25 жастағы Кира Ударцева 1992 жылы Алматыдан Астанаға (ол кезде Ақмола) бара жатқанда жол апатына ұшыраған. Қатты жарақат алған Кираны Тоқаш Бокин атындағы ауылдың (қазір Алматы облысының Ақши ауылы) ауруханасына жеткізген. Ауыл хирургы аман сақтап қалуға болатын аяқты кесіп тастайды.
Кира өзін Алматыға апаратын санавиацияны шақыруды өтінеді. Бірақ дәрігер қыздың оған төлейтін ақшасы барына сенбей, қыздың аяғын амплутация жасайды. Соның салдарынан майлы эмболияға жол береді. Сүйек майының бөліктері қан тамырларына түсіп, ары қарай миға кетеді.
Екі апта бойы қыз өмір мен өлім арасында жатады. Тағы бір жыл ауруханада емделіп, денсаулығын қалпына келтіріп, қайтадан жүруді үйренеді. Содан бері ол протезбен жүреді. Кира көбіне қайырымдылық шараларымен айналысады. Жалғызбасты қарияларға қарайды, церебральді сал ауруы бар және аутизммен ауыратын балаларға дельфинмен емдеу сеанстарын ұйымдастырады. Аяғы жоқ адамдарға протезбен жүруді үйретеді.
Бірнеше жыл бұрын Кира пікірлес адамдармен бірігіп онкологиялық емхананың балаларына көмектесуге арналған "Қуаныш сыйлайық" жобасын ұйымдастырды.
БАЛАЛАРҒА ҚУАНЫШ СЫЙЛАУ
Кира Ударцеваны табу қиын, ол бір орында отырмайды. Әйтеуір оған қоңырау шалып, қайырымдылықпен айналысатын балалар фотографы Татьяна Бегайкинаның студиясында кездесетін болдық. Жоба аясында балаларға кәсіби фотографтардың, стилистер мен визажистердің қатысуымен фотосессия өткізеді. Түрлі сыйлықтар беріп, тосынсый жасайды. Оның бәрі жақсы көңіл-күй сыйлауға арналған.
Кирамен бірден сөйлесе алмадық, студияда түркістандық бес жасар қыз Раяна Әмірханды фотосессияға түсіруге дайындық жүріп жатты. Қыз нефробластома (бүйректің асқынған қатерлі ісік ауруы - Азаттық) дертіне шалдыққан, өкпесінде метастаза бар. Бірақ бұл күні Раяна онкологиялық аурухананың емделушісі емес, ол - ханшайым.
Оған әдемі көйлек кигізіп, бетіне жеңіл косметика жақты, басына парик кигізді. Химиотерапия сеанстарынан соң Раянаның өз шашы түсіп қалды. Фотосессияға қажетті образды балалар өздері таңдайды. Ересектердің міндеті – балалардың көңілінен шығу.
Кира Ударцева басқалармен бірге әуре боп жүр. Қыздың киінуіне көмектесіп, парик алып келді, сыйлығы бар қораптарды дайындады. Осы сәтте оны әңгімеге тарттық.
Дәрігерлермен бірлесіп әдейі анализ алып тексердік. Көтеріңкі көңіл-күйден соң балалардың лейкоциті түседі, тромбоциттері көтеріледі, анализдері жақсарады. Мысалы, Нұргүл ("Қуаныш сыйлайық" жобасына қатысушы бала - Азаттық) самокат сұрады. Екі апта бойы дәлізде сырғанап қуанып жүрді. Оған дейін ештеңеге қызықпай жатып қалған еді, - дейді Кира.
Осы уақытта Раяна перизаттан кондитерге айналды. Басына қалпағын киіп, печенье пісіре бастады. Фотоаппараттар оның әрекетін тарсылдатып түсіріп жатты. Раяна үлкендердің қарап тұрғанына еш қымсынбады. Фотоға түскенді ұнататыны көрініп тұр.
- Фотосессиядан бөлек аптасына бір рет онкологиядағы балалар дельфинарийге барады. Дельфиндерді құшақтап, дәрігер рұқсат етсе бірге суда жүзеді. Оларға мұның бәрі өте жақсы көңіл-күй сыйлайды, - деді Кира.
Дельфинария курсы бір бала үшін - 220 мың теңге. Бірақ аутизммен ауыратын және ДЦП-ға шалдыққан балалар үшін ол өте қажет.
Көз алдымызда қинала жүріп жүрген бала үшінші әлде төртінші иппотераия сеансынан соң орнынан тұрып, анасына жүгірді. Бірақ оның бәрі жеке балаға, отбасына, ата-анасының қарым-қатынасына байланысты, - дейді Кира.
Фотосессия аяқталып қалды, бірақ Раянаға арналған тосынсый бітпеді, оған шырын сыққыш сыйлады. Себебі оған көп дәрумен қажет. Палатада мультфильм көрсін деп планшет берді. Бұған қоса, жаңа көйлек, түрлі-түсті әуе шарларының үлкен бумасын, жобаға қатысушы Юлия Калмыкова пісірген авторлық пряниктің бір қорабын сыйлады.
- Қазір көмекке зәру адам көп. Әлеуметтік желінің барына шүкір. Мен Facebook-ке 2015 жылы қосылдым. Ол кезде Юинг саркомасынан (сүйекке әсер ететін қатерлі ісік - Азаттық) зардап шеккен Сабинаға көмектесіп жүрген едім. Дәрігерлер оны үш ай өмір сүреді деді. Facebook бетінде көмек сұрадым, біздің шамамыз жетпеді. Көп адам қолұшын созды. Алматы ғана емес, басқа жақтан да көмектесті. Оны әуе шарымен ұшырдық, атқа отырғыздық, дельфинмен жүзді, ұшақпен ұшты. Фотосессия да содан басталды. Нәтижесінде бала тоғыз ай өмір сүрді. Осылайша, "Қуаныш сыйлайық" жобасы біртіндеп өмірге келді. Балаларға, ата-аналарға қуаныш сыйлағымыз келеді. Міне, анасы Раянадан да қатты қуанып тұр, - дейді ерікті.
Раянаның анасы Сәуле расымен бақытты көрінді. Ол қызын смартфонға түсіріп, өзіне көрсетіп жатты.
– Әрине, бұның бәрі өте ауыр. Берілмеуге тырысамыз, бірақ кейде шама келмейді, - дейді Кира.
Осы жерде әңгіме үзілді. Раяна ауруханаға кетті. Кира екеуіміз әңгімені жолда жалғастырдық.
ПРОТЕЗ БЕН АМПУТАЦИЯ
Автокөліктің алдыңғы орындығына отырған Кира қайырымдылықпен қалай айналыса бастағанын айтты
Көп жыл бұрын ауруханада жатқанымда дәлізге шығып, 15 жастағы қызды көрдім. Ол жылап отыр екен. 12 жасынан бастап әжесі оны бір шөлмек арақ үшін еркектерге сатыпты. Жыныс органдарын кесіп тастапты. Сонда әжесі келіп: "Енді ештеңе істей алмасаң, сені алмаймын" депті. Анам екеуіміз оны үйге алып келдік, емдеп, оқыттық. Кейін туған анасын іздедік. Анама керекпін деп сенді. Анасы қызым притонда деп милицияларды алып келіпті. Қызды алып кетті, қазір қайда екенін білмеймін, - дейді Кира.
Мұндай оқиғадан кейін әңгімені жалғастыру оңай емес. Біраз уақыт бәріміз үнсіз отырдық. Кира терезені ашты. Автокөлік салонына салқын ауа мен көліктен шыққан түтін исі келді. Ұзын бойлы сөзі аз жүргізуші Саша "Жабыңыз, ауырып қаласыз" деді.
Саша - біздің миымыз, жадымыз, ар-ұятымыз және ұрысқағымыз. Біздің жоба трамвай сияқты, біреу келіп, біреу кетіп жатыр. Саша – сол трамвайдың жүргізушісі. Ол қаланы шарлап, бензинін құртады, үнемі жүгіріп жүреді. Бізде өте жақсы команда қалыптасты. Мұнда қалғандар не үшін қалғанын, кім үшін жүгіріп жүргенін біледі, - дейді ерікті.
Ары қарай протез зауыты туралы сөйлестік. Кира Ударцева олармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Ол жаққа пациент ретінде де, аяғынан айрылғандарға көмектесетін адам ретінде де жиі барады.
- Өзі протез кимеген адам оның қандай қиын екенін білмейді. Менің аяқсыз жүргеніме 25 жыл болды. Бұл аз мерзім емес. Сен өз аяғыңмен жүрсің, сондықтан амортизациялық аппаратыңның өте жақсы екенін түсінбейсің. Протез нашар болса, омыртқаңа зақым келеді. Мен де ол да бар. Екі рет "грыжа" болдым, - дейді.
Қазір Кира Ударцева 15 жастағы Катия Нагиснкаяға көмектесіп жүр. Қыз жаяу жүргіншілер жолымен велосипед теуіп келе жатып, қоқыс таситын көліктің астына түскен. Дәрігерлер аяғын кесіп тастаған. Ол бес жасынан бастап чирлидингпен (гимнастика, би және акробатиканы біріктірген спорт түрі - Азаттық) айналысады. Кираның айтуынша, Катяға тез арада қымбат протез керек, себебі бала спортпен айналысуы тиіс. Бірақ протез алу оңай емес.
- Бізде оптопедтер мен хирург-травматологтар протез зауытымен бірге жұмыс істемейді. Қол немесе аяқты кесер алдында протез зауытының маманын шақырып, қай деңгейде, қандай әдіспен кесу керектігін сұрау керек. Протез жасаушылар мен дәрігерлерді жұмысын заңмен біріктіру керек. Сонда аяғы жоқ жандардің өмірі өзгеріп, жұмысқа қабілеттілер көбейеді. Мен де мүгедекпін, бірақ көп жұмыс жасап жүрмін. Жасай да берем. Басқаларға да сондай мүмкіндік беру керек, - дейді ол.
Кираның айтуынша, ол протез зауыты мен дәрігерлердің арасында байланыс орнатуға тырысқан. 17 маманды жинап, зауытқа шақырған. Зауыт та қабылдауға дайын болған, бірақ бұл істен еш нәтиже шықпаған.
- Біздің хирургтар қалай кесетінін көрсең ғой. Жақында мынадай жағдай болды. Жас қыз апатқа түсіпті. Содан кейін протезге тұра алмай жылап отыр. Кесілген жері тегіс, біркелкі болуы керек, олар оның аяғын ортасынан кесіп тастаған, бұлшық еттен жасалған түрлі-түсті орамжапырақ тәрізді. "Қайтадан аяғыңды кеседі, сүйекті тегістейді" десем тағы жылайды. Себебі қайтадан наркоз алып, ауруханаға жатып, тағы қиналады, - деп күрсінді ол.
ПРОКУРАТУРАНЫҢ ТЕКСЕРІСІ
Қайырымдылықпен айналысып жүрген Кирадан да күдіктенетіндер көп. Телефон шалып, "қалай күн көресіз" деп сұрайтындар да бар. Прокуратураға да хабарласқандар болған.
- Мені прокуратура тексерді, түрлі мекемелерден келді, қалай тұратынымды, қандай шотым бар екенін көрді. Анам екеуіміз бір бөлмелі пәтерде тұрамыз, Халық банкінің жалғыз карточкасы бар, онда қанша ақша бар дейсіз? Мүгедектігім үшін 43 мың теңге аламын. Косметика сататын шағын бөлмем бар. Кәсіпкермін десе болады. Өкінішке орай, елдегі экономикалық жағдайдың кесірінен тапқан табысым жалға алу құны мен сатушының еңбегін артылмай жатыр. Осы айда қолыма тек 30 мың алдым. Зейнетақыммен қосқанда 73 мың теңге болды, - дейді Кира.
Кира Ударцева "Мемлекет көмектеспейді де, кедергі де келтірмейді. Оған да шүкір" дейді. Дегенмен, шенеуніктерге айтар өтініші бар.
- Протез жасаушылардың айтуынша, адамға екі-үш протез керек. Гигиена соны талап етеді. Біреуін жуғанда, басқасын кию керек. Шетелдегі мүгедектерде бірнеше протез бар. Біреуін қалада серуендеуге, біреуін тауға шығуға, енді бірін спортзалға киеді. Мен бәріне бір протез киемін. Бір жылға, кейде тіпті екі жылға шыдайтын протез 600 мыңнан бастап миллион теңгеге дейін тұрады. Оған сүйегіңді қажамас үшін силикон шұлық кию керек. Шұлық сапасына қарай 95 мыңнан 186 мыңға дейін тұрады. Иә, мемлекет үш жылда бір тегін протез береді. Екінші жылдың соңында оны ауыстыру керек. Сонда екіншісіне қанша жыл ақша жинауым керек? – дейді ол.
Көп әңгіме айтылмай қалды. Мәселелер, талқылайтын жағдай өте көп. бірақ Кираның жұмысы бастан асады.
- Сұхбат бергенді ұнатпаймын. Сенімен сөйлескен себебім адамдар оқып, диваннан тұрсын, ізгілікті іс жасасын дедім. Сонда әлем жақсара түсер, - деді ол сөз соңында.