Accessibility links

Тоқаев сенат төрайымы Дариға Назарбаеваның өкілетін тоқтатты


Дариға Назарбаева.
Дариға Назарбаева.

Мамырдың 2-сі күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев жарлық шығарып, сенат спикері Дариға Назарбаеваның өкілетін тоқтатты.

Сенат төрайымы Дариға Назарбаеваның өкілеті тоқтағаны туралы бір сөйлемнен тұратын хабарлама 2 мамырда түс кезінде Ақорда сайтында жарияланды. Хабарламада бұдан басқа ақпарат айтылмаған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-де Назарбаеваға "сенат төрайымы ретінде атқарған белсенді және жемісті жұмысы үшін" алғыс білдірді.

Сенаттың ресми сайтында Назарбаеваның өкілеті тоқтағаны туралы хабарлама шықпаған. Назарбаеваның Қазақстан халқы бірлігі күнімен құттықтағаны туралы соңғы жаңалық 1 мамырда шыққан.

Назарбаеваның сенат депутаты ретінде өкілеті тоқтауының себебі әзірге белгісіз.

Қазақстанның бұрынғы президентінің үлкен қызы Дариға Назарбаева елді отыз жылға жуық билеген әкесі былтыр наурыз айында отставкаға кеткеннен кейін мемлекеттік билік иерархиясында президенттен кейінгі екінші лауазым - сенат төрағасы қызметіне отырған еді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы парламенттің жоғарғы палатасына 2016 жылы өткен. Оны депутат етіп сол кезде президент қызметінде отырған әкесі тағайындаған. Назарбаевтың қызын сенат депутаты етіп тағайындауын "болашаққа қамданып жатыр" деп бағалағандар да табылған. Конституцияға сәйкес, президент қайтыс болған немесе қызметінен бас тартқан жағдайда оның қызмет өкілеті мерзімі аяқталғанша сенат төрағасына өтеді.

Былтыр Назарбаева сенат төрайымы ретінде тағайындалған кезде мұндай болжамдар көбейген.

Соңғы уақытта Дариға Назарбаеваның есімі Ұлыбританияда "шығу төркіні белгісіз" қымбат жылжымайтын мүліктердің бұғатталуына байланысты іс бойынша жиі аталған еді. Лондондағы құны шамамен 80 млн фунт (шамамен 100 млн доллар) болатын екі зәулім сарай мен бір пәтердің бенефициары ретінде танылған Дариға Назарбаева мен оның ұлы Нұрәлі Әлиев Ұлыбританияның қылмыспен күрес жөніндегі ұлттық агенттікпен соттасып, мүліктерін қорғап қалған. Ал тергеу органдары сот шешіміне қайта шағым түсіретінін айтқан.

Әкесі билікте отырған кезде саясатқа араласуын бастаған Назарбаева содан бері үкіметте де, парламентте де басшы қызметтер атқарды, өзінің саяси партиясын да құрды, кейін ол ұйым әкесі басқаратын билік партиясымен қосылып тынды. Күйеуі Рахат Әлиевке 2007 жылы ауыр айыптар тағылған кезде Дариға Назарбаева біраз уақыт қоғам назарына түспей кетті.

Бірақ 2015 жылы өзіне тағылған айыптарды "саяси астары бар" деп мойындаудан бас тартқан Рахат Әлиевтің ұсталғанда және кейін ол Австрия түрмесінен өлі табылғанда сыр берген жоқ. Саяси сахнаға қайта оралған Дариға Назарбаева парламентке өтіп, мәжіліс төрағасының орынбасары болды. 2015 жылы қыркүйекте ол премьер-министрдің орынбасары қызметіне тағайындалып, бір жылдан кейін сенатқа ауысты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG