Азаттық: Ирина, онкологиялық ауруға шалдыққаныңызды қашан және қалай білдіңіз?
Ирина Московка: 2018 жылдың қаңтар айы болатын. Денемнен кішкентай түйін байқап, дәрігерге қаралдым. Екі аптадан кейін ота жасайтын үстелде жаттым. Бәрі өте тез болды, қажет шараның бәрі қолға алынды. Мультидисциплинарлық дәрігерлер бригадасы аурудың гистологиясына қарай (тіндегі құрылымдық өзгерісті зерттеу әдісі – ред.) таңдаған кезеңнің бәрінен өттім.
Азаттық: Екі аптадан кейін болса, ота жедел жасалған екен. Бұл көп адамның сіздің журналист екеніңізді білетіндігіне байланысты ма, әлде барлық науқасқа осылай жылдам қызмет көрсетіле ме?
Қатерлі ісігі болуы мүмкін деген адамды бір ай бұрын тіркеліп, кезек күтпес үшін аз уақыт ішінде толықтай тегін тексерістен өткізуі тиіс.
Ирина Московка: Дәрігерлер мені таныған жоқ. Бәрі қатерлі ісік белгісі барын айтты, соған қарамастан, кедергілер де болды. Процесті тездету үшін медициналық тексерудің бір бөлігін ақылы түрде өттім. Қатерлі ісігі болуы мүмкін деген адамды әдеттегі тәртіп бойынша қабылдауға бір ай бұрын тіркеліп, кезек күтпес үшін, аз уақыт ішінде толықтай тегін тексерістен өткізуі тиіс. Бірақ ауруханадағы кезекті көргенде, отаға дейінгі анықтамаларды өзім ақша шығарып жинадым. Бұл менің өзіме керек болды. Онкологияда ісік анықталғаннан кейін неғұрлым тезірек әрекетке көшсең, соғұрлым жақсы. Әйтпесе ауру асқынып кетуі мүмкін. Онкологиялық дертке шалдыққан науқасқа арналған процедуралар қымбат тұрады, оған жалғыз өзімнің шамам жетпес еді. Біздің дәрігерлер шетелдік мамандардан кем түспейді. Тек ұйымдастыру жағы ақсап тұр және жоғары деңгейлі заманауи жабдық жоқ.
Азаттық: Бұрын мемлекет тегін тарататын дәрі-дәрмек уақытылы берілуші ме еді?
Ирина Московка: Бойымдағы дерт гормондарға тәуелді. Ауру қайталанбас үшін гормоналды препараттар қабылдап жүруім керек. Мен ұзақ емделдім, енді химия мен сәуле терапияларынан кейін маған бес жыл бойы осы дәрілерді ішу қажет. Маған үш жыл бойы "Тамоксифен" (ісікке қарсы дәрі – ред.) препаратын қабылдауға кеңес берді, қалған екі жылға оның орнын басатын басқа дәрі беріледі. Екі жыл бойы дәрілерімді уақытылы алып келдім. Әрине, дәріні жеткізуде аздаған кемшілік болатын, бірақ жалпы алғанда, көрсетілетін қызмет көңілімнен шығатын. Халық көп жиналмауы үшін адамдар дәрісін өзіне белгіленген кесте бойынша алатын. Кішігірім кемшілікке көз жұма қарауға дайын едім. Биыл көктемде барғанымда, маған ішіп жүрген дәрімнің баламасы саналатын басқа препарат берді. "Жарайды, мейлі осыны берсін. Тағы да дәріні жеткізуде қиындық туған шығар" деп ойладым. Қателеспеппін… Мамырда барсам, дәрі жоқ екен. Сол кезде коронавирус инфекциясы өрши бастады. "Білмейміз, дәрі келуі керек еді, бірақ әзірге ештеңе жоқ" деді маған. Ал мен не істеуім керек? Басымды қатерге тіге алмаймын ғой.
Азаттық: Демек тығырықтан шығар жолды өзіңіз іздеуге тура келді ғой? Қажет дәріңіз ақшаға сатып алуға табылды ма?
Стационарға жеткізіліп, науқастарға тегін таратылуы тиіс дәрілерді дәріханаларда ақшаға емін-еркін сатып жатты.
Ирина Московка: Иә, керек дәріні іздеп дәріханаларды түгендеп шықтым. Бұрын бұл дәріні өзім сатып алып көрген емеспін. Бұл препараттар барлық дәріханадан бірдей табыла қоймады. Оларды ірі дәріханалар желісінен таптым. Ешкім дәрігердің рецептісін немесе осы дәріні қабылдауым керегін растайтын қандай да бір құжат көрсетуді сұраған жоқ. Ақшасын төлесең, дәріні қолыңа ұстатады. Бұл мені тіксінтті. Дәріханаларда еркін сатылып жатқан дәрілердің мемлекеттік стационарларда болмағанына таңғалдым. Бұл біртүрлі ойға жетелейді… Сол кезде дәріханалардың саудасы қызып жатты. Бірақ бұл менің болжамым ғана. Бастысы, стационарға жеткізіліп, науқастарға тегін таратылуы тиіс дәрілер белгісіз жолмен дәріханаларда ақшаға сатылмаса болғаны. Бұл жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің тексеруіне ілік бола алады. Дәріні өзім сатып алып ішпесем жоспарлы емдеу курсының пайдасы болмас еді. Осы үш айда ауруым қайталануы мүмкін еді. Ондайда қазіргі дәрілерді тоқтатып, емнің ауыр түріне көшеді.
Азаттық: Дәрі тапшылығын коронавирус пандемиясымен байланыстырасыз ба? Әлде басқа күдігіңіз бар ма?
Ирина Московка: Мұны коронавируспен байланыстырмаймын. "Халық денсаулығы туралы" кодексте мемлекеттік құрылымдар төтенше жағдай кезінде де халықты тегін дәрімен қамтамасыз етуге міндетті деп жазылған. Яғни заң бойынша, аяқ астынан пайда болған жағдайға сілтеу мүмкін емес. Оның үстіне дәрі сатып алуға өтініш алдын-ала беріледі. Бұл коронавирус пандемиясына дейін жасалуы керек еді. Бірақ бұл процедуралар неге жүргізілмеген? "СК-Фармация" компаниясына қояр сұрағым көп, мәселенің жай-жапсарын сотта анықтармыз. Науқас ретінде олардың қандай тендер, байқау немесе өтінішпен айналысып жатқанында шаруам жоқ. Заң бойынша дәрі алуға құқылымын және қажет препаратты алуым керек. Бірақ фактіге жүгінер болсақ, дәрі-дәрмек алған жоқпын.
Азаттық: Неге сотқа жүгінуге бел будыңыз?
Бұл жерде әлеуметтік мәселе жатыр. Кейін ақша үшін сотқа берді деп ойламасын деп, көп өтемақы сұрағым келген жоқ
Ирина Московка: Не болғанын анықтап көргім келеді. Бұл тек онкологиялық ауруы бар науқастарға ғана қатысты мәселе емес. Тіпті Facebook-тің өзінен, біресе мына жерде, біресе ана жерде әртүрлі нышанын байқауға болады. Жұрт өз проблемасын әлеуметтік желі арқылы шешуге тырысты. Сондықтан сотқа бара жатырмын. Мен зардап шектім. Адамдар зардап шекті, олардың дәрі сатып алуға мүмкіндігі болмады. Бұл маған да қомақты шығын болды. Дәріге барлығы 42 652 теңге жұмсадым. Осылайша сотқа берген арызымда шығынды әлеуметтік төлем көлеміне тең – 42 500 теңге деп көрсету идеясы туды. Бұл жерде әлеуметтік мәселе жатыр. Кейін ақша үшін сотқа берді деп ойламасын деп, көп өтемақы сұрағым келген жоқ. Мұнда мәселе принципте болып отыр. Мен заң бұзған жоқпын, митингіге шықпадым, бар болғаны өз құқығымды қорғауға тырысып жатырмын. Мемлекет мені қорғайды деп үміттенемін. Осыған жол берген бірер шенеуніктің қателігі үшін бүкіл мемлекетке күйе жағуға болмайды. Олар не мұның қандай салдары болатынын білмеген, не өз жұмысына салғырт қараған.
Сотта не анықталарын білмеймін. Мүмкін мені біреу алдап жүрген болар. Бұл процестің міндеті – кімнің кімді алдап жүргенін анықтау. "СК-Фармация" компаниясы облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен ауруханаға сілтеп, өзін кінәсіз көріп отыр. Бірақ мені дәрігерлер алдап отыр деп ойламаймын. Олар маған "дәрі жоқ, күте тұрыңыз, сіз тізімде барсыз" деді. Маусым, одан кейін шілде келді, мен бірнеше рет брифингтерде сұрақ қойып жүрдім. Маған "үйде отырыңыз, дәріңізді әкеліп береді" деген жауап қайырды. Бірақ өкінішке қарай, бұл процестің қалай жүретінін түсінбеймін: дәріні кім әкелетінін, кестелердің қалай жасалатынын білмеймін. "Дәрі болса өзім барып алып кетейін" деген ұсыныс айттым, бірақ "үйде отырыңыз" деді. Бұл ақымақтық болып көрінді. Мен де дәріні кестеге сай қабылдаймын, олардың арасын үзуге болмайды, өйткені денсаулығыма қауіп төнуі мүмкін. Бұл қалжың емес, дәріні бес жыл бойы үздіксіз қабылдау керек деген талапты бір рет бұзсаң, ауру қайталанып, тағы да ауруханаға түсуің мүмкін. Мен ол жаққа қайта оралғым келмейді.
Азаттық: Сотқа нақты кімнің үстінен арыз бердіңіз?
Ирина Московка: Материалдық шығынды қайтару және моральдық шығын үшін өтемақы өндіру туралы арыз бердім. Дәріні аурухана беретіндіктен, осы медицина мекемесіне қарсы арыз беруге тура келді. Арызға оның үстінен қарайтын облыстық денсаулық сақтау басқармасы, "СК-Фармация" компаниясы (дәрілік препарат пен медициналық құрал-жабдық сатып алу процедураларын жүргізетін бірыңғай дистрибьютор – ред.) мен денсаулық сақтау министрлігі (өйткені "СК-Фармация" – денсаулық сақтау министрлігінің "еншілес" компаниясы) де ілінді. Бәріміз жиналып, кімнің немен айналысып жатқанын, қай іске кім жауап беретінін, дәрі алмағаным үшін кімнен жауап талап етуім керегін анықтау үшін осылай жасадым. Дәрі жеткізудің қай кезеңінде ақау туғанын, кім кінәлі екенін анықтау керек. Өйткені бәрі бір-біріне сілтейді. Денсаулық сақтау министрлігі өзінің бұл мәселеге қатысы жоғын айтады. Сонда қалай? Осындай мәселе туса, демек бірнәрсені дұрыс жасамаған ғой? Адамдар келіп, дәрі бермегені үшін дәрігерлерге айқайлап кетеді. Бірақ олардың кінәсі не?
Әдетте сотқа бізге, журналистерге қарсы арыз береді ғой, ал енді орнымыз ауысқаны қызық болып тұр. Бұл маңызды сот процесі, өйткені біз шындықты анықтап жатырмыз. Менде істеген ісіне жауап беруі тиіс мемлекеттік органдарға жақсы сұрақ қоюға мүмкіндік туады. Олар маған ғана емес, сотқа да жауап беретін болады.
Азаттық: Дәрігерлерді де сотқа бергеніме ұяламын дедіңіз. Неге ұяласыз? Қажет дәрілер жоғын айтқаныңызда олар қандай реакция білдірді?
Ирина Московка: Дәрігерлермен қарым-қатынасым жақсы. Олардың қолында тұрған ештеңе жоқ екенін түсінемін, ауруханалар да науқасқа дәрілерді өз бетінше сатып ала алмайды. Олар ашық нарыққа шығып, бұл дәрілерді өздері іздей алмайды. Бізде бірыңғай дистрибьютор – "СК-Фармация" компаниясы бар. Әрине, мүмкін белгілі бір деңгейде аурухана да жауапты шығар, өйткені маған дәріні солар береді ғой. Бірақ мәселенің түпкі себебі қайда жатыр?
Дәрілер шынымен келмеген немесе жеткілікті мөлшерде берілмеген болса, жұмыс толық орындалмаған болып саналады. Олар дәрі-дәрмек жеткізуі керек еді, бірақ препараттар болған жоқ. Қазір дәрілердің жартылай жеткізілгені анықталып жатыр. Бірақ біз мұны сотта зерттеп көреміз. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдерімен алдын-ала сөйлесіп көрдім. Олар менің дәрім болмағанын, сондықтан науқастарды басқа препаратқа көшіру туралы шешім қабылданғанын айтты. Мамыр айында екі дәрі де таусылған деп түсіндім.
Осы істің кесірінен қиын жағдайға тап болатын дәрігерлерге обал, бірақ екінші жағынан, науқастарды да аяйсың, олар дәрі тапшылығынан зардап шекті.
Қазір осы істің кесірінен қиын жағдайға тап болатын дәрігерлерге обал, бірақ екінші жағынан, науқастарды да аяйсың, олар дәрі тапшылығынан зардап шекті. Менің дәрі тауып, сатып алуға мүмкіндігім болғаны қандай жақсы. Ал ондай мүмкіндігі жоқ науқастар қандай күйде болды? Ауылдардағы жағдай қалай өзгерді? Әсіресе, интернетте отырмайтын, дәрі іздеп, ақпарат алуға мүмкіндігі жоқ адамдар қалай амалдады екен? Зардап шеккендер кейін арыз бере ме, жоқ па, өздері біледі. Бірақ мен заң жолын пайдаланып, мемлекеттік органдардың ережесімен қалай ізденуге болатынын көрсеткім келеді.
Азаттық: Бұл арыз – принципке негізделген іс пе, әлде қарсы тараппен келісімге келуіңіз мүмкін бе?
Ирина Московка: Келісімге келуім мүмкін емес, өйткені мен таласып жатқан жоқпын. Мұнда принципке негізделген мәселе болып тұр. Бұл күте тұратын бір қап құм емес, дәрі-дәрмек. Олар менің дәріге жұмсаған ақшамды қайтарар, бірақ уайымнан туған моральдық шығын қалды ғой. Бұл үшін өтемақы талап етуге құқығым бар. Өйткені ол кезде не істеу керегін мүлде түсінген жоқпын. Ауруымды ескерсек, пандемия өршіп тұрған шақта дәріханалардан дәрі іздеп сабылу мен үшін қауіпті емес пе? Коронавирус жұқтыру қаупі болды. Бұл жерде әділдікті талап етіп, өзіммен келісімге келуге көнбей отырмын. Бірақ маған осының бәрін ашып айту қиынға соқты, өйткені өз денсаулығы жайлы құпияны жариялауға екінің бірі бара бермейді.
Азаттық: Науқас ретінде бұл жүйенің жұмысымен өз тәжірибеңіз арқылы танысқаннан кейін, журналист ретінде қандай қорытындыға келдіңіз?
Ниет болса, мұны жасау, медициналық мекемелерден түскен өтініш пен дәріні жеткізу процесін бақылау қиын емес қой. Неге бізде мұның бір де бірі жүзеге аспайды?
Ирина Московка: Мынадай қорытынды жасадым: ойын ережесін өзгерту керек, өйткені олар жұмыс істемейді және адам өміріне қауіп төндіреді. Елде бұл дәрілерге мұқтаж науқас көп. Мүмкін, заң жүзінде жауапкершілікті нақтылап жазу керек шығар. Әйтпесе қазір кімге айту керегін білмейсің. Бақылау керек. Ниет болса, мұны жасау, медициналық мекемелерден түскен өтініш пен дәріні жеткізу процесін бақылау қиын емес қой. Неге бізде мұның бір де бірі жүзеге аспайды? Мүмкін, осының басы-қасында дәрі тапшылығының салдары қандай боларын түсінбеген адамдар болған шығар? Бұл – адамдардың, салық төлеушілердің денсаулығына нұқсан келтіру. Мен мүгедектігі бар азаматтардың есебінде тұрған жоқпын, жұмыс істеп жүрмін.
Соңғы рет дәріні тамыз айының басында сатып алдым. Айтпақшы, қазір "СК-Фармация" компаниясы басшылығы ауысқан соң іс реттеле бастағанға ұқсайды. Қазір логистика түзеліп, міндеттемелер жүзеге асып жатыр. Тамыздың соңында екі айға жететін дәрі-дәрмек берді. Жақында хабарласып, дәріханадан тағы үш айға жететін дәрі алып кетуге шақырды. Әзірге дәрілерім артығымен бар, бірақ ары қарай қалай боларын білмеймін.
P.S.: Қарағанды соты азаматтық іс қозғады. Алдын-ала сот отырысы 29 қыркүйекке белгіленген.
ПІКІРЛЕР