Accessibility links

Батпақтан көз ашпаған ауыл тұрғындары "АрселорМиттал Теміртауды" сотқа берді


Анастасия Цуприкова
Анастасия Цуприкова

Қарағанды облысы Аққұдық ауылының тұрғындары ірі кәсіпорынға тиесілі тозығы жеткен құбырдан әбден мезі болған. Тұрғындардың кейбірі "су құбыры жиі тесілетіндіктен айналаны су алып, үйлерді шірітіп болды" десе, кейбірі "батпақ жолдардан шаршадық" дейді.

ЖАРАМСЫЗ БАСПАНА

Қарағанды облысындағы небәрі 20 шақты үйі бар шағын Аққұдық ауылынан (үйлердің көбі бос) биыл тағы бір отбасы көшті. Бес адамнан тұратын Цуприковтар отбасы Аққұдықтан бірнеше шақырым жердегі Теміртау қаласына көшіп барған. Сонда пәтер жалдауға мәжбүр.

Көктемде ауылды су алып Цуприковтардың үйі жарамай қалған. Бұл үйде кәмелетке толмаған балалары бар ерлі-зайыптылар 68 жастағы аналарымен бірге тұрған.

Цуприковтардың айтуынша, ауылды бірден су алмаған. 2018 жылдың наурыз айында үйге кірген су тізеден келген. Оның іздері әлі де бар: қабырғалар көгеріп, тұсқағаз саржағалданып қалған. Көгерген үйден сыздың иісі шығады. Қабырғалары мен еден дымқылданып, шіріп барады. Қисайған қабырғаның бірі құлағалы тұр.

Елді мекенді су басқаннан кейін Цуприковтар отбасының үйі бүлінген. 5 қараша 2018 жыл
Елді мекенді су басқаннан кейін Цуприковтар отбасының үйі бүлінген. 5 қараша 2018 жыл

- Мынадай үйде балалармен тұру мүмкін емес. Іші көгеріп кеткен. Балаларымыз "баспанамыз жоқ" деп жылайды. Зейнеткер анам "қартайғанда үйсіз қалдық" деп қиналады. Қыс та тақап қалды. Бәріміз күйзеліп кеттік. Бірақ үйді қараусыз қалдырмай, от жағып тұрамыз, - деді Азаттық тілшісіне Анастасия Цуприкова.

Цуприковтер отбасы үй шығынын өтеу туралы шағым түсірген. Зардап көлемін бағалайтын компанияның айтуынша, үйді қалпына келтіруге болады, бірақ оған кететін қаржы жаңа үй салуға жетеді.

Цуприковтар "бұл жерге қайтадан үй салуға болмайды" деп санайды, себебі жер сор батпаққа айналған. Оның үстіне Теміртаудағы металлургия комбинатының ескі құбырына да сенуге болмайды, кез келген сәтте тесіліп қалады.

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясына тиесілі ескі су құбырының бір бөлігі. 5 қараша 2018 жыл
"АрселорМиттал Теміртау" компаниясына тиесілі ескі су құбырының бір бөлігі. 5 қараша 2018 жыл

Су құбыры Қарағанды өңіріндегі металлургия комбинаты мен кеніштердің иесі "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына тиесілі.

БАЛШЫҚҚА БАТҚАН АУЫЛ

Қазір тозған құбырдан су ағып жатқан жоқ. Бірақ топыраққа әбден су сіңіп, сазды батпаққа айналған. Ауыл ішімен батпаққа батпай жүру қиын. Тұрғындар көшеге резеңке, шифер, темір, тас төсеп лаждап отырғаны байқалады.

- Жертөледегі суды насоспен тартып жүрміз. Жерге жарты күрек салсаңыз су шыға келеді. Ескі су құбыры тесілмесе бұлай болмас еді. Көктемде қар суы ерігенде тағы да су алады, - деді Азаттық тілшісіне Аққұдық ауылының тұрғыны Геннадий Халелов.

Аққұдық ауылы
Аққұдық ауылы

Жергілікті тұрғындар "Үлкен металлургия станциясы" (елді мекеннің бұрынғы атауы) деп атайтын, кәсіпорын аймағында жатқан Аққұдық ауылы әкімшілік тұрғыдан Теміртау қаласына қарайды. Қасынан теміржол өтеді. Іргесінде үйіліп жатқан металл қоқысынан жел соққанда шаң көтеріледі.

Сырт қараған адамға "ауылда ешкім тұрмайды-ау" деген ой келуі мүмкін. Үйлердің кейбірі қамыс аралас қалың шөптен көрінбей қалған. Тұрғындардың айтуынша, ауыл топырағы сор-батпаққа айналып бара жатқан тәрізді, өйткені бұрын осынша қалың шөп өспеген.

Айналасын жабайы шөп басқан Аққұдық ауылы
Айналасын жабайы шөп басқан Аққұдық ауылы

Тұрғындар ауылда азық-түлік дүкені жоқтығына қапаланады. Жалғыз дүкен жабылып қалған. Бір кездері мектебі де болған. Қазір балалар қала мектебіне қатынап оқиды. Күнделікті азық-түлікті де қаладан тасиды. Аққұдықтағы жалғыз "көрнекті орын" - балалардың ойын алаңы.

Ауылдан көшпей қалған тұрғындар өнеркәсіп аумағындағы өмірге амалсыз бейімделген. Аққұдықтан қалаға автобус та жүрмейді, жолы нашар. Кей тұрғындар аракідік жүретін электричкаға мінеді. Үйлеріне су кіргізіп алғандар аз, көбі суды құдық-колонкадан алады.

Аққұдық ауылында дүкен де, мектеп те, балабақша да жоқ. Шағын ауылға біткен кішігірім балалар алаңы ғана бар.
Аққұдық ауылында дүкен де, мектеп те, балабақша да жоқ. Шағын ауылға біткен кішігірім балалар алаңы ғана бар.

Азаттық тілшісі Теміртау қалалық мәслихатына кіріп, пікірлерін сұрады. Олар Аққұдық ауылындағы жағдайдан хабардар болып шықты.

- Жиырмаға жуық тұрғын үй қалған. Оларға көмектесуге тырысамыз. Ал басқа жаққа көшіру мәселесі қаралған жоқ. "АрселорМиттал Теміртау" басшылығымен ауылға су құбырын тарту туралы сөйлесеміз. Бүгін "құбырды жөндеп жатыр" деген ақпарат түсті. Келесі жылы жобалық-сметалық құжат әзірлеп, жолды жөндетеміз, - деді Азаттық тілшісіне Теміртау қалалық мәслихат депутаты Алексей Ломакин.

СЕЛДЕН КЕЙІН СОТҚА ШАҒЫМ

Аққұдықтан көшіп кеткен Цуприковтар отбасы жақында "АрселорМиттал Теміртау" компаниясын сотқа берді. Олар компаниядан 3,5 миллион теңгеден астам материалдық шығын өндіруді талап етіп отыр. Бұған қоса моральдық шығын ретінде 3 миллион теңге сұрайды.

- Жауапкердің ұсынысы ақылға қонымды болса ғана келісеміз. Әзірге шағымда көрсетілгеннен әлдеқайда аз ақша ұсынып отыр. Үш миллион теңгеге екі отбасына тұрғын үй сатып алыңдар дейді. Жарамсыз деп танылған үй мен оның жер телімін компанияға алғысы келеді және моралдық шығын өтеуден бас тартып отыр. Яғни, шағымда көрсетілген соманың жартысын ғана бермекші. Бұл - қорлау. Соманы азайту ойымызда да жоқ, - деді шағымданушы Анастасия Цуприкованың адвокаты Александр Ожго.

Александр Ожго
Александр Ожго

Шағымды Теміртау қалалық соты қарап жатыр.

Жауапкер "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы дауды медиация арқылы шешкісі келеді. Компания заңгері сот кезінде Цуприковтарға ұсынылған соманың өзгеруі мүмкін екенін айтты.

- Ол жақта жол жоқ, жер батпақ. Мақсатымыз – балаларға көмектесу. Мәселені сотқа жеткізбей шешуге болады. Өзіміз барып шығынды анықтай алмадық. Әне-міне деп созып жүрді, шамасы істі сотқа жеткізуді көздеген сияқты. Үйді көрдім, жағдайы нашар екен, бірақ біз ұсынған өтемақы аз емес, - деді сотта "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы бас директорының қоғаммен байланыс жөніндегі кеңесшісі Алексей Агуреев.

Жауапкер жағынан келген куәгерлер сотта Цуприковтардың үйі ауылды су алғаннан кейін бұзыла бастағанын растады, бірақ "судың құбырдан немесе басқа су қоймасынан келгенін" нақты айта алмады. Осыған байланысты судья куәгерлерге оқиға орнына барған комиссияның тексеру актісін оқып берді.

Актіде "үйді аяқ астынан су алғаны, соның салдарынан үй қабырғалары көгеріп, іргетасына зақым келгені, едені мен жиһаздарының бүлінгені" жазылған.

"АрселорМиттал Теміртаудың" сумен қамтамасыз ету цехы басшысы сотта "су құбырының мерзімі өткенін, оның жиі тесілетінін" растады. Бұған қоса Цуприковтар үйін су алған кезде су құбырларының бірі тесілгенін, оны тоқтата алмағандарын айтты.

Аққұдық ауылының маңы
Аққұдық ауылының маңы

Шағымданушы тарап бұған дейін судьядан жауапкерді құбырды тезірек жөндеуге мәжбүрлеуді өтінген. Біраз уақыттан соң тесілген құбырдан аққан су тоқтады. Дегенмен, Аққұдық тұрғындары мұның ұзаққа созылатынына сенбейді, өйткені бұған дейін де су құбыры талай жамалып, ауылды талай рет су алған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG