Депутаттың ұлы отырған көлік BMW-ны кім жүргізгені әзірге белгісіз. Жол апаты салдарынан Токобековтің миы шайқалып, жамбас сүйегі сынған, қазір ауруханада емделіп жатыр. Соңғы дерек бойынша, көлікті Токобековтің досы айдаған. Көліктегі үш адам қазір ауруханада жатыр.
Ал екінші көлік Lexus-ты айдаған Нурсултан Бекболотов және үш жолаушының (Нурсултан Данияр Уулу, Бек Бакытбек уулу және Бексултан Кудайбердиев) бәрі көз жұмған. Олардың туыстары полициядан жол апатына кім кінәлі екенін, оқиғаның барысын әділ зерттеуді талап етіп отыр. Қаза тапқандардың туыстары күштік құрылымдар "істі ың-шыңсыз жауып, бар кінәні балаларына артқысы келеді" деп санайды.
"Маған ештеңе керек жоқ, маған тек шындық керек. Камерадан түсірілген видеоны көрсетсін, ол жерде қарапайым адамдар да видео түсірді емес пе? Кінәсі жоқ азаматтарды өлгеннен кейін кінәламасын. Олар мас күйінде болды деп жатыр. Бірақ менің ұлым ешқашан ішімдік ішкен емес, намаз оқыған" деп жылайды жол апатында қаза тапқан жігіттердің бірінің анасы Нурзат Жаныбаева.
Оның айтуынша, жол апатынан зардап шеккендерге "алалап" көмек көрсеткен.
"Неге сол кезде милиция және басқалары әділетсіздік жасады? Не себепті олардың бәрін Бішкектегі ауруханаға әкелген жоқ? Неге депутаттың ұлын ғана астанаға алып келді" деп сұрайды Нурзат Жаныбаева.
Нурзаттың айтуынша, оның 24 жастағы ұлы магистратураны тәмамдап, күзде үйленем деп жүрген. Ол мүгедектігі бар әкесі мен жұмыс істемейтін анасын жалғыз өзі баққан. Шілденің 7-сі күні бір топтағы студенттермен бірге жоғары оқу орнынан диплом алуды жоспарлаған, бірақ ол мақсатына жете алмады. Онымен бір топта оқитын екі досы да шілденің 7-сі күнгі жол апаты кезінде көз жұмды. Нурзаттың ұлы және тағы бір досы Шолпон-Атадағы ауруханада қайтыс болған.
Жол апатына кім кінәлі екенін жол полициясы өкілдері әзірге айтпады. Қаза тапқандардың туыстарының айтуынша, "оқиғаның барысы" соңғы бір-екі күнде бірнеше рет өзгерген.
"Сараптамасыз кімнің кінәлі екенін тіпті алдын ала болжам болсын, айта алмаймыз" деді Шу облысының ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Сталбек Усубакунов.
Оқиғаны түсінуге бақылау камерасына түсірілген видеолар көмектесуі мүмкін. Бірақ бірнеше ақпарат агенттігі бұған дейін тек бір ғана жайтты хабарлады: онда Жогорку Кенеші депутатының ұлы, Бішкек қалалық кеңесінің депутаты Токобековтің жарым түнде достарымен бірге дәмханаға барғаны, одан 4.15-те шыққаны айтылады. Қаза тапқандардың туыстары құқық қорғау органдары бұдан өзге видеожазбаларды өшіріп немесе жасырып отыр деп санайды.
"Ұлым отырған көлікте видеотіркегіш болған. Бірақ милиция ешқандай видеотіркегішті көрмедік деп отыр. BMW көлігіндегі спидометр көрсеткіші сағатына 210 шақырымды көрсетіп, тоқтап қалған. Олар ұлым отырған көлікті 50-60 метрге дейінгі тік жарға сүйреп тастаған" деді қаза тапқандардың бірінің әкесі Бакытбек Малдыбаев.
"Оқиға орнына барып, камералар жайында сұраған кезде ешкім бізге жауап бермеді. Дәмханадан, жанар-жағар май станциясынан сұрадық, бірақ ешкім бізге не видео, не ақпарат берген жоқ. Азанда біреу келіп, айғақтардың бәрін жасырып үлгерген сияқты" дейді ол.
Бішкек қалалық кеңесінің депутаты әзірге Бішкектегі ғылыми-зерттеу институтының травмотология бөлімінде жатыр. Аурухананың бас дәрігері Алмаз Кубатбеков оның жағдайын "орташа ауыр" деп бағалады.
BMV көлігінің иесі депутаттың ұлын қазір туыстары күзетіп жүр. Аурухананың есігі алдында Азаттық тілшісін депутаттың ағасы қарсы алды, бірақ сөйлесуден бас тартты.
"Қазіргі кезде оның жағдайы ауыр, ол сұрақтарға жауап беретіндей халде емес. Жол апаты жайлы ештеңе айта алмайды. Кімнің қайда отырғанын білмеймін. Бір нәрсені ғана білем: көлікті досы айдаған, өзі жолаушы болып жанында отырған" деді ол.
Ал Қырғызстандағы әлеуметтік желі қолданушылары саясатқа жаңадан келген "25 жастағы депутаттың 60 мың долларлық көлікке қалай қол жеткізгеніне" таңданады. Олардың жазуынша, мұндай көліктерді тек 2019 жылдың наурыз айында ғана сата бастаған. Ал Токобековтің туысы асығып тұрғанын айтып, "жол апатын саясиландырмауды" өтінген.
"Настоящее время" сайтының жазуынша, Темирлан Токобековтің президент аппаратында қызмет істейтін кіші інісі - Сооронбай Жээнбековтің күйеу баласы. Токобеков отбасы әзірге қаза тапқандардың туыстары мен өзге жолаушыларға көңіл айтпады.
ПІКІРЛЕР