинге бүкіл халық дауыс берді. Яғни, оның легитимдігі жоғары болды. Тоқаев легитимдігін күшейткісі келсе, оған әділ сайлау өткізу керек еді, – дейді сарапшы.

"БІР-БІРІМЕН ҮНЕМІ ТӘЖІРИБЕ АЛМАСАТЫНДАЙ"

Виталий Авериннің пікірінше, Қазақстан мен Ресейдегі сайлаудың ортақ тұсы көп.

– [Қос мемлекет] өзара үнемі тәжірибе алмасып отыратын сияқты. Бірдей технологиялар қолданылады. Әсіресе, халықты сайлауға қатыстыру әдістері: жұмыстан жіберу, сайлау жәшігінің жанында суретке түсіп, есеп беруге мәжбүрлеу. Басшыларға хабарласу, билікшіл бақылаушыларды әкеліп, әкімшілік ресурсты пайдалану. Бәрі бірдей. Осының бәрі Совет одағынан қалған сайлаушыларды жинаудың корпоративті-цехтық принципі. Бізде бірақ бақылаушыларды қызыл лентаның ар жағына отырғызып қою деген жоқ. Мұны беларусьтерден алған сияқты, – дейді сарапшы.

Аверин сайлау учаскелеріндегі дауыс беру қорытындысымен танысу мүмкіндігінің жоқтығын сайлаушы құқын бұзу деп санайды.

– Қазақстанның сайлау туралы заңында әр учаскедегі дауыс беру қорытындысын интернетке жариялау қарастырылмаған. Бірақ ертеңіне бұл деректерді ілу керек деген талап бар. Жергілікті бақылаушылар дерегінше, әрбір екінші сайлау учаскесі бұл талапты орындамайды. Сайлау учаскелері хаттаманы іліп қоюы тиіс. Оны сайлаушылар да, бақылаушылар да, журналистер де, саясаткерлер де көре алуы керек. Бұл – сайлау процесінің ажырамас бөлігі, сайлаушы құқығы. Онсыз сайлауды ашық деп атауға болмайды.

Виталий Аверин Ресейдегі және әлемдегі бақылаушылармен көп жұмыс істеп, Қазақстанда тренингтер өткізген. Өзі де талай рет құқық бұзу оқиғаларына куә болған.

– Қазақстанда да сайлау учаскесін жабуды оны кілттеп қою деп түсінеді. Олар учаскені жауып тастап, бақылаушыларды әжетханаға жібермей қояды. Сайлау учаскесінің жабылуы дауыс беру аяқталды, енді санақ басталады дегенді ғана білдіреді. Бюллетеньді сақтау мерзімі де маңызды, Қазақстанда – үш ай, Ресейде – бір жыл. Бұл да маңызды. Өйткені аталған мерзім аяқталғаннан кейін бюллетеньдерді қайта қарап, тексере алмайсыз.

Сарапшы президент сайлауы Қазақстанда Қаңтар оқиғасынан кейін қалыптасқан "іші сарқ-сұрқ қайнаған қазандай" жағдайды өзгерте алмады дейді. Аверин Қаңтар кезінде қантөгіс болған Алматыда көп адамның осы жолғы сайлауға бармағанына назар аударады.

– Қазақстанда негізгі саяси актор – Ақорда. Екіншісі – қазақ жастары. Қоғам, ұлт әлі жас, халықтың үштен бірі кәмелетке толмаған. Наразылық акцияларының негізгі қатысушылары – қазақ жастары, әсіресе, өңірлерде тұратын азаматтар. Олардың билікке талабы бар, бірақ оны қалай жеткізуге болатынын білмейді. Өйткені елде азаматтық институттар жұмыс істемейді. Билікке қоғамның көңіл-күйін жеткізетін "белгі беру жүйесі" қызметін атқаратын сайлаудан да еш пайда жоқ. Сондықтан басқа амалы қалмаған жастар көшеге шығады, оның аяғы жаппай тәртіпсіздікке ұласуы мүмкін. Жастар мәселені қолынан келген әдіспен шешуге тырысады, – дейді сарапшы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG