"ОТЫРАР ҚҰРАН ОҚЫП ҚАЙТАТЫН МОЛА ЕМЕС"
"Отырар даласы барып құран оқып қайта беретін мола емес. Отырар — аудан! Бұл жақта да қарттар бар, балалар бар. Ел бар, шаруалар бар! Ет пен сүйектен жаралған адамдар бар! Қазақстан азаматтары бар!"
32 жастағы отырарлық шаруа Бекжан Кенжеғұлов Facebook-тегі парақшасында парламент депутаттарына осындай үндеу тастап, оларды ауылға келіп, аудан халқының жағдайын көзбен көріп қайтуға шақырды. Пост соңында үндеуді қолдады деген 135 жергілікті тұрғынның тізімі қоса берілген.
Біраз уақыт қалада түрлі кәсіп істеп, екі жыл бұрын туған жеріне оралып, жоңышқа мен жүгері егіп, жеке кәсіпкерлікпен шұғылдана бастаған Бекжан туған жерінің жай-күйіне алаңдап, ауылдағы қоғамдық мәселеге жиі араласады. Ол мамыр айында Нұр-Сұлтан қаласында өткен шаруалар құрылтайына да қатысып қайтқан. Шалғайдағы шағын елдімекендерде Бекжан сияқты ауыл мәселесін ашық айтып жүрген белсенді жас аз.
"Қарғалы ауылдық округіндегі шаруалар егіннің басында еңіреп қалды. Су жоқ. Сырдарияның үстінде орналасқан ауданбыз. Шаруаларға су жеткізу үшін сорғы да жоқ бұл ауданда, "бар" дегенін барып көруге тұрмайды" деп жазады Бекжан Кенжеғұлов. Оның жазуынша, Отырарға газ тартылады дегелі де біраз болған, бірақ әлі тартылмаған.
Бұл – Бекжанның билік басындағыларға жасаған алғашқы үндеуі емес. Ол мұндай үндеуді тек әлеуметтік желіде емес, жергілікті жиындарда басшылыққа да жиі айтады.
Өз сөзінше, былтыр күзде Түркістан облысы Отырар ауданы Қарғалы ауылының біраз тұрғыны "біздің атымыздан мәселемізді көтер" деп, оны Отырар ауданы әкімі жанындағы қоғамдық кеңеске мүшелікке ұсынған.
Бірақ ол конкурсқа қатыса алмады.
Қаңтар оқиғасы болған соң аудан әкімі "жаңа Қазақстан" туралы, жастардың қоғамдық істерге араласуы туралы жиі айта бастаған. Осыған сенген Бекжан Кенжеғұлов ақпанда қоғамдық кеңеске мүше болу үшін тиісті құжатын тапсырмақ болады. Айтуына қарағанда, ұйымдастырушылар оны "конкурс сәуірде өтеді" деп кері қайтарған. Бірақ конкурс көп ұзамай өтіп кетеді.
– Отырар ауданында 55 мың халық тұрады. Конкурс туралы ақпарат 2,5 мың тиражы бар "Отырар алқабы" газетіне шығыпты, интернетте жарияланбаған. Алдын ала дұрыс хабар берілмегендіктен үлгермедім, – дейді ол.
2015 жылғы 5 қарашадағы "Қоғамдық кеңестер туралы" заңға сәйкес, конкурс туралы ақпарат аудандық газетте және аудан әкімдігі сайтында жарияланауы керек.
"СЕНІҢ НЕ АЙТАТЫНЫҢДЫ БІЛЕМІЗ"
Алайда газеттегі хабарландыруды оқып, конкурсқа құжат тапсыра алғандарды мүшелікке қабылдау я қабылдамау жайын мәслихат жанынан құрылған жұмыс тобы дауыс беру жолымен анықтайды. Жұмыс тобының үштен бірі мемлекеттік орган, квазимемлекеттік сектор субъектілерінен, қалған бөлігі – азаматтық қоғам өкілдерінен құралады. Олардың кандидатты қандай критериймен таңдайтыны түсініксіз. Жұмыс тобы "емтихан алғандай сұрақ қойып", субъективті шешім қабылдайды, қоғамдық кеңеске қалаған адамдарын өткізеді. Бұл – құжаттарын өткізсе де, кеңеске кірмей қалған Нартай Әубәкіровтің пікірі.
Ол да Отырар ауданы Мыңшұңқыр ауылының қарапайым шаруасы.
– Жұмыс тобы әңгімелесуге шақырды да, "Нартай, сенің не айтатыныңды білеміз" деп қайтарып жіберді. Ауылдағы заңсыздықтарды айтып белсенді болып жүргенімді меңзегені болар, – дейді ол.
Нартай Әубәкіров өзін Отырар аудандық қоғамдық кеңесіне Талапты, Қоғам, Мыңшұңқыр ауылдарынан құралатын ауыл округінің қоғамдастығы ұсынғанын айтады. Ол тіпті Азаттыққа қоғамдастық хаттамасының көшірмесін де салып жіберді.
– Яғни мені үш ауылдың халқы үміт күтіп ұсынды. Бірақ жұмыс тобы бір ауыз сөзбен-ақ қайтара салды. Емтихан алған сияқты, екі қойса да, бес қойса да өздері біледі, – дейді ол.
Бекжан Кенжеғұлов пен Нартай Әубәкіровтің сөзінше, Отырар аудандық қоғамдық кеңеске 13 адам мүше болған. Оның 8-і – ардагер.
– Сегізі де бұрын жоғары қызмет істеген еңбек ардагері. Ауданда ардагерлер кеңесі деген де арнайы ұйым бар. Мына күйде қоғамдық кеңес соның бір бөлімі сияқты көрінбей ме? Аудан басшылығының жастарды қоғам ісіне тартатыны туралы Қаңтар оқиғасында берген уәдесі қайда? – дейді Нартай.
Белсенділердің ақпаратын Отырар аудандық мәслихат аппаратының жетекшісі, қоғамдық кеңеске кандиаттарды іріктейтін жұмыс тобының хатшысы Ерман Дайрабаев растады:
– Қоғамдық кеңесті 25 наурызда аудан мәслихаты бекітті. Кеңес мүшелерін 5 адам таңдады. Таңдалған 13 мүшесінің 8-і ардагер екені рас. Олар тәжірибелі адамдар. Жалпы 13 адамның 11-і азаматтық қоғам өкілдері, қалған екеуі аудан әкімдігі аппараты мен аудан мәслихаты аппаратының қызметкерлері. Конкурстан өтпей қалған өкпелі адамдар бар, - деді.
Заңда қоғамдық кеңеске мүшелердің жасына байланысты шектеу жоқ. Қазақстан билігі кейінгі жылдары "жастарға жол беру" туралы жиі айтатыны аңғарылады. 2021 жылы "Саяси партиялар туралы" заңға өзгеріс енгізгенде де әр партияның парламентке ұсынатын кандидаттарының 30 пайызы жастар мен әйелдер болуға тиіс деген талап қосқан еді.
Ерман Дайрабаевтың айтуынша, аудандық қоғамдық кеңес құрамына "екі оппозициялық партияның" мүшесі өткен.
– Қоғамдық кеңеске компартия (Қазақстан халық партиясын меңзеп тұрса керек – ред.) мен ЖСДП (Жалпыұлттық социал-демократиялық партия – ред.) мүшесі алынды. Екеуі де оппозициялық партия болып есептеледі, - деді ол. Оның сөзінше, қоғамдық кеңеске өткен ЖСДП мүшесі – зейнеткер.
Қазақстан коммунистік халық партиясының атауы 2020 жылы Қазақстан халық партиясы болып өзгерген. Мәжілісте депутаттары бар бұл саяси ұйым көп жылдан бері билікті қолдап келе жатқан партия ретінде танылған. Бір кездері оппозициялық саясаткер Жармахан Тұяқбай төраға болып, билікке қарсы көзқараста болған Жалпыұлттық социал-демократиялық партия кейінгі өткен сайлауларға бойкот жариялап, белсенділік көрсетпей жүр.
Қазақстанның жемқорлықпен күрес агенттігі биыл наурызда жариялаған жемқорлық жөніндегі ұлттық баяндамасында қоғамдық кеңестердің тиімді жұмыс істей алмауының басты себебі ретінде оның құрамын қалыптастырудың бұлыңғырлығын атаған.
"Бұл органдардың (қоғамдық кеңестердің – ред,) құрамын, олардың дербестігін анықтау тәртібі ашық емес. Қоғамдық кеңестер құрамында азаматтық сектор лимиті формальды түрде сақталғанымен (кемінде 2/3), оған көбіне жергілікті басшылыққа адал бұрынғы мемлекеттік қызметшілер, экс-әкімдер, орынбасарлар, әлеуметтік нысандардың басшылары кіреді. Әдетте, жергілікті биліктің ұстанымына қарсылық білдіретін қоғам өкілдері өтпей қалады.
Билікке берілген белсенділерді таңдау дәстүрлі қоғамдық кеңестің мәнін төмендетеді. Онда балама көзқарасы бар сарапшылар мен ғалымдар, жергілікті оппозиция өкілдері және қоғамдық пікірдің шынайы лидерлері жоқ" делінген.
Белсенділердің сөзіне қарағанда, бұл баяндама жергілікті жердегі картинаға көп әсер ете қоймаған сыңайлы.
"ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫНЫҢ АРҚАСЫ"
Қаңтар оқиғасынан соң Нұр-Сұлтаннан қоғамдық кеңестердің құрамына қатысты "ұсыныс" түсе бастаған. Мұны бірнеше облыстағы жергілікті мәслихат өкілдері растады.
Мәселен Жамбыл облысында былтыр өтіп қойған конкурс нәтижелері бекітілмей, биыл қайта іріктеу жүрген. Азаттық тілшісімен сөйлескен Жамбыл облыстық мәслихатының хатшысы Махметқали Сабырбеков мұны Қаңтар оқиғасымен байланыстырды.
– Қаңтар оқиғасынан кейін президент әкімшілігі мен ақпарат және қоғамдық даму минстрлігінен "Қоғамдық кеңеске бұрын мемлекеттік қызметте істеген еңбек ардагерлерін жинай беруге болмайды. Тек "Аманат" (бұрынғы "Нұр Отан" партиясы – ред.) партиясының ғана емес, басқа да оппозициялық партиялардың өкілдері болуға тиіс, Қаңтар оқиғасы кезінде бейбіт митингіге шыққан қоғам белсенділерін, блогерлерді, әлеуметтік желіде билікті сынап жүргендерді тарту керек" деген мазмұнда ұсыныс хат келді. Қазір бұрынғы кеңестен бір адам ғана қалды, қалғаны жаңадан сайланды, – деді ол.
Билікті сынап жүрген белсенді жастар арасында конкурстан өтіп, қоғамдық кеңеске мүше болғандар да бар. Солардың бірі – таяуда ғана Қарағанды облыстық қоғамдық кеңес мүшелігіне өткен белсенді Айсұлтан Жақыпов. Көп жылдан бері Қарағанды облысындағы түрлі мәселелерді көтеріп танымал болған Айсұлтан өзін бұған дейін қудалап келген биліктің күтпеген жерден қоғамдық кеңеске шақырғанына таңғалған.
– Биліктің өзі шақырған соң құжат тапсырдым, өтемін деп ойламадым. Көкейімдегіні ірікпей, билікке ұнамайтын жайтты да айта беремін. Мені сонда да облыстық қоғамдық кеңеске мүшелікке алғанына Қаңтар оқиғасы тікелей ықпал етті деп ойлаймын, – дейді ол.
Айсұлтанның сөзінше, Қарағанды облыстық мәслихатының 15 адамнан тұратын жұмыс тобы "қоғамдық кеңеске кірсе не мәселе көтеретінін" сұраған.
– Жауабың ұнамады деп қайтара салуына да болады. Биыл қоғамдық кеңес мүшесінің 70 пайызы өзгерді деп жатыр. Дегенмен кеңесте Қаңтар оқиғасына қатысқан жастар мен белсенділер көп деп айта алмаймын, – дейді ол.
Есесіне Жамбыл облысының қоғамдық кеңесіне алты жылдай мүше болған белсенді Исламбек Дастан кеңеске биыл өтпей қалған.
2019 жылғы қарашада Таразда мектеп ауласындағы әжетханада оқушыны зорлап кетіп, үлкен шу болған соң Жамбыл облысында мектеп әжетханаларын ғимарат ішіне кіргізу үшін 1 миллиард теңгеден астам ақша бөлінген. "Соның қаншалықты дұрыс игерілгенін көру үшін көп мектепті екі рет аралап шықтым. Қоғамдық кеңес отырысына жауапты әкімдерді шақырдым және әкімдер менің сұрағыма дайындалып келді" деген Исламбек Дастан басшыларға "ерекше белсенділігім ұнамаған болар" деп топшылайды.
ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ҚОЛЫНДА БИЛІК БАР МА?
Қоғамдық кеңестер туралы заң бұл консультативтік ұйымдарға біршама құзырет берген. Олар мемлекеттік, квазимемлекеттік органдардың шараларына қатысып, сұрау сала алады, олардың өкілдерін өз жиындарына шақырады, мемлекеттік сатып алу жөніндегі конкурстық комиссия жұмысына қатысады. Бұған қоса олар қоғамдық сараптама жүргізіп, мониторинг жасау құқығына ие.
Кеңес мүшелері қоғамдық негізде жұмыс істейді, яғни істеген ісі үшін ақы алмайды.
Заң бойынша, мемлекеттік орган қоғамдық кеңестен түскен ұсынысты қарастыруға міндетті. Дегенмен жергілікті өкілдік орган болып саналатын мәслихатпен салыстырғанда қоғамдық кеңестің құзыреті төмен, ол - тек кеңес беруші орган және ол орындауға міндетті шешімдер қабылдай алмайды. Оның үстіне кеңес құрамын жасақтау тәртібі өзгерген жоқ.
Саясаттанушы Арман Әмірдің айтуынша, "Қоғамдық кеңестер туралы" заң мықты азаматтық қоғам институтың қалыптастыра алмады және оның басты себебі – қоғамдық кеңестер бар болғаны консультативтік-кеңестік орган ғана.
"Көбіне-көп қоғамдық кеңестер мемлекеттік органдар жүзеге асыратын шешімдерді легитимдеу үшін ғана қолданылады. Ақпарат құралдарында жариялаған материалдарда әрбір шешім қоғамдық кеңес мүшелерінің талқысынан өткен, азаматтық қоғамның пікірі ескерілген деп жатады. Шешімдер демократиялық жолмен қабылданып жатыр деген имитация жасалады" дейді Арман Әмір.
Сарапшының айтуынша, аймақтардағы өкілді орган – мәслихаттың тегеуріні мықты, сайлауы әділ өтетін болса, қоғамдық кеңеске мұнда үміт артылмас еді.
"Елде билік тармақтары тепе-теңдік және тежемелік принципі бойынша жұмыс істегенде, жергілікті атқарушы биліктің жұмысын бақылауға сол аймақтағы мәслихаттың құзыреті жетер еді. Халықтың өзі сайлаған мәслихат депутаттары сол халықтың үні болып, әкімдердің әрбір шешімін жіті бақылауда ұстар еді. Бұл болмаған соң, парламент пен мәслихат халықтың сеніміне ие бола алмағандықтан, саяси режим қоғамдық кеңес сияқты декорациялық диалог-платформаларды қолдан жасап шығара береді" дейді саясаттанушы Арман Әмір.
ПІКІРЛЕР