Accessibility links

"Тұщы су табылған" Қарақалпақстанда өмір ащы


Арал теңізінің Қарақалпақстандағы бөлігінде су тасып бара жатқан тұрғын. Көрнекі сурет
Арал теңізінің Қарақалпақстандағы бөлігінде су тасып бара жатқан тұрғын. Көрнекі сурет

Өзбекстанда Арал теңізінің Қарақалпақстандағы құрғаған орнынан тұщы су шыққаны хабарланып, бір жарым айдан бері сексеуіл егіліп жатқаны жарияланды. Бірақ елден кеткендер ондағы әлеуметтік жағдайдың жуық арада оңаларына сенбейді.

Өзбекстан құрамындағы Қарақалпақстан егеменді республикасының аумағы экологиялық апат аймағы ретінде белгілі. Таяуда Өзбекстанның ресми ақпарат құралдары Арал теңізінің орнынан тұщы су табылып, аймақта сексеуіл егіле бастағанын жариялады.

ТҰЗ ТАБАНЫНДАҒЫ ТҰЩЫ СУ

Әлеуметтік желілерде де Аралдың құрғаған орнынан 300 метр тереңдіктен тұщы су тартып шығарған алғашқы құдықтың жанында суретке, видеоға түскендердің постары тарады. Ресми БАҚ сәуір айына дейін теңіз түбінен осындай 50 құдықты іске қосып, су тарту жоспарланып отырғанын хабарлады.

Бұған қоса, теңіздің құрғаған орнынан тұздың көтерілуін тежеу үшін сексеуіл егіле бастаған. Ресми мәліметке қарағанда, Арал теңізінің оңтүстік жағалауында құрғап қалған жердің 500 мың гектардан астам аумағына сексеуіл егілмек. Бұл Арал теңізінің орнынан көтерілетін улы тұз бен құм боранына бөгет болуы мүмкін. Сексеуіл егу науқанына жүздеген техника жұмылдырылған. Олардың арасында ұшақтар да бар.

"O`zbekiston 24" арнасының хабарлауынша, сексеуіл егу қосымша жұмыс орындарының ашылуына да себеп. Сексеуіл тұқымын жинап өткізген адамға әр килограмына 15 мың сомнан төленеді. Тұқым жинаудың өзіне 600-ден астам адам жұмылдырылған.

Арал теңізінің орнынан тұщы су табылып, сексеуіл егу шарасы басталғаны Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтың туған күні қарсаңында жарияланды.

Қарай отырыңыз: Өзбекстанда Ислам Каримовті еске алды

Ислам Каримовті еске алу шарасына қазіргі президент Шавкат Мирзияевтің қатысқаны хабарланғанымен, сөйлеген сөзі жайлы мәлімет жоқ.

ДАУЫЛДАН СОҢ

2018 жылы мамыр айында Арал теңізінің орнынан көтерілген тұзды дауыл Өзбекстанның бірнеше облысы мен Түркіменстан аймақтарына дейін жеткен. Жергілікті тұрғындар бұрын-соңды мұндай дауылдың болмағанын айтқан.

Таяуда Ташкентте былтыр БҰҰ-ның қатысуымен құрылған Арал бойындағы адам қауіпсіздігі көппартнерлік сенім қорының алғашқы жиыны өтіп, соңғы дауылдың салдары жайында да айтылған болатын.

Қарақалпақстаннан келген Ерман Ескендіров Алматыда жұмыс істейді. Ол Өзбекстан басшысы ауысқаннан бері Қарақалпақстандағы жағдайдың аса өзгермегенін айтады. Оның айтқандарына қарағанда, Өзбекстанның өзге аймақтарымен салыстырғанда Қарақалпақстанда шектеу көп. Ол сондағы туыс-туғандарымен қатынас жасауда әлеуметтік желідегі шектеудің үлкен кедергі екенін айтады. "Желілердің ішінде тек Telegram мессенджері ғана істейді. Оның өзінде де тұрақты емес"дейді ол.

Ерман Ескендіровтің айтуынша, былтырғы дауылдың салдары ресми ақпарат құралдарында уақтылы хабарланбаған.

- Осы дауылдан кейін денесінде жара қаптап кеткен адамдар болды. Нәрестелердің жоғары температурамен тууы жиілеген, - дейді ол.

Ерман Ескендіров
Ерман Ескендіров

Айтуынша, сексеуіл егу былтырғы қатты дауылдың салдарынан кейін басталған. Ресми орындар жұмыс орындары ашылды дегенімен, сексеуіл егу үшін еңбек күшін Өзбекстанның өзге аймақтарынан, ішкі жақтан әкеліп жатыр.

- Қарақалпақстанда жұмыс жоқ емес - бар. Бірақ жергілікті тұрғындарды жайлы жерлерге жұмысқа ала бермейді. Көбіне басқа аймақтардан әкеледі, - деген Ерман Ескендіров мұнай, газ саласында қарақалпақстандықтар жоққа тән деп есептейді.

"ТАУЫҚ ӨЛІП, НЕСИЕСІ ҚАЛДЫ»

Мирзияев билікке келген алғашқы айларда Өзбекстанда тұрмысы төмен отбасыларға тауық асырау үшін несиелер берілген. Алайда бұл жоспар сәтсіздікке ұшырап, банкілер несие беруді тоқтатқан. Ерман Ескендіровтің айтуынша, Қарақалпақстанда да тауық асырау ілігімен несие алғандар болған.

- Сол тауықтардың көбі бірнеше күннен кейін-ақ өліп қалды. Арнайы фермада өсірілген тауықтар егістік басындағы табиғи жайылымға бейімделмеген болып шықты. Тауықтарды егістік басында өсіру үшін жергілікті билік тауық қоралар салуды міндеттеген еді. Қазір сол қоралар босап қалды. Ал тауық өлгенімен, елдің мойнында оның несиесі қалды, - дейді Ерман Ескендіров.

Қарақалпақстаннан келген Махамбеттің айтуынша, соңғы уақытта оқушыларды бұрынғыдай мақта теруге жұмылдыру тоқтаған. Алайда мақта теруге бармағандар мақтаның ақшасын беруге мәжбүр. "Жергілікті шаруашылық басшылары мақтаның ақшасын кейде базарда нәпақасын айырып отырғандардан өндіріп алуға тырысады" дейді ол.

Мақта теріп жүрген бала. Көрнекі сурет
Мақта теріп жүрген бала. Көрнекі сурет

Махамбеттің айтуынша, Қарақалпақстанда азық-түлік бағасы да басқа аймақтарға қарағанда еселеп қымбаттаған.

Қарақалпақстаннан келіп, Алматыда жұмыс істейтін Наурызбай Меңлібаевтың айтуынша, елдегі әлеуметтік жағдайдың нашарлығынан қарақалпақстандықтар Қазақстан мен Ресейде жұмыс істеуге мәжбүр. "Проблеманы айтқан адамға қысым жасалады" деген оның айтқандарын Ерман Ескендіров те өз басынан өткерген. Ол Қарақалпақстанға барған кезінде қамауда да отырып келген.

Наурызбай Меңлібаев
Наурызбай Меңлібаев

"ҚАРАҚАЛПАҚСТАН – ЖАБЫҚ ТАҚЫРЫП»

Орталық Азия геосаясатын зерттеген қазақстандық саясаттанушы Расул Жұмалы Өзбекстанда билік өзгергенімен, Қарақалпақстандағы жағдайдың оңалмағанын айтады. Мәселенің төркіні айналып келгенде, Қарақалпақстанның Өзбекстан құрамындағы айрықша мәртебесіне келіп тіреледі дейді ол.

- Өзбекстан құрамындағы дербес республика Қарақалпақстан - шын мәнінде жабық тақырыптардың бірі. Өзбекстан конституциясы бойынша да, Қарақалпақстан конституциясы бойынша да қарақалпақтардың референдум жолымен Өзбекстан құрамынан шығуы қарастырылған. Бірақ Қарақалпақстанда Каримов тұсында бұл туралы айтқан белсенділер қудалауға түсті. Билікке Мирзияев келгелі де Қарақалпақстанды Өзбекстан құрамында қалдыру бағытындағы шаралар жалғаса түскен. Өйткені Өзбекстан аумағының үштен бірін құрайтын Қарақалпақстан - шикізат тұрғысынан алғанда өте маңызды. Бірақ Мирзияев Каримовпен салыстырғанда күш қолданудан басқа да амалдарды қарастырып жатқан сияқты, - дейді саясаттанушы.

Расул Жұмалы
Расул Жұмалы

Расул Жұмалының айтуынша, Өзбекстан билігі экологиялық апаттың зардабын залалсыздандырып, жағдайды қалпына келтіруге қадам жасай бастаған. Осы бағытта елдің ішкі аймақтарынан Қарақалпақстанға барғандарға үй беріп, жағдай жасап, жерсіндіруі байқалады. Алайда Қарақалпақстаннан сыртқа кеткендер арзан жұмысқа жалданып күнелтіп отыр. Ал конституцияда айтылған референдумды еске алғандарды орталық билік бірден "сепаратизм" көрінісі ретінде таниды. Қарақалпақстанның елден сырттағы белсенділері ЕҚЫҰ-да да осы мәселені жиі көтеріп келеді.

2018 жылы қыркүйек айында ЕҚЫҰ-ның Варшавада өткен жиынында Қарақалпақстандағы адам құқығы аяқасты болғаны айтылып, саяси тұтқындардың тізімі жарияланған.

Совет одағының алғашқы жылдары Түркістан АСС, Қазақ АССР кейін РСФСР құрамында болып, 1936 жылы Өзбек ССР құрамына өткен Қарақалпақстан 1990 жылы өз егемендігі туралы декларация қабылдаған. Декларация қабылданған 14 желтоқсан – Қарақалпақстанда егемендік күні.

1993 жылы ресми Ташкент "20 жылдан соң Өзбекстан құрамынан шығуын референдум жолымен шешеді" деген шартпен Қарақалпақстанды өз құрамына ресми түрде қосып алған еді. Содан бері 25 жылдан асса да елден кеткен сырттағы белсенділер болмаса, Өзбекстанда бұл мәселені еске алатындар аз.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG