Accessibility links

Есірткіден емделгендер баспанасыз қалуы мүмкін


Бұрынғы еңбек және демалыс лагері аумағын 19 жылдан бері есірткі мен спирттік ішімдікке тәуелділерді емдейтын қоғам пайдаланып келді. Сарытөбе, Қарағанды облысы, ақпан, 2019 жыл.
Бұрынғы еңбек және демалыс лагері аумағын 19 жылдан бері есірткі мен спирттік ішімдікке тәуелділерді емдейтын қоғам пайдаланып келді. Сарытөбе, Қарағанды облысы, ақпан, 2019 жыл.

Қарағанды облысы Сарытөбе ауылында есірткіге мен ішімдікке тәуелді жандарды сауықтыратын қоғам 20 жылдан бері пайдаланып келген қонысқа талас басталды. Сот қоғам өкілдерін қолдамады. Билік елдімекен тасқын қаупі бар аймақта орналасқанын алға тартады.

ҚОНЫС ҮШІН КҮРЕС

Есірткі мен алкогольге тәуелді жандарды сауықтыру қоғамы орналасқан қоныста жаман әдеттен арылғаны және қазір емделіп жатқаны бар – оншақты адам тұрады. Қоныстан айырылып қаламыз ба деп алаңдаған олар енді апелляциялық сот пен мемлекеттік мекемеге үміт артады.

Қазір мұнда 20 баласы бар алты отбасы тұрып жатыр. Кезінде олардың ата-аналары есірткі я алкогольге тәуелді болған. Көп балалы отбасылардың басқа барар жері жоқ. Бұған қоса, зиянды әдеттен арылуға көмек сұрап келген 18 адам осында ем алып жатыр.

Бұл қоныста тұрып жатқан 81 жастағы Клавдия Банаданың еш құжаты жоқ. Туған-туысы жоқ қария әлеуметтік бейімдеу орталығынан шыққан соң осында келген. Мұндағы адамдар енді баспанасыз қаламыз ба деп қорқады.

Сарытөбедегі "Нашақорлар мен маскүнемдерді сауықтыруға арналған рухани орталық" (Духовный центр реабилитации наркоманов и алкоголиков) қоғамдық бірлестігі 1999 жылдан бері азаматтарға есірткі мен ішімдікке тәуелділіктен құтылуға жәрдемдесіп келеді.

Бұрынғы нашақорлар қазір мұнда өзге адамдарға жаман әдетті тастауға көмектеседі. Солардың көбі кейін отбасымен қайта қосылған немесе осы жерде үйленіп, бала сүйген. 19 жыл бойы көмекке мұқтаж жандарға көмектесіп келген қоғам енді қазіргі қонысынан айырылуы мүмкін. Сот ауылдағы тұрғын жай мен фермерлік шаруашылықты қоғам меншігі деп танудан бас тартқан.

Бұрын нашақор болған Игорь Скурихин қазір жеті баласымен бірге Сарытөбедегі орталықта тұрады. Қарағанды облысы, ақпан, 2019 жыл.
Бұрын нашақор болған Игорь Скурихин қазір жеті баласымен бірге Сарытөбедегі орталықта тұрады. Қарағанды облысы, ақпан, 2019 жыл.

- Мұнда есірткіге тәуелділіктен құтылуға көмек сұрап келгендер бар. Ауруханадан өзгешелігі сол, бұл жерде адам шаруашылықпен айналысып, егін егіп, өзін алдандырады. Сауығып шыққан соң отбасымен осында қалып, бақша салып күн көріп жатқандар бар. Біз пайдаланып келген мүлік ешкімнің атына тіркелмеген, меншік иесі жоқ. Жалға алу келісімінің уақыты біткен соң сатып алу мерзімінің ескіруі бойынша сотқа жүгіну құқығымызды пайдаланбақшы болдық. Бірақ сот өтінішімізді қанағаттандырудан бас тартты, біз онымен келіспейміз. Ақылға симайтын жағдай болып тұр. Енді жолымыздағы кедергілермен күресуге тура келеді, - деді Азаттыққа бұрын есірткіге тәуелді болған, қазір осы орталықта әйелі екеуі жеті баланы тәрбиелеп жатқан Игорь Скурихин.

Бұқар жырау аудандық әкімдігінен мүлік нысанына меншік құқығын тануды талап еткен қоғамдық бірлестік сотқа жүгінді. 2019 жылы қаңтардың 17-сі күні ауданаралық экономикалық сот талапты қанағаттандырудан бас тартты. Сот ұйғарымында мүлік пен жер теліміне меншік құқығы тіркелмегені, ал талап иесі мүлде басқа нәрсені - ғимарат пен тұрғын жайға меншік құқығын тануды сұрағаны айтылған.

Есірткі мен ішімдікке тәуелділіктен емдейтін коммуна тұрғындары шаруашылықпен айналысып, мал ұстайды. Сарытөбе, Қарағанды облысы, ақпан, 2019 жыл.
Есірткі мен ішімдікке тәуелділіктен емдейтін коммуна тұрғындары шаруашылықпен айналысып, мал ұстайды. Сарытөбе, Қарағанды облысы, ақпан, 2019 жыл.

- Материалдық құқық нормалары бұзылғандықтан сот шешімін заңсыз әрі негізсіз санаймыз. Біз меншік құқығын алу мақсатында талап арыз бердік, кейін сот актісі негізінде оны тіркеп, қызмет көрсету үшін жер телімін алуды сұрайтын едік. Қазір ол аумақта көп балалы отбасылар мен жәрдем сұрап келген басқа адамдар тұрып жатыр. Енді олардың жағдайы қиындап, әлеуметтік шиеленіс туады. Құқықтық прецедент пайда болады, - дейді Игорь Скурихин.

"ЕСІРТКІСІЗ ӨМІР СҮРІП ЖАТЫРМЫН"

Азамат есірткіге тәуелділіктен арылған соң коммунада қалуды ұйғарған. Қазір коммунада ол секілді оншақты адам тұрып жатыр. Азамат Азаттық тілшісіне ет ыстайтын орында көрсетті. Ол осында мал еті мен майын ыстап, өзіне және басқа тұрғындарға шұжық әзірлейді. Сиыр мен шошқа өсіріп отырған Азамат дүкеннен сатып алмай, өз өнімдерін тұтынуға тырысады.

Азамат есірткіге тәуелділіктен арылған соң Сарытөбедегі коммунада қалуды ұйғарған. Қазір ол ет ыстап, шұжық дайындайды. Қарағанды облысы, ақпан, 2019 жыл.
Азамат есірткіге тәуелділіктен арылған соң Сарытөбедегі коммунада қалуды ұйғарған. Қазір ол ет ыстап, шұжық дайындайды. Қарағанды облысы, ақпан, 2019 жыл.

- Есірткіге шырмалып қалдым. 2012 жылы осында келіп, содан бері тұрақтап қалдым, үйлендім. Биыл мені [нашақор деген] есептен шығарды. Қазір есірткі, спиртті ішімдік пен темекіден ада тыныш өмір сүріп жатырмын. Бұл жерден кеткім келмейді, - дейді ол.

45 жастағы Сергей Носов та осы сауықтыру орталығының көмегімен нашақорлықтан құтылғанын айтады. 2014 жылы қаланың ырду-дырдуы мен бұрынғы тамыр-таныстан аулақ кетуді ұйғарған ол Сарытөбеге келіпті. Содан бері осында тұрақтап қалған.

Сергей Носов. Сарытөбе, Қарағанды облысы, ақпан, 2019 жыл.
Сергей Носов. Сарытөбе, Қарағанды облысы, ақпан, 2019 жыл.

- Әуелде есірткіге, кейін алкогольге тәуелді болдым. Енді осында қалып, фермерге айналдым, мал бордақылаймын. Шаруашылығымыз үлкен, мал басы көп, - дейді Сергей Носов.

Дмитрий Радин бірнеше жыл бұрын маскүнемдіктен емделуге осында келіпті. Үш баласы бар жігіттің зайыбы ерінен күдер үзбей, сауықтыру орталығына бірге келген. Арада біршама уақыт өткенде ерлі-зайыптылар тағы үш бала сүйіп, көп балалы отбасына айналды.

Дмитрий Радин зайыбы және балаларымен бірге. Қарағанды облысы, ақпан, 2019 жыл.
Дмитрий Радин зайыбы және балаларымен бірге. Қарағанды облысы, ақпан, 2019 жыл.

- Мені наркологиялық ауруханаға жатқызды. Қит етсе полиция келіп, алып кететін. Алты рет сотталып, үш рет жазамды өтедім, бірақ түзелуге ештеңе көмектеспеді. Не мәжбүрлі ем қабылдайсың, не осында келесің деген таңдау тұрды. Басында мұнда екі ай болдым. Кейін қаладағы үйіме кеттім, төрт айдан соң қайтадан оралу керектігін түсіндім. Наурызда осында отбасыммен тұрып жатқаныма жеті жыл болады, - дейді Радин.

Сауықтыру орталығын есірткіге тәуелділер ғана емес, түрмеден шыққандар да паналайды. 2018 жылдың басында "Реабилитационная тюрьма" пилоттық жобасы аясында түрмеден шыққан 11 азамат осында болды. Қамауда отырғанда туыстарымен қарым-қатынасы үзілгендіктен оларды қоғамға бейімделу жұмыстары жүргізілді. Құқық белгілейтін құжаттары болмағандықтан бұл жобадан бас тартуға тура келді, бірақ бұрынғы сотталушылар осында келуге әлі де өтініш білдіреді.

ӘКІМДІК ТАСҚЫН БОЛАДЫ ДЕП ҚОРҚА МА?

Биліктің айтуынша, қоғамдық бірлестікке пайдалануға берілген нысандар Нұра өзеніне жақын орналасқан. Яғни, тасқын аймағы мен су нысандары жағалауындағы телімдер ерекше қорғауға алынған табиғи аумақ пен мемлекеттік орман қоры жерінен бөлінбейді-мыс. Олардың уәжі бойынша, су қорғау аймақтары шегінде құрылыс нысандарын салуға және ондағы ғимараттарды пайдалануға, мал бағуға, мал фермаларын салуға рұқсат етілмейді. Соған сүйенген жауапкер соттан талап арызды қанағаттандырмауын сұраған.

- Егер тасқын бола қалған жағдайда (олар жағалауға жақын тұрады) қауіп төне ме деп Нұра-Сарысу инспекциясын шақырдық. Олар қауіп бар демеді. Бірақ сот басқа себеппен - меншік құқығы тіркелмегендіктен және олар бұрын жер телімін беру туралы жергілікті атқару мекемесіне өтініш бермегендіктен талаптарын қанағаттандырмады. Мемлекет оларға қарсы емес, еш кедергі жоқ, аумақты дамытып, игеруді қолдаймыз, - деді Бұқар жырау аудандық әкімдігі заңгері Ерболат Тоқмырза.

Сарытөбе ауылы тұрғындары. Қарағанды облысы, ақпан, 2019 жыл.
Сарытөбе ауылы тұрғындары. Қарағанды облысы, ақпан, 2019 жыл.

2015 жылы есірткі мен алкогольге тәуелділер сауықтырудан өтіп жатқан аумаққа тасқын қаупі төнген еді. Сондықтан әкімдік сақтық шараларын жасауды ұйғарса керек. Бұқар жырау аудандық әкімдігі қоғамдық бірлестікке сотқа апелляциялық шағым түсіріп, шешімді қайта қарауды талап етуге кеңес береді.

- Бұрынғы балалар лагерінің ғимараты (1999 жылдан бері ол жерде тәуелділіктен сауыққан адамдар тұрып жатыр. - Азаттық) әзірше ешкімнің атына тіркелмеген. Оған қарасты жер телімі 2014 жылдан бері мемлекеттің меншігінде. Бұрын оған "Шаңырақ" агрофирмасы иелік ететін, кейін олардың меншік құқығы мерзімі аяқталды. Содан бері бұл жерді ешкім сұраған жоқ, - деді Азаттық тілшісіне Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары Арман Дардақов.

Ақпанның 19-ы күні "Нашақорлар мен маскүнемдерді сауықтыруға арналған рухани орталық" қоғамдық бірлестігі облыстық сотқа апелляциялық шағым түсірді. Талапкер аудандық сот шешімінің күшін жойып, мүлікті қоғамдық бірлестікке тиесілі меншік деп тануды сұрайды.

Сауықтыру орталығы шаруашылығындағы иттер. Сарытөбе, ақпан, 2019 жыл.
Сауықтыру орталығы шаруашылығындағы иттер. Сарытөбе, ақпан, 2019 жыл.

Бірлестік прокуратураға сот шешіміне наразылық келтіруді сұрап шағымданды, бірақ ол шағымды қабылдамады. Облыстық прокуратура сот шешімімен келісті. Игорь Скурихин жоғарыдағы инстанция бұл жағдайға назар аударса дейді. Себебі бұл мәселенің артында осы жерден пана тапқан ондаған адамның, көп балалы отбасылардың тағдыры тұр.

Қазақстан ішкі істер министрлігі есірткі бизнесімен күрес және есірткі айналымын бақылау жөніндегі департаментінің дерегі бойынша, соңғы жылдары қазақстандықтар арасында есірткіге тәуелділер саны 35 пайызға азайған. 23 мыңнан астам адам ресми тіркеуде тұр.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG