Accessibility links

Дағдарыс орталығы үкімет көмегінсіз күн көріп отыр


"Убежище"в Алма-Ате: как кризисный центр для женщин и детей выживает без помощи государства
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:17 0:00

1995 жылдан бері Алматыда жалғызілікті балалы әйелдерге арналған дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Сол кезден бері орталық мамандары үш мыңнан аса адамға көмектескен. Орталыққа коммуналдық қызмет ақысы мен жалақы төлеуге ай сайын екі мың доллар керек, мемлекет ақша бөлмейді, паналау орны волонтерлер жинаған қайырымдылық қаржысына жұмыс істейді.

«Бұл Владик, егіздің кішісі, Владислав. Ал анау Станислав, ол бір минут ерте туған» дейді Алматы тұрғыны Марина Зуева балаларын көрсетіп. «Убежище» паналау орталығы тұрғындарының ішінде камера алдында сөйлеуге Марина ғана келісті. Өзге әйелдер қиын тағдыры жайлы айтып, өткенін қозғап, ыңғайсыз сұрақтарға жауап бергісі келмейді.​

Маринаның жасы 40-та, ол өткен өмірі жайлы әңгімесін «жеңіл жүріске салынып, арақты көп іштім» деп бастады. Туыстары онымен араласпай кеткен, сондықтан кейінгі жылдары Марина шыны ыдыстарды қабылдайтын пунктте жұмыс істеп, сол жерде тұрған.

«Бірде мен қатты ауырып қалып, жедел жәрдем шақыртты» дейді Зуева.

- Олар маған бауырың цирроз деді. Цирроз болса цирроз шығар деп жүре бердім, ішім өсе бастады, бірақ мән бермедім. Бірақ кейін цирроз болса тепкілемес еді ғой деп ойладым. Ақша тауып, УЗИ-ға түсіп едім, аяғың ауыр, 28 апта болған, бұған қоса егіз бала деп қуантты, - дейді ол.

Марина екі ұл босанған, бірақ оларды перзентханадан алып кете алмаған. Біріншіден, құжаттары болмаған, екіншіден, жаңа туған нәрестелермен шыны ыдыс қабылдайтын әлгі жерге бару мүмкін емес болған. Перзентханада оған «Убежище» орталығынан көмек сұрауға кеңес берген. Марина Зуева сол күндерін еске алып:

- Күніме жетпей босанып, екеуі жеті айлық, тіпті кіп-кішкентай болып туды. Біреуі бір жарым, екіншісі бір килограмм 910 грамм салмақпен туды, Туғанына бір ай болса да мұнда әкелген кезде тышқанның баласы сияқты болатын. Бәрі тіпті жандарына жақындаудан қорқатын, - дейді.

«Убежище» - жалғызілікті балалы әйелдерге арналған дағдарыс орталығы. Ол Алматыда 1995 жылдан бері жұмыс істейді. Сол кезден бері «Убежище» мамандары үш мыңнан аса балаға көмектескен, ал жүздеген отбасы жұрт қатарына ілігіп, дұрыс өмір сүре бастаған.

Паналау орталығында онша көп орын жоқ: қыста екі қабатты ғимаратқа ең көбі 50 адам сыяды.

Тамара Ришенің «Убежище» орталығында жұмыс істегеніне 20 жылдан асқан. Бір кездері күйеуі жоқ, кішкентай баласымен оның өзі де қиын жағдайға тап болған. Ол да орталық көмегіне жүгінген. Кейін осында волонтер болып жұмыс істей бастаған, ал қазір ол – орталықтың атқарушы директоры. Бүкіл шаруашылық мойнында, жаңа келгендермен сұхбат өткізеді.

- Егер әйел қиын сәтте жалғыз қалса, бала анасының жанында қалу үшін, біз көбінесе жас босанған әйелдерге көмектесуге тырысамыз. Бұл кезеңде әйел демеу мен ең қарапайым қажеттіліктерін өтеуге зәру болатынын өз басымнан білемін, мен де анамын, - дейді Тамара Рише.

Дағдарыс орталығы ашылғаннан бері мемлекеттік бюджеттен ақша алмаған. «Убежище» қызметкерлері «кедергі келтірмесе болды» дейді. Паналау орны алматылықтардың қайырымдылық ақшасының арқасында күн көреді. Коммуналдық қызмет ақысын, жалақы төлеуге, азық-түлік сатып алуға ай сайын екі мың АҚШ долларын жинау қажет. Бірақ Тамара Рубеновна көмек сұрап келетін бойжеткендердің сұранысы да жыл өткен сайын көбейіп келе жатқанын айтады.

- Жұрттың тұрмысы түзеліп кетті деп ойламаймын. Меніңше, аста-төк өмір сүруге, материалдық заттарға құмарлық адамдарға жан дүниесінде не болып жатқанын саралауға, адамның рухани қасиеттерінің дамуына мүмкіндік бермейді. Мұнда интернет, уай-фай жоқ болғандықтан ғана көмектен бас тартуы мүмкін адамдар бар, - дейді Тамара Рише..

Егіз ұлдарымен паналау орнында төрт айдан бері тұрып жатқан Марина тағы бір жылға қалуды жоспарлайды. Оның құжаттарын қалпына келтіріп берген, егіздерді балабақша кезегіне қойған. Егіз балалардың әкесі ауыр сырқатқа шалдығып, қазір ер адамдарға арналған дағдарыс орталығында тұрып жатыр. Бірақ олар көп ұзамай бір шаңырақ болуды жоспарлап отыр.

«Әлбетте, балаларымның әкесіне тұрмысқа шығамын. Жуырда некемізді тіркетеміз, сосын ол орталықтан шығып, жұмыс істейді» деп армандайды Марина Зуева.

Дағдарыс орталығы басшылығы әлеуметтік желілерде көмек немесе ақша сұрап өте сирек жазады. Біріншіден, «Убежище» жайлы жұрт онсыз да жақсы біледі, бірақ ең бастысы – олар біреуден көмек сұрауға үйренбеген. Бірақ паналау орнына қарайласқысы келетін жандар болса, олар азық-түлік, гигиена құралдарын және балалар тамағын қуана-қуана қабылдайды.

XS
SM
MD
LG